Жер жаннаты - Жетісу

Жанболат ЖӨРГЕНБАЕВ, «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:«МҰҚТАЖ ЖАНДАР МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ»

– Жанболат Әкебайұлы, нұротандықтардың қиналғанды демеп, жабырқағанды жебеп жүргенін көріп отырмыз. Коронавируспен күрес кезінде де сол белсенділік төмендемеді. «Біз біргеміз» акциясының шарапатын көргендер көп болды ма?
– Елімізде төтенше жағдайдың орын алуына байланысты Елбасы, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен акция қолға алынған болатын.  Артынша республикалық «Біргеміз» қоры құрылып, еліміз бойынша әлеуметтік әлсіз топтарға, нақтылай түссем 7 санат бойынша 360 мың отбасына 50 мың теңгеден бір реттік көмек, 240 мың отбасына азық-түлік себеттері таратылды. Елордалық және Алматы қалалық медицина ұйымдарының 2100 қызметкеріне бір реттік қаржылай қолдау көрсетіліп, 5 млн маска Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының тұрғындарына таратылды. «Біргеміз» қорының ұйымдастырушылық, адами
құндылықтарымен ақпараттық сүйемелдеу жұмысына «Nur Otan» партиясы бастамашыл болып, қамқоршылық кеңесіне «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жетекшілік етті. Игі бастаманың танымал компаниялар тарапынан қалай қолдау тауып, миллиондап қаржылай көмек көрсеткені жұртшылыққа мәлім. Ал, «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы «Біз біргеміз»
республикалық акциясы бойынша ағымдағы жылдың 19 наурыз – 6 маусым аралығында «Jas Otan» жастарымен бірлесе «Бақытты отбасы», «Ардагерлерді ардақтайық» және «Кедергісіз келешек» жобалары аясында 23 494 адамға 244, 39 млн теңгеге азық-түлік және жеке гигиеналық заттар, антисептикалық құралдар, медициналық маскалар үлестірді. Сонымен қатар, «Біргеміз» республикалық қоғамдық қорынан: Талдықорған қаласындағы 9912 мұқтаж жанға 495,6 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Бүгінгі күні 3-ші толқын аясында 11 ауданда, 4-ші толқын бойынша 8 ауданда көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалуда. Сонымен қатар, «Біргеміз Жетісу» қоры құрылып, облыс әкімі, облыстық партия филиалының төрағасы Амандық Баталов сол қорға ауқымды қаржының құйылуына қолдау көрсетті. Өңір басшысының ұсынысымен қордың қамқоршылық кеңесінің төрағасы етіп мені сайлады. Қор қаржысына қамқоршылық кеңесі мүшелерімен келісе отырып, карантин аумағында болған Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешені тұрғындарына 3,7 млн теңгеге 380 азық-түлік себеті және Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарына 5,4 млн теңгеге 600 азық-түлік себеті, облысымыздағы қызмет барысында қаза тапқан құқық қорғау органдарының отбасылары мен құқық қорғау органдарының ардагерлеріне 1 млн теңгеге азық-түлік таратылды. Сонымен қатар, 3,8 млн теңгеге Covid-19 коронавирус індетін анықтауға арналған 1900 экспресс тест және Еңбекшіқазақ ауданының көпсалалы ауруханасына 53,2 млн теңге қаржыға жұқпалы ауруларды
анықтауға мүмкіндік беретін заманауи зертхана сатып алып бердік. Карантин аумағындағы Кеген ауданына
10 млн теңге, Талдықорған қаласына 5,8 млн теңге аударылды. Өңір басшысы, облыстық партия филиалының төрағасы Амандық Баталовтың бастамасымен жетісулықтар Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында тосыннан болған төтенше жағдайға байланысты арнайы штаб құрып, зардап шеккен аудан тұрғындарына бірінші ретте 260 тонна, екінші ретте 82 тонна гуманитарлық көмек көрсетті. 19 наурыздан бүгінгі күнге дейін партия филиалдарына «Біз біргеміз» акциясына сәйкес, азық-түлік алу бойынша 8 981
өтініш түсіп, 7 093-і оңды шешілді.
– Қоғамдағы түйткілдерді шешуде қаншалықты белсенді жұмыс істейсіздер? Партияның белді мүшесі болып табылатын аудан, қала әкімдерінің екпіні саябырсып қалған жоқ па?
– Біз саяси және халық партиясы болғандықтан қоғам өміріне белсене араласамыз. Себебі, біздің жұмысымыз тікелей қоғаммен байланысты. Қоғам дегеніміз – халық. Әкімдер белсенділігіне келер болсам, аймақтық және аумақтық деңгейдегі облыс және аудан-қала әкімдері аумақтық партия филиалдарының төрағалары болып табылады. Сол себепті барлық деңгейдегі әкімдердің атқарып жүрген жұмысы партия жобаларына тікелей қатысты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғаммен конструктивті диалог орнатуда біздің партияның алар орны ерекше екенін айтқаны мәлім.
Мемлекеттік мекеме, жалпы бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер мен қоғамдық ұйымдарды тексеруге баратын комиссия құрамында жұмыс жүргізіп келесіз. Бүгінге дейін қандай тексерулер орын алды? Нәтижелері қандай?
– Тексерулер нәтижелері бойынша партиялық бақылау комиссиясы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
қоғамдық кеңесі, отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңесі жұмыс істейді. Алматы облыстық мемлекеттік қызмет істері департаменті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті, құқық қорғау органдары, әділет департаменті, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бойынша облыстық департаменті және басқа да мекемелермен өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылған.
Мысалы, «Құтты мекен» ұлттық жобасы аясында облысымызда өткен жылы нұротандықтардың қатысуымен
68 рейдтік іс-шара ұйымдастырылды. Нысандардың басым бөлігі әлеуметтік проблемалар, ауыз су, жол мәселелеріне қатысты болды. Облыс көлемінде «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында салынып жатқан инфрақұрылымдық нысандардың белгіленген уақыттан кешікпей тапсырылуына, бөлінген қаражаттың мақсатты әрі тиімді жұмсалуына әр тоқсан сайын партиялық бақылау ұйымдастырып, тиісті орындар назарына шара көруі үшін ұсынып, талапқа сай қадағалап отырмыз. Былтырғы жылы «Құтты мекен» жобасы бойынша 39 нысан бақылауда болып, оның 26-сы пайдалануға берілді. 12 нысан 2020
жылға көшірілді. Әр нысанға мониторингтік топ құрылып, сала мамандары, жауапты басшылар, құрылыс мердігерлері, авторлық, жобалық жауапты басшылар шақырылды. Рейдтер барысында жүздеген ұсыныс беріліп, әр ұсынысқа берілген жауап партиялық бақылау комиссияларының отырыстарында сарапталды.
– Негізі Алматы облысы аумағында саяси тұрақтылық сақталғанымен, соңғы жылдары Талдықорған қаласындағы Орталық базар және көп балалы аналардың әлеуметтік проблемалары жиі көтеріледі. Оқиға орнына Сіздердің партияның белсенді мүшесі болып саналатын қала әкімі барғанымен, мәселе жылы жабылып жатыр. Бұған айтар уәжіңіз қандай?
– Бұл мәселе өз шешімін табуда. Талдықорған қаласындағы Гаухар ана көшесімен қиылысатын Ақын Сара
көшесінің бойына саудагерлерге тегін дүңгіршіктер қойып берілді. Рас, бұл дүңгіршектер уақытша тұрады. Себебі, облыс орталығының бас жоспарына сәйкес аталған қаладағы Абай – Гаухар ана көшелерінің қиылысына жабық сауда орнын салу жоспарланған. Бұл жұмыс бойынша бүгінде «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жасалуда. Жер қатынастары комиссиясынан жер телімін беру туралы тиісті шешімі шыққан соң, сауда орнын салу бойынша жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары басталады. Жабайы сауда аталып кеткен көне базар мен оның айналасындағы сауда орнындағы сатушылар барлық талапқа сай жаңа сауда орнына көшірілетін болады. Ал,
телеарналарда билікті даттап айғайға басқан жандардың шағымын заңнама шеңберінде тексергенде бірқатар шикіліктің беті ашылды. Тіпті, сол шағым иелері жеме-жемге келгенде тайқып шығып, арыздарының артын
сиырқұйымшақтандырып жіберді. Бұл факт. Негізі мұқтаждық тауқыметін тартып отырған жандардың тізімі бізде де бар. Ретіне қарай оларға көмек көрсетудеміз. Ал, жұмыссыздықты желеу етіп, оған өзге проблемаларын қосып айтар алдында адам азырақ болса да ойланғаны абзал. Олай дейтінім ел ішіндегі жағдай бізге жақсы таныс. Рас, әлеуметтік жағдайы өте төмен жандар аз емес. Сол адамдарды өзге мақсаттағы жандар алдыға тоспағаны дұрыс. Тағы да қайталап айтамын, мұқтаж жандар мемлекет қамқорлығынан тыс қалмайды.
– Аудан, қала әкімдері мен мәслихаттарының БАҚ-пен байланысы қалай?
– Алматы облыстық партия филиалының «Facebook», «Twitter» «Instagram», «Telegram» әлеуметтік
желілерінде ресми парақшасы бар, сонымен қатар, облыстағы 20 аудан, қалалық партия филиалдарында
атқарылатын жұмыстар облыстық партия филиалында бақылауда тұр. Әлеуметтік желілердегі оқырмандардың саны 80 000-нан асады. Аудан-қала әкімдіктері, мәслихаттары және тағы басқа салалар бойынша мемлекеттік саясатқа сай жұмыс қалыптасқан. Ағымдағы жылы республикалық және жергілікті газеттерде 171 мақала жарияланып, телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирлер және сюжеттер ретіне орай эфирден өтуде. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатудағы ұстанымымыз – саяси сауатты, терең білімді болу керек. Сонда кез келген мәселе даудамайсыз, өзара келісіммен шешіліп отырады. Мұндай сәтте ұлы ойшыл Абай «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» десе, халқымыз «Қайталау – оқу анасы» деп бекер айтпаған. Аудан, қала әкімдіктерімен, мәслихаттарымен бірге партия филиалдарында газеттер тігіндісін сақтау қалыптасқан. Негізі Ата Заңымызда құқықтық мемлекет болып орнығатынымыз анық жазылған. Бұл ретте заңды білу, сыйлау, құрметтеуден тұратын құқықтық мәдениетті дамытқан үстіне дамыта түсуді әркім азаматтық міндетім деп санауы керек. Міне, осы орайда құқықтық басылымдар арасында республикалық «Заң газетінің» алар орны ерекше. Себебі, мемлекеттік саясатты бекем ұстанып, заңнама шеңберінен шықпай халық пен біздің арамызда ашық диалог орнату бүгінгі күннің басты талабы. Демократияны желеу етіп, өзгенің арына, намысына тию бізге жат. Сондықтан, мемлекет мүддесі, ел болашағы үшін төл міндетімізге сай заң шеңберінде әрекет етуде сіздердің басылыммен тығыз байланыс орнататынымызға сенемін. Әлбетте, бірінші кезекте барлық филиалдарымызда газет тігіндісі міндетті түрде тігіледі. Бұл дегеніміз партия мүшелері кез келген уақытта филиалға кіріп қажетті ақпаратын алып тұруына жасалған жағдай. Нәтижесінде біздің жұмысымызды көрсетіп отырған газетке партия мүшелері де жазылып, өз ой-пікірлерін газет арқылы бөлісіп отырады. Бұл міндеттеу емес. Нақтылық
пен ақиқатты дер кезінде елге жеткізу дегі газет мүмкіндігінің мол екендігін нұротандықтардың ойына салу.
– ҰОС ардагерлеріне, Ардақты аналарға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға демеушілер арқылы (бұл қоғамда қалыптасқан тәжірибе) мерзімдік басылымдарға, оның ішінде біздің «Заң газетіне» жаздырып беру мәселесі сіз басқарып отырған «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалында қалай шешілуде?
– Әр аудан – қалалық партия филиалы. Сіз атаған әлеуметтік топтар ұсынысы бойынша жергілікті және республикалық газет-журналдарға жазылуға өз көмегін көрсетеді. Маслихат депутаттары, бастауыш партия ұйым төрағалары да шет қалмай өз септігін тигізетініне сенемін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жариялайтын Жолдаулары, Үндеулері және басқа да жарияланымдары бойынша талдау жасап, әлеуметтік желілерде, газет беттерінде ой-пікірімізбен бөлісіп отырамыз. Сонымен қатар, аудан, қала, шалғай өңірлерді аралап, ақпараттық насихат жұмыстары ұйымдастырылады. Бекітілген спикерлеріміз бар. Енді осынау игілікті сіздердің басылым арқылы оқырмандар назарына ұсынып, талқылап, конструктивті диалог орнатуды ойластырып отырмыз. Сонда саяси аренада өзіндік орны бар партиямыздың беделі беки түсетініне бек сенемін. Әрине, біздің атқарып жүрген жұмысымызды өзге ақпарат құралдары да жарыса жазсын, көрсетсін. Тек ақиқатты айта, жаза білсе болғаны. «Заң газетіне» жыл басында 200-ге жуық оқырман жазылған. Екінші жартыжылдықта да осы межеден түспейміз деп сендіремін. Газетті нұротандықтар мен қарапайым халықты жақындастыра түсетін құрал және
билік пен елдің арасындағы алтын көпір десек болады. Негізі БАҚ жарияланымдары мен көрсетілімдерінің
Алматы облысына қатысты көтерген мәселелерінің барлығы біздің назарымыздан тыс қалмайды. Сараптап тиісті орындар назарына ұсынып отырамыз. Еліміздегі ең беделді партия тарапынан ұсынылған ресми мәселенің уақытында оң шешімін табатынын  халық жақсы біледі.
– Қоғамдық қабылдауды жиі ұйымдастырып тұрасыздар ма?
–2020 жылдың 1 маусымына дейін Алматы облысы бойынша қоғамдық қабылдауға 11 231 өтініш тіркеліп,
8091 (72,1%) өтініш оң шешімін тауып, 3140 өтініш бойынша кеңес берілген. Жыл басынан облыс әкімі және әкімнің орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары мен депутаттардың 1089 қабылдауы өткізіліп, 1644 адам кеңес алған. 573 (35%) адамның мәселесі оң шешіліп, 1071 өтініш бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
– Әңгімеңізге рақмет!
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ
«Заң газеті»
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Комментарий