Судья мінбері | Судебная система

Отбасылық соттың орны бөлек

Елімізде отбасылық сот пилоттық жобасының енгізілуі қоғамымыздағы  ажырасу, отбасы құндылығының төмендеуі, алимент берешегінің көбеюі секілді мәселелердің алдын алуда өзінің тиімді жоба екенін көрсетіп отыр. Әу баста отбасылық сотты енгізудің басты мақсаты отбасы құқығын қорғау, кәмелеттік жасқа толмағандардың ата-анасының келісімінде өмір сүруіне, олардың тұлға ретінде қалыптасуына жәрдем ету болса, бүгінде отбасын сақтап қалу мақсатында бастапқы психологиялық көмек көрсетіп, отбасылық құндылықтарды насихаттап, қажетті іс-шаралар өткізіп, кәмелетке толмағандардың мінез-құлқын түзеу мәселелері бойынша бірлескен әлеуметтік бағдарламалар да әзірленуде.

Алғаш рет отбасылық соттың қызметі Жапонияда 1947-1948 жылдары  қалыптасқан. Жапониядан кейін Франция, Англия, Белгия, Люксенберг пен АҚШ-та енгізілген. Аталмыш елдерде отбасылық соттың әлі күнге жұмыс істеуі оның қоғамымызға қаншалықты қажет екенін байқатады. Біздің елімізде де ерлі-зайыптылардың ажырасуы, алимент өндіруге қатысты істердің көбейе түсуі отбасылық соттың қоғамымызға қажеттілігін айқындай түседі. Отбасылық сот аясында ерлі-зайыптылар ажырасу бойынша арыз-шағым түсірген мезетте, судьялар істі психологтарға жолдайды. Психологтармен жұмыс жүргізілген соң, медиаторлардың алдына барады. Олар бітімгершілікке шақырады. Егер, іс мұнымен тоқтамаса, судья ажырасудың алдын алуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады. Осындай кешенді жүргізілген пилоттық бағдарламаның нәтижесінде бүгінде сотқа жетпей татуласып, шаңырақтары шайқалмай сақталған отбасылар саны арта түскен.

Бүгінде осынау кешенді жобаны жүзеге асыру үшін арнайы судьялар бөлінген. Олар тек отбасылық істермен айналысады. Арнайы медиатор, психолог мамандар тартылған отбасылық сот жобасының игілігін қоғамымыз сезіне түсуде. Осыған дейін ажырасу немесе алимент төлеуді сұрағандарға судьялар тез шешім шығаратын еді. Нәтижесінде қоғамымызда ажырасатындар саны жылдам өсе түсті. Ал пилоттық жоба іске асқалы мамандар отбасылық мәселелерге терең үңіле түсіп, мәселенің шешу жолдарын жан жақты қарастыруда. Нәтижесінде ажырасуға арыз тастағандардың 30 пайызға жуығы, өзара келісімге келіп, іс бітімгершілікпен біткен. Қоғам үшін бұл үлкен жетістік.

Жалпы соңғы жылдары өзге елдерде сәтті жүзеге асып жатқан жобаларды салаға енгізудің нәтижесі жоғары болып отыр. Осы орайда отбасылық сот жобасы да қоғам қажеттілігінен туындап отырған жоба деуге болады. Алдағы уақытта отбасылық сот аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен кешенді бағдарламалардың нәтижесінде отасына қатысты туындаған мәселелердің азая түсетініне сенім мол!

М. Абдрешова, Алматы қаласы Бостандық аудандық №2 сотының бас маманы  

Комментарий