Судья мінбері | Судебная система

Мемлекеттік тілдің мәртебесі биік тұруы керек

Жер бетіндегі кез келген халықтың мәңгілік болып қалуы – ұлттық тілінің сақталына байланысты екені сөзсіз. Біздің елімізде де тура 30 жыл бұрын, 22 қыркүйекте 1989 жылы қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып «Тіл туралы» заң қабылданды. Кейін егемендік алған соң 1995 жылғы Ата заңымыздың 7 бабына сай «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» болып айқындалды. 1997 жылы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заң қабылданып, республика аумағындағы тілдердің қолдануының құқықтық негіздері, барлық тілдерге бірдей құрметпен қарау қамтамасыз етіліп, мемлекеттік қазақ тіліміздің мәртебесі белгеленген болатын. Шыны керек мемлекеттік тіл мәртебесін алғанына 30 жылдан астам уақыт өтсе де қазақ тілі қоғамнан толықтай өз орнын ала алмады. Бірақ мемлекеттік тілдің мәртбесін биіктету мақсатында жұмыстар жүріп жатыр. Қазақ тілді мектептер мен балабақшалардың саны артып, қазақ тілінде сөйлейтін мамандардың да қарасы көбейіп келеді. 

Тілдің қоғамдағы орнын айқындау үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, түрлі жұмыстар атқарылды. Еліміздегі тіл саясаты он жыл бойы Тіл­дерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдар­ла­масы негізінде жүргізіліп келді. Бұл тәуелсіз еліміздің белгілі бір тілдік ортасын қалып­тастырып, мемлекеттік тілдің тұғырын бе­кітуге жетерлік уақыт деуге болады. Қазіргі Қазақстан жағдайында азаматтар­дың мемлекеттік тілді үйренуіне барлық жағдай жасалып жатыр. Нұр­сұл­тан Назарбаевтың “Қазақ қа­зақпен қазақша сөйлессін” деуінің астарында алдымен мемлекеттік қызметте үлкен-кішілі лауазым­дар­ды атқаратын қандастарымыздың мемлекеттік тілді меңгерсін деген талабы жатқанын аңғарамыз. Солай десек те Ата Заңмен мемлекеттік мәртебесі бекітілген қазақ тілінің қолданыс аясын толыққанды ке­ңейтетін сұранысты қалыптастыра алмай келеміз. Рас, ұмтылыс бар. Олай дейтініміз, әр өңірде іс-қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілге көшірілді. Алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мен да­мыту мақсатындағы жұмыстар тоқтамауы тиіс. Мемлекеттік қызметте жүрген аза­маттарымыздың мемлекеттік тілді білуі міндеттелуі тиіс. Оларға мем­лекеттік деңгейде қажеттілік бола­тындай талап болуы керек. Осындай сұраныс арқылы ғана тіл мәселесін түбегейлі, толық шеше аламыз. Тіл – қарым-қатынас жасаудың, ойды білдірудің, қоғамдық-тарихи тәжірибені жеткізу мен меңгерудің, жоспарлау мен қолдаудың құралы болғандықтан, адам тіршілігі мен қоғамдық өмірде оған деген қажеттілік болуы керек. Қажеттілік бар жерде ғана оған деген сұраныс болады, талпыныс артады. Осы кезге дейін қоғамда қазақ тіліне деген қажеттіліктің болмауынан, барлық салада негізгі қоғамдық қатынастардағы функцияларды орыс тілі атқарып отырғандықтан, мемлекеттік тіл екінші орынға ығыстырылып, жаппай қолданыстан шеттетіліп келеді.

Қазір қазақ ұлты рес­пуб­ликадағы саны басым ұлтқа айналды. Тек қа­зақтар ғана емес, басқа ұлттардың да қазақ тілін меңгеруге деген ынтасы артуда. Қазір Қазақстандағы қазақ ұлтының үлес салмағы 70%-дан асып отыр. Еліміздегі мектеп оқушыларының 70%-дан астамы қазақ тілінде білім алуда. Жылдан-жылға қазақ мектебінің бірінші сыныбына баратын балалардың саны көбеюде. Сот отырыстарына да қазақ тілінде түсетін арыздардың саны өсуде. Бұл дегеніңіз мемлекеттік тілде өтетін сот отырыстарының саны артып жатыр деген сөз. Сондықтан ендігі жерде қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде айқын басымдық берудің, мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарын жүргізу тілі ретіндегі айрықша мәртебесін Конституцияда бекітіп, арнайы заң қабылдаудың уақыты жеткен секілді. Мемлекеттік тілге қажеттілік туғызатын «Мемлекеттік тіл туралы» жаңа арнайы заң қабылдау бүгінгі уақыт талабы болып отыр.

А.Б.Шортанбаев, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының бас маманы

Комментарий