Қоғам | Общество

«Радикализм» және «экстремизм» ұғымдарындағы айырмашылықтар

Ұлыбританияның заңнамасы мен қоғамдық-саяси ғылымдарындағы «радикализм» және «экстремизм» ұғымдарындағы айырмашылықтар мен ұқсастықтарға талдау жасай отырып, мәселенің астарына үңіліп көруге тырыстық.

«Экстремизм» және «радикализм» ұғымдарын түсіндіруге арналған британдық әлеуметтік-саяси және құқықтық әдебиетке жасалған талдау осы тұжырымдамаларды түсіндіруде және саралауда біркелкі ұстанымның жоқтығын көрсетеді. Сонымен қатар, көптеген ағылшын тілділер үшін «радикализм» және «экстремизм» терминдерінің мағыналары бірдей деп айта аламыз. 2009 жылғы 29 қаңтарда www.discussionworldforum.com веб-сайтында жүргізілген сауалнама статистикасы респонденттердің «экстремизм мен радикализмнің айырмашылығы неде?» деген сұраққа жауап бере алмағандарын анық көрсетеді және респонденттер осы терминдердің синонимдік қолданылуын ұсынды.

Төзімділікті (tolerance) адам санасына басты құндылықтардың бірі ретінде сіңдіретін қоғамның демократиялық даму стратегиясында, сонымен қатар Ұлыбританиядағы экстремизм мен терроризмнің алдын-алу бағдарламаларында, әдетте, «радикализм», «радикал» «қатыгез экстремизм» және «экстремальды» ұғымдары, синоним ретінде қолданылады.

Халықтың көпшілігінде «радикализм» және «экстремизм» ұғымдары эквивалентті болып саналатындығына қарамастан, кейбір саясаттанушылар бұл терминдердің бөлінуін талап етеді. Мысалы, Л. А. Бенко мен В. А. Должников «Радикализм қазіргі Ресей Федерациясындағы ұлттық қауіпсіздіктің ‘қатері’ ретінде» мақаласында батыстық дереккөздерде және көптеген саяси сөздіктерде, мысалы, «Неміс саяси терминдерінің сөздігінде», «радикализм» ұғымы «экстремизм» ұғымынан бөлінгенін көрсетеді. Мақалада авторлар «радикализмді» «белгілі бір саяси көзқарастар жүйесі ретіндегі идеология» деп анықтап, саяси тәжірибенің «төтенше», экстремистік түрлерімен араластыруға болмайды деген тұжырымға келеді .

17-19 ғасырдағы радикализмді саяси құбылыс ретінде қарастырған британдық әдебиеттердің көпшілігі өз заманындағы азаматтық соғыс пен көтерілістерге арналған. «Радикализмді» сипаттайтын көздер терминнің қазіргі кездегі қызметі оның бұрынғы түсіндірмелерінен айтарлықтай өзгеше деп санайды. Бүгінгі радикализм туралы айтқанда, біз түбегейлі саяси өзгерістерді айтамыз. ХVII-ХІХ ғасырларда радикализм тек қана реформалар тұрғысынан қарастырылған, ал қазіргі заманда радикализмнің реформистік және революциялық бағыты туралы айту әдетке айналды.

Ұлыбританияның саяси дискурсында «радикализм» терминінің белсенді қолдануы ХІХ ғасырдың басында басталады, ал қазіргі мағынасына бұл термин ХХ ғасырдың 30-ші жылдарында ие бола бастады. 1930 жылы американдық ғалым Хорас Каллен радикализмді былай сипаттады: «Радикализм – бұл жек көретінді жүйелі түрде жоюға және оны өнер, сенім, ғылым немесе қоғаммен алмастыруға бағытталған, дұрыс, жақсы, әдемі және әділ деп бағаланатын философия және әлеуметтік өзгерту идеясы».

Қазіргі әдебиетте солшыл және оңшыл радикализмді деп бөлу әдетке айналған. «Батыстағы солшыл радикализм анти-капиталистік бағытпен айқын сипатталады. Солшыл радикализмнің алуан түрлерін бөлуге болады: социал-демократиялық, социалистік, коммунистік және анархистік сана-сезім». Мемлекет пен қоғамды құру талпынысында солшыл радикалды қозғалыстар саяси аренада сәтсіз болғанына қарамастан, қазіргі әлемдегі солшыл радикалды идеялардың танымалдылығын жоққа шығаруға болмайды. Мұның дәлелі – Еуропаның бірнеше елінде, соның ішінде Ұлыбританиядағы парламенттік сайлауда солшыл радикалдардың жеңісі.

Радикализмнің тағы бір алуан түрі – қоғамдағы кез-келген өзгерістерге өте қатал реакциялармен сипатталатын оңшыл радикализм. Оңшыл радикализм ««тым» қалыпты консервативті мүдделердің нәтижесіздігі кесірінен консерватизмнің оңға қарай эволюциясы жолымен… сонымен қатар бұқараның әлеуметтік наразылығының эволюциясы нәтижесінде пайда болады. Мұның себебі – қоғамның әртүрлі топтарының мүдделеріне нұқсан келтірудің жүйелі практикасы, олардың санасында үстемдік етілген бұйрықтардың әділетсіздігі және оларды өзгерту ниеті сезімін ояту»[4]. Оңшыл радикализмнің түрлері – фашизм, нәсілшілдік және жалған солшыл экстремизм.

Ұлыбританияның тарихи және саяси дамуының қазіргі кезеңінде «радикалды» және «радикализм» терминдері солшыл немесе оңшыл радикалды партиялардың көзқарастарын бейнелейді, тұрақсыздықты тудыратын және әлеуметтік қақтығыстарды шешудің оңтайлы жолдарын ұсынбайтын ішкі наразылықты бұзатын наразылық құбылыстарының көрінісі. Қаралып жатқан «радикализм» және «экстремизм» ұғымдарының шатасуына себеп болған дәл осындай құбылыстарға қоғамның өте теріс негативті, жақтырмау қатынасы болған шығар.

Интернеттегі саяси терминдердің сөздігіне сай, «экстремизм» термині «экстремизмнің жай-күйі немесе бар болуы», «төтенше көзқарастар мен әрекеттерге үгіт-насихат немесе құлшыныс» (лат. exrtemus, гректің eschatos сөзінен ауысып келген  – экстремалды мағынаны білдіреді). Әдетте, «әсіресе саясатта» деген сөздер қосылады. Терминді бірінші рет қолданысқа енгізген ежелгі грек философы Аристотель (б.д.д. 384 – 322 жылдары өмір сүрген). Ол кездегі мағынасы «кез келген өлшеу нүктесіне немесе бастапқы нүктеге қатысты ең алыс позицияны сипаттау үшін» қажет болған, мысалы, extremitas mundi «әлемнің шекарасы» немесе «әлемнің шегі» деген мағынаны білдірген екен.

Термин XIX ғасырда Англияда «мемлекет теориясы туралы әңгімелерде кең таралуында» жаңа мазмұнға тола бастады. Дегенімен саяси дискурсте сирек қолданылды. 1945 жылдан кейін «экстремизм» сөзімен саяси спектрдегі төтенше солшыл немесе оңшыл позицияны алып отырған диктаторлық формаларды белгілей бастады. Осы кезде «радикализм» — «экстремизм» терминдерді теңестіру және ажыратпау басталды.

Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының «Еуропадағы экстремистік партиялар мен қозғалыстардың демократияға төндіретін қауіпі туралы» 29.09.2003 жылғы № 1344 резолюциясына сәйкес, экстремизм «парламенттік демократия принциптерін анық немесе біртіндеп теріске шығаратын және төзбеушіліктің, жатсынудың, ксенофобияның, антисемизмнің және ұлтшылдық идеологиясы мен практикасына негізделген саяси белсенділік формасы болып табылады.»

 

 

Комментарий