Судья мінбері | Судебная система

Карантин кезінде медиацияның маңызы артты

Бүгінгі күнде дауларды шешудің балама жүйесі барлық өркениетті елдерде және замануи құқықтық инфрақұрылым құруға ұмтылған барлық мемлекеттерде жүзеге асуда. Әсіресе карантин кезінде медиацияның рөлі арта түсті. Сот мамандары дауласып сот отырыстарын бірнеше айға созғаннан гөрі, келісімге келіп, істі бітіммен шешудің маңызы зор екенін халыққа барынша түсіндірді. Бүгінгі күнде әлемдік тәжірибе көрсеткендей, медиация түрлі жағдайларда ірі бизнес саласындағы даулардан бастап ажырасу, мүлікті бөлу сияқты отбасылық дауларды шешу кезінде кең қолданылады. Халықаралық статистикаға сай медиация арқылы 30-40 % даулар қаралады, осы ретте оның 85 %  бойынша жағымды нәтижеге қол жеткізіледі. Бұл кездейсоқ сан емес, себебі медиация тараптарға тұйыққа тірелген жерден достық, серіктестік қатынастарын сақтай отырырып және өз беделіне нұқсан келтірмей, мейлінше аз қаржылық, мерзімдік шығындармен шығуға мүмкіндік береді.

Медиацияның көптеген артықшылығының бірі ол осы рәсімнің толық құпиялығының сақталуына кепілдік берілуінде, медиатормен жасалған құжаттар және жазбаша материалдар жойылады. Дауласушылар медиацияға жүгінген жағдайда уақыт пен қаржы үнемдеуден бұрын, тараптар арасындағы сыйластық қарым-қатынасты сақтап, арадағы мәселелерді тиімді шешуге мүмкіндік беретінін айтып кеткен жөн. Алғашқы жылдары медиацияны жатсынғанымызбен, қазір бітімгершіліктің мәнін түсініп, бітімге келуге асыққан тараптарды көргенде қуанатынымыз жасырын емес. Елімізде кең көлемде медиация насихатталып, татуластыру бойынша пилоттық жобалар іске қосылғаны белгілі. Мәселен, соттарда медиация кабинеттері, фронт-офистер ашылып, ХҚКО-да,  Қазақстан халқы Ассамблеясында татуластыру орталықтары өз жұмыстарын бастады. Аталған орталықтарда азаматтар медиатор, адвокаттардың қызметіне жүгініп, тіпті ХҚКО-да көрсетілетін қызметтерге де қол жеткізуде. Медиацияның мақсаты – дауды шешу кезінде екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендету. Қазір шыны керек, дау көбейді. Оған бірден бір себеп – меншік түрлерінің мола­юы, нарықтық қатынастардың ор­науы және халықтың құқықтық сау­аты мен талабының артуы. Аза­маттар кез келген ұсақ-түйек дау-шармен сотқа жүгінетін болды. Оларды сотқа жеткізбей медиация арқылы қанағаттандырып отырудың қоғамға да, тараптарға да пайдасы зор.

Ең бастысы, медиатордың бейтараптығы процедураға араласуға жол бермеушілік принциптерімен ерекшеленеді. Бір-біріне талап қоюшы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да медиаторға жүгіну арқылы өзара тиімді мәмілеге келе алады. Қылмыстық істерді қарау аясында тараптар келісімге келгеннен кейін іс сотта бейбіт келісім ретінде мақұлданады. Өкінішке орай, қоғамда «дау тек сот арқылы шешіледі» деген көзқарас қалыптасқан. Түсініспестік туындаса болды, дереу сотқа жүгінеді. Сондықтан карантин кезінде еліміздің Жоғары Соты халықтан барынша істерді сотқа жеткізбей, медиация арқылы шешуді өтінді. Расында да карантин кезінде медиация арқылы шешілетін істердің қатары арта түсті. Енді алдағы уақытта да еліміздегі дауалардың басым бөлігі медиация арқылы шешімін тауып отырса құба құп!

Ұ. Т. Кішібай, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының судьясы

 

Комментарий