Без рубрикиҚоғам | Общество

БІЛІМ САПАСЫ КӨТЕРІЛМЕЙ, САУАТТЫ МАМАН ТАПШЫЛЫҒЫ АЗАЙМАЙДЫ

ЕЛДЕГІ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ДЕҢГЕЙІНЕ НЕГЕ КӨПШІЛІКТІҢ КӨҢІЛІ ТОЛМАЙДЫ? БҰЛ ЖАҒДАЙ ЖӘНЕ ТЕК БҮГІН ҒАНА ЕМЕС, КӨПТЕН БЕРІ ӘБДЕН АЙТЫЛА-АЙТЫЛА ҚҰЛАҚҚА СІҢІСТІ БОЛЫП, ЖАЗЫЛА-ЖАЗЫЛА КӨЗГЕ ДЕ ҮЙРЕНШІКТІ НӘРСЕГЕ АЙНАЛДЫ.

Мемлекеттік грантпен білім алған жоғары оқу орындарының түлектері де қай салада болса да барлық уақытта бірдей жұмыс берушінің көңілінен шығып жатқан жоқ. Сондықтан, «дипломды жұмыссыздар» қатарын толықтырып немесе өз мамандығы бойынша емес, мүлде басқа салада қызмет етіп жүргендер қатары жыл өткен сайын артпаса кемімеуде. Тіпті
арасында бір емес бірнеше диплом иелері де бар. Сарапшылардың пікіріне көз жүгіртсек, мұның бәрі білім беру жүйесін сынақ алаңына айналдырған «реформатор» министрлердің
жауапсыздығынан басталған. Көзсіз құмарлықтың нәтижесінде халықаралық, шетелдік тәжірибе деген сылтаумен терең зерттеу мен жан-жақты талдаусыз салаға әркім өзінше өзгеріс енгізуге тырысып, аяғында ешкім ештеңеге жауап бермейтін жағдайға жеттік.
Елбасының «экономика ғылымға арқа сүйемейінше, бәсекеге қабілетті бола алмайды», «білікті білім таусылған жерден елес пен қиял басталады» дегені біздің өміріміздің шынайы көрінісіне айналды. Биыл коронавирус індеті тарамағанда, кеңестік дәуірде бір одақта болған көршілердің бәрін орта жолда қалдырдық деген мақтан мен мадаққа алданып, тағы да жүре берер ме едік, кім білсін? «Өлім байдың малын шашады, кедейдің артын ашады» дегендей, 2 айлық төтенше жағдай бәрін орын-орнына қойып, тәубемізге келтірді. Сол себепті төтенше жағдайдан кейінгі тірлігіміз қандай болады, өмір сүру салтымызда қандай өзгерістер болады деген мәселе күн тәртібінде бірінші орынға шығатынына ешкім күмәнданған жоқ. Алдымен мемлекет басшысының 27 сәуірдегі мәлімдемесінде айтылған Үкімет пен Ұлттық банкке жүктелген Экономикалық дамуды қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар мақұлданды. «Онда дағдарыстан зардап шеккен салаларға қолдау көрсету шаралары қамтылады. Бүгінде еліміз дамудың жаңа деңгейіне қадам басып отыр. Шын мәнінде, біз енді мүлде жаңа жағдайда өмір сүретін боламыз. Сондықтан, экономикаға және мемлекеттік басқару жүйесіне ауқымды әрі маңызды өзгерістер қажет» деген сөздері әлі де өз маңызын жойған жоқ. Алайда, Білім және ғылым министрлігі жариялаған мәліметке қарағанда, білім алуға бөлінген мемлекеттік грант көлемінде биыл да айтарлықтай өзгеріс болмайтын сияқты. Жоғары оқу орындары жұртшылық арасындағы өзінің абыройы мен беделіне қарай тағы да бірнеше жүз мың адамды студент қатарына қабылдап, өздерінің қалыпты өмірін әрі қарай жалғастыруға қам жасауда. Үлкен өзгеріске тек Білім және ғылым министрлігі ғана емес, үкімет те әзірше дайын еместігі байқалып қалды. Білім-ғылым саласындағы сан мен сапаның
арасындағы айырмашылыққа тағы да ешкім бас ауыртқысы келмей отыр. Жатақхана мәселесі ғана емес, бітірген түлектердің жұмыспен қамтылуы да шешімін таппаған күйінде қалды. Осыған қарамастан, мемлекеттік гранттың кімге, қандай тәртіппен бөлінетіні де үйреншікті жолмен жүзеге асатыны мәлімделе бастады. Мәселен, 2019–2020 оқу жылына 53 785 грант бөлініп, білім грантын беру конкурсына 64 452 адам қатысып, 1 грантқа орташа есеппен 1,29 адамнан келген еді. Бұл жағдай биыл тағы да қайталануы әбден мүмкін. Бюджет қаржысының қаншалықты тиімді пайдаланылып жатқанына ешкім, ешқандай сараптама жасап отырмағаны тағы аңғарылып қалды. Бұған қарап білім грантын бір жыл азайтсақ не
болар еді деген ой да еріксіз қылаң беруде. Тіпті одан ұтпасақ, ұтылмауымыз да мүмкін ғой. Біріншіден, еліміздегі жағдайы ала-құла 125 жоғары оқу орны ықшамдалып, ірілене түсуіне
жол ашылар еді. Екіншіден, мемлекеттік білім гранты азаятын болса, ақылы бөлімге құжат тапсыратындар арасындағы конкурс та күшейетіні күмәнсіз.
Сондай-ақ, соңғы жылдары көптеген оқу орындары үшін табыс көзіне айналған шетелдік талапкерлерге қойылатын талап та еріксіз қатайтылады. Мәселен, статистикалық деректерге сүйенетін болсақ, шетелдік студенттер саны 2017 жылы – 13 898, 2018 жылы – 21 727, 2019 жылы – 39 558 болды. Бұл жоғары оқу орындарындағы студенттердің 2017 жылы – 2,8; 2018 жылы – 4; 2019 жылы – 6,5 пайызын құрады. Алайда кейбір жоғары оқу орындары білімді емес, жеке бас пайдасын көздеп, шетелдік студенттердің оқу ақысын өзіне аудартып
алғанымен, түрлі әуре-сарсаңға салып, біржақты түрде оқудан шығара салуды әдетке айналдырған. Ал, мұндай жағдайдан зардап шегушілер шетелдік студенттердің басым бөлігін құрайтын өзбекстандықтар болып отыр. Шетелдегі қазақ диаспорасы ең көп шоғырланған Өзбекстандағы республикалық қазақ мәдени орталығы төрағасының білім және жастар ісі жөніндегі орынбасары Клара Садырбаеваның айтуынша, шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне бөлінетін мемлекеттік білім грантына ие болу да олар үшін қиын. Біріншіден, құжат қабылдау ерте басталып, ерте аяқталады.
Онда колледж түлектеріне диплом тапсыру басталған кезде, мұнда құжат қабылдау рәсімі аяқталатыны министрліктегі жауапты адамдарға жылда айтылғанымен, одан ешқандай
нәтиже болмай отыр. Мысалы, биыл да Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ және шетелдегі оқу орнын бітірген адамдар үшін ҰБТ-ға құжаттарды қабылдау рәсімі 15 мамырда аяқталды. Яғни колледжді енді аяқтап жатқан оқушылар бұл мүмкіндіктен айырылды. Екінші, ақылы бөлімге құжатын қабылдап, оқу ақысын алдын ала аудартып алғанымен, оларды әуре-сарсаңға түсіретін кейбір оқу орындарының заңсыз іс-әрекеттерін әшкерелеу өте қиын. Тіпті, ұлттық оқу орындарының бірі шетелдіктердің өзіне тапсырылған құжаты мен ақшасын Ресейдің жекеменшік жоғары оқу орнына сырттай аударып жіберіп, мәселенің мән-жайын білуге келгендерге «ақшаларыңды қайтарып алғыларың келсе, Ресейге барыңдар» деген жағдай да тіркелген. Әрине, халықаралық деңгейде ұйымдастырылған мұндай топтардың алдауына түсіп, опық жеп қалғандардың өз құқын қорғап, заң алдында кінәлілерді жауапқа тартуға мүмкіндігі шектеулі. Бұл үшін уақыт ғана емес, ары-бері жүріп тұруы үшін біршама қаражат керек. Сондықтан, мұның бәрін алдын ала ойластырып, өз ісіне жанжақты дайындалған білім беру ісінің «іскер қайраткерлері» оқу орнының ғана емес, елдің де атына кір келтіріп жүр. Енді бұл мәселеден құзырлы органдар да хабардар болып, арнайы тексеру жұмысы басталған. Бұл жағдайдың өзі білім беру ісінде көлеңкелі бизнес барын және ол жақын арада жойылмайтынын аңғартып отыр.

Әбдірәсіл ЖӘРМЕНОВ, ҚР Минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының бас директоры, ҚР ҰҒА академигі, техника ғылымының докторы, білім, техника және ғылым саласындағы ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты:
– Қазір бізде мектепте де, жоғары оқу орнында да ешқандай білім жоқ. Бәрі дипломды сатып алады десем, ұяттау болар. Бірақ, бізге жұмысқа орналасу үшін келгендердің арасында білімі бар бір де бір баланы әлі көрген жоқпын. Мысалы, институтты химия бағыты бойынша бітірген жас мамандар кейде күкірт қышқылының формуласын жаза алмайды. Сондықтан олардың бәрін өзіміз қайтадан дайындаймыз. Тәуелсіздік жылдары біз мектептің білімін де жоғалттық, жоғары оқу орнының білімін де жоғалттық. Ал оны қалай қалпына келтіру керек десеңіз, не істеу керектігін мен емес, сол саланың мамандары ойлану керек. Өйткені, олар соған жауапты уәкілетті органда жұмыс жасайды.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий