Судья мінбері | Судебная система

Біздің міндет –халыққа адал қызмет

Бүгінде мемлекеттік қызметшінің әдебі мен мінез-құлық мәселесіне айрықша мән беріледі. Себебі, оның имиджі жоғары кәсібилік пен жеке құзыреттерге, моральдық-адамгершілік қасиеттерге және әдептілік мінез-құлыққа тікелей байланысты. Мемлекет мүддесіне қайшы келетін және азаматтардың құқығына залал келтіретін іс-қимылдарға қарсы тұру, заңмен белгіленген шектеулерді сақтау мемлекеттік қызметшіге жүктелген тікелей міндет. Сондықтан, олар халық пен қоғам арасын жалғастырушы алтын көпір саналады. Сапалы қызмет әрбір мемлекеттік қызметшінің парызы десек, бұл тұрғыда президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог-Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты жолдауында «Біз елімізді реформалаудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Осы маңызды міндеттерді сапалы орындауымыз керек. Еліміздің әрбір тұрғыны оң өзгерісті сезінуі тиіс. Мен мемлекеттік органдардан жұмысты жедел атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуді талап етемін» деді.

Елбасының Жарлығымен белгіленген мемлекеттік қызметшілер күні биылғы 23-маусымда жетінші рет аталады. Алаштың көрнекті қайраткері Әлихан Бөкейхановтің «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген даналық сөзін еске алсақ, халыққа сапалы қызмет етуде білім мен білік толықтығы ғана емес, сонымен қатар, адам бойында қарапайым жұртқа деген құрмет пен жанашырлық қасиеттердің болуы басты құндылық. Мемлекеттік қызмет – зор құрмет болғандықтан, мемлекеттің беделін қызметшілердің іс-әрекетінен, жұмысынан бөліп қарауға болмайды. Себебі, сәл ғана қателік немесе қызмет көрсетудегі кемшілік азаматтардың тұтас мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіруі ғажап емес.

Елімізге жақсы таныс қойнауы қазынаға, тарихы шежіреге толы киелі Маңғыстау өңірінің қайта түлеп, экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуында мұнайлы Маңғыстаудың ордасы саналатын Жаңаөзен қаласындағы Жаңаөзен қалалық сотының орны ерекше. Олай дейтініміз, аталған соттың тарихы тереңде «Біздің міндет – халыққа қызмет» демекші, өткенді еске алып, өнегелі істерді жаңғыртып отыру, ұрпақ жадында өшпес із қалдырары хақ.

Тарих – өткеніміз бен бүгініміз, болашағымыз. Мереке қарсаңында сот төрелігін жүзеге асыру жолында аянбай еңбек етіп жатқан мемлекеттік қызметкерлер еңбегі елеусіз қалмауы керек. Жаңаөзен қалалық сотында қазіргі күні 19 маман еңбек етеді. 30 жылдан астам қызмет атқарып, кейінгі жас буынға үлгі болып жүрген мамандарымыз да жетерлік. Атап айтсақ, бас маман, мұрағат меңгерушісі Түрмеш Аймурадова 1997 жылдан, кеңсе бас маманы Шынар Абилхасова 1994 жылдан қызмет атқарып, сол саладан «Сот жүйесінің үздігі», ал, бас маман Роза Дильмакова 1997 жылдан еңбек етіп «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальімен марапатталды.

Мереке қарсаңында қызметкерлер есімін жалпы атасақ, бас мамандар Т.Аймурадова, А.Дильмагамбетова, Р.Дильмакова, Г.Разакова, А.Джумабекова, Г.Утесинова, жетекші мамандар А.Шамурадова, Р.Измагамбетова, сондай-ақ, өз міндеттерін жауапты атқарып жүрген жас

мамандар С.Қарабалаева, А.Ахибаев, А.Сарыева, К.Ғинаятова, Д.Калабаева еңбектерін қалай бағаласақ та жарасады. Олар өз міндеттерін адал атқарумен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Д.Калабаева ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан телеэфирге шықты. Бұған қоса қызметкерлер әр түрлі іс шараларды асқан шеберлікпен ұйымдастырып, спорттық сайыстар, семинар-кеңестер және мерекелік салтанаттар, театралдық қойылымдар өткізіп, қала тұрғындарының ризашылығна ие болуда.

Жаңаөзен қалалық соты барлық уақытта қызметкерлер құрамының кәсібилігімен ерекшеленеді. Және олар сот жүйесінің жаңа белестерге жетуі жолында лайықты қызмет етуде. Бұл өз кезегінде соттардың өздеріне жүктелген конституциялық мәртебесін адал атқаруға кадрлық тұрғыдан да жеткілікті жағдай жасалғанын көрсетеді. «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты» демекші, тірлігі мықты еліміздің сот ұжымын мерейлі мерекемен құттықтап, барша әріптестеріме сәттілік тілеймін.

Танибике Тұныкбаева,

Жаңаөзен қалалық сотының

кеңсе меңгерушісі,

«Сот жүйесінің үздігі»,

«Сот жүйесінің ардагері»

медальдарының иегері

Комментарий