Құқық | Право

ОН СЕГІЗ ЖЫЛДА ОН ТӨРТ РЕТ ӨЗГЕРГЕН ЗАҢ

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы бес жылдықта қабылданған конституциялық заңдардың бірі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заң. 1995 жылдың қыркүйек айында күшіне енген бұл заңға соңғы 18 жылда 14 рет өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, 800-ге жуық түрлі түзетулер жасалыпты. Осы орайда, жылдар бойы сан мәрте сүзгіден өткен сайлау туралы заңымызға қашан және қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін еске түсірейік. Жалпы аталған заңнамадағы басты өзгерістер 2004, 2007, 2009 жылдарды қамтиды.

2004 жыл: Бұл жылы баламасыз сайлау, алдын ала дауыс беру алынып тасталып, сайлау комиссияларын жасақтаудың жаңа тәртібі енгізілді. Сондай-ақ, сайлаушылардың тізімін құру қағидаты өзгеріп, сайлаушыларды тізімдеу тұрғылықты жері бойынша жүзеге асатын болды. Яғни, сайлаушылар өзінің сайлау құқығын тұрақты тіркеудегі мекенжайына бармай-ақ жүзеге асыра алатын болды. Ал, кандидаттардың барлығына тең дәрежеде БАҚ арқылы үгіт-насихат жүргізуге заңмен кепілдіктер берілді. Отандық және халықаралық байқаушылардың құқықтары едәуір кеңейді.
2007 жыл: Дәлірек айтқанда, осы жылдың мамырында Ата Заңға енгізілген толықтыруларға байланысты ҚР «Сайлау туралы» заңы тағы жаңарып, Парламент Мәжілісін қалыптастырудың жаңа тәртібі белгіленді. Сондай-ақ, саяси партиялардың сайлау комиссияларының жұмысына қатысу мүмкіндігі артты.
2009 жыл: Бұл жылы енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – Парламент Мәжілісін, екінші партия заңда белгіленген 7 пайыздық кедергіні еңсермеген жағдайда да, кемінде екі саяси партияның қатысуымен құруға мүмкіндік беретін құқықтық тетіктің енгізілуімен байланысты болды. Аталған тетіктің енгізілуіне 2007 жылы өткізілген Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда дауыс беру нәтижелері бойынша қалған барлық партиялар заңда белгіленген 7 пайыздық кедергіні еңсермегендіктен, барлық мандаттар бір партияға тиесілі болғандығы септігін тигізген еді. Бұдан басқа сайлау алдындағы үгітті жүргізу тәртібін регламенттейтін және кандидаттар мен саяси партияларға бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімділіктің тең шарттарын қамтамасыз ететін баптарға өзгерістер енгізілді. Жергілікті өкілді органдардың (мәслихаттардың) шығып қалған депутаттарының орнына қайта сайлаудың бірыңғай күні белгіленді.
2011 жыл: Яғни, осыдан сегіз жыл бұрын енгізілген толықтыруларға сай, елімізде кезектен тыс Президент сайлауын тағайындау мен өткізу тәртіптері қалыптасты. Соның ішінде, толықтырулар кезектен тыс президент сайлауын Президент тағайындайтынын бекітті. Әрі сол бекітілген күннен бастап екі ай мерзімде кезектен тыс Президент сайлауы белгіленген ережелерге сәйкес өткізілетіні, ал кезектен тыс Президент сайлауынан кейінгі Президенттің кезекті сайлауы бес жылдан кейін жарияланатыны анықталды. Осы ретте сайлау іс шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы анықтайтын болды.
2013 жыл: Бұл жолы толықтырулар Парламент Сенаты мен Мәжілісінің кезектен тыс сайланған депутаттарының өкілеттіктерінің конституциялық мерзімін есептеуге қатысты енгізілді. Еске түсірсек, еліміз егемендік алған жылдан бері Қазақстанда ел азаматтары екі мәрте референдумдық науқанға, алты мәрте президентті сайлау науқанына, бес рет Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау науқанына қатысыпты. Сонымен қатар, 2009 жылдан бастап сайлаушылар жылына екі рет мәслихаттан шығып қалған депутаттар орнына жаңасын сайлауға қатысады. Қазақстан азаматтарының сайлау және сайлану құқығы: Бұл ҚР Конституциясының 33-бабында қарастырылған. Яғни, аталған бапта: «он сегiз жасқа жеткен азаматтардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ, республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді» деп көрсетілген. Алайда, сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ, сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ. Әлбетте, Ата Заңымыздың және ҚР «Сайлау туралы» заңының ережелеріне сәйкес, Президентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілетті органдар депутаттарын, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы жергілікті органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi. Қазақстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге сайланады. Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл тұратын республика азаматы сайлануға құқылы.
К.ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий