Қоғам | Общество

ҚОҒАМДАҒЫ ХАУС АРТ-қа АЙНАЛҒАНДА

КИНОДА РЕЖИССЕРДІҢ ЕРКІНДІГІ, ІШКІ ТӘУЕЛСІЗДІГІ МАҢЫЗДЫ. «ХОЗЯЕВАДА» ОСЫ ЕРКІНДІК БІРДЕН КӨЗГЕ ҰРАДЫ. ТІПТІ МҰНДА РЕЖИССЕР КҮРЕСІНГЕ ТАСТАЛҒАН БАЛА ТАҒДЫРЛАРЫНА ДА АРА ТҮСПЕЙДІ, ҚИЯНАТШЫЛ, АЯР ҚОҒАМНЫҢ АҚИҚАТЫН КӨРЕРМЕНІМЕН БІРГЕ «ТАМАШАЛАЙДЫ». ӨЗ ТУЫНДЫСЫНА ӨЗІ АЛЫСТАН ҚАРАЙДЫ.

Фильмді әртүрлі көзқарастар ортасына тастай сап сырттай сүйіну мен күйіну деген осы шығар. «Хозяеваны»
ә дегеннен түсіну қиын. Мұнда анасы өмірден қайтқан соң ауру қарындасына қамқор болуға келген екі ағайындының, септесіп өмір сүрмекке бел буған үш қорғансыздың күні суреттеледі, олар кездесетін қиянат, жергілікті биліктің, заң органдары өкілдерінің әділетсіздігі әдемі беріледі. Кейде біз «тіл жетпегенге ой жетіпті, сөзді сурет дәл бейнелепті» деп карикатураға сүйінеміз. Режиссер Әділхан Ержановтың «Хозяева» фильмінен сол көңіл-күйді көресіз. Немесе бұл жерде режиссермен қатар отырып алып «бұл не масқара? Бұл – біз емес, біздің қоғам басқа, фильмнің несі көркем?!» дей беруге де болады. Бірақ, екі күннің шаруасын екі айға создырып, күнді аптаға, аптаны айға ұзатып, құзырлы орындардың есігін тоздырып жүрген өзіңнің талай таныс та бейтаныс адамыңның бейнесін көргенде, біздің қоғамдағы хаустың қалай АРТ-қа айналғанын түсінгендей боласың.


«Хозяеваны» көруге кеткен екі сағатқа әуелде ішім ашыды. Өйткені, бұл фильм менің түсінігімдегі киноның басталу, өрбу, даму, шарықтау, ой қорыту тәртібін бұзды. Бірақ, осындай трагедиялы тақырыптардың комедия стилінде сөйлеуі киноны жалған мораль мен жалаң пафостан құтқарыпты. Шарасыз қоғам не істейді? Өз қасіретіне өзі күлуді үйренеді. Бұл ессіз күлкінің «черная комедия», яғни трагедия синониміне айналуы қалыптан шыққысы келмейтін кейбір адамға жақпағанымен, көп көрерменге өтімді. Себебі, кинодан да әркім өзін, өзінің ортасын, жақынын, бауырын, баласын іздейді және тауып та алады. Кейіпкермен тағдырлас болу біреуміз үшін намыс, енді біреуміз үшін өгей ортада тұншыққан өз үніміз. Айналадағы абсурдты бізге басқаша қалай жеткізуге болар еді? «Тасты жапалаққа ұрсаң да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледі». Осы тұрғыда режиссер миссиясы орындалыпты. Көрерменнің жанын түршіктіретін жаңа бір дүние ұсыныпты.
Белгілі кинорежиссер Ким Ки Дуктың Қазақстандағы «Еуразия» кинофестиваліндегі журналистермен кездесуінде: «Ертеректе «Қолтырауын», «Арал», «Мекенжайы белгісіз» фильмдерім шыққанда менен «Сіздің моральдық наным-сеніміңіз бар ма?» деп сұрағандар болды, өз моральдық өлшемім болса да, «жоқ» деп жауап бердім. Өйткені мен корей қоғамының көлеңкелі де жағымсыз жақтарын көрсетуден қорықпаймын.
Басыма келген идеяны киноға айналдырамын. Менде арнайы бір догмаға сүйенген технология немесе ерекше бір индустрия жоқ, бұл менің жүрегім. Менің ішкі көруім. Мақсатым жүректегіні жүрекке жеткізу ғана. Менің моралім осы» дегені бар-ды. Жүрекке жол табудағы ізденістер әр суреткердің өз еншісіндегі, өз меншігіндегі шаруа, десек те, өнер тазалықты, тәуелсіздікті, биіктікті аңсайды. Бұл тұрғыда Әділхан Ержановтың «Хозяевасы» маған айналаның диагнозын тап басқан тамыршыдай көрінді.

«Тұлғалық өсу тренингі»
(«Тренинг личностного роста»)
Ким Ки Дуктен жоғары баға алған фильмдердің бірі – режиссер Фархад Шәріповтің «Тұлғалық өсу тренингі». Бұл фильмді киносыншылар бір бәйгеде «үздік сценарий» деп бағалапты. Фильмнен адамның адам боп қалуы үшін де ерік-жігер мен мінез керек екенін көрсеткісі келетін ізденістер байқалады, бірақ киноның бүкіл желісі ондағы кейіпкерлері секілді монотонды, бірқалыпты сүрлеуден шыға алмапты.
Екі образ, екі түрлі мінез-құлық иесін көрсету үшін Дулыға Ақмолда мен Ержан Түсіпов таңдалыпты. Бірақ, сүреңсіз тірліктің сүрлеуімен кететін Қанат секілді көңілсіз кейіпкерге драмалық бейнелерді сомдаудың шебері Дулығаны қию қиын. Сценарийдің әлсіздігі актерларға өз биігінен, өз мүмкіндігінен жоғары талап қоя алмағанынан көрінеді. Ержан Түсіпов те кинода қиянатшыл, әділетсіз немесе жағымпаз, мансапқұмар адамның бейнесін ашудың шебері. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін бұндай өнері осы фильмде Түсіповке киносыншылардың ұйғаруымен «Үздік ер адам бейнесі» марапатын бұйыртыпты. Алайда, фильмде осы екі кейіпкерден басқа есіңде қалатын эпизод жоқ. Тіпті ішкі ар-ұятынан аса алмай жоғалып кеткен қызды өз бетінше іздеп, әуреленетін Қанат та, оған қызмет ұсынып, бүгінгі қоғамдағы тамыр-таныстықты өзінің шебер ойынымен беретін Даник те (Данияр), тіпті жезөкшелікпен айналысатын екі қыздың өмірі де, есінен алжаса бастаған ана, перзентін жоғалтқан әке трагедиясы да біртүрлі әлсіз, сенімсіз шығады. Мыңдардың
басын айналдырып, тұлғалық наным-сенімін арттырып, көшбасшы жасап жіберетін актер-тренердің де
шеберлігі шарықтай алмаған. Кейбір пікір иелері «Оскардың» жүлделі фильмдері «әлеуметтік тақырыптарға ғана беріліп кетті» деп сынап жүр. Киноның үгіт-насихатшыл, науқаншыл болғанынан гөрі әділетсіздікті
әшкерелеуші, тәуелсіз, осындай сипаттарды көркем шығармаға айналдырушы болғаны дұрыс та шығар. Қазір біздің кино да осы тақырыптарды алға шығара бастады. Енді суреткер шеберлігі тақырыппен таласқа түссе, көрермен мықтыларды өзі іріктейді.
Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий