Саясат | Политика

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР ОРТАҚ МҮДДЕ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСПАҚ

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ ЛӘЗЗАТ РАМАЗАНОВА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАР МЕН ҚАРЖЫ ИНСТИТУТТАРЫНА ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ ЖАНЫНДАҒЫ ЖАҢАРТЫЛҒАН САРАПТАМАЛЫҚ ТОПТЫҢ ҚҰРАМЫНА КІРУДІ ҰСЫНДЫ.

«Біз Қазақстанда қатысып отырған және іс жүзінде гендерлік компонентті іске асыратын халықаралық ұйымдар мен даму институттарының күш-жігерін шоғырландыруға ниеттіміз. Қазіргі уақытта Ұлттық комиссия Сараптамалық топты жаңартуға кірісті. Осыған байланысты біз сіздерді оның жұмысына белсенді қатысуға
шақырамыз. Қиын экономикалық жағдайда бұл тиімді шараларды бірлесіп жүзеге асырудың бірегей мүмкіндігі», – деген еді Ләззат Рамазанова жуырда аталмыш ұйымдардың жетекшілерімен өткен онлайн жүздесуде. Оның айтуынша, сараптамалық топ отбасы саясаты, гендерлік саясат және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағыттары бойынша жұмыс істейді. Бұл ретте, жүйелі шаралар республикалық деңгейде, ал жобалық шаралар өңірлер арасында үздік тәжірибенің таралуын қамтамасыз ете отырып, облыстық деңгейде іске асырылмақшы екен. Жақын арада халықаралық және донорлық ұйымдар қатысатын жобалардың бірыңғай базасы құрылмақ. Сондай-ақ, Ләззат Рамазанова БҰҰ-ның әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінің ұсынымдарына негізделген Ұлттық комиссияның жоспарларына назар аударта келіп, «егер сіз осы бағыттардағы күш-жігерімізді қолдап, жоспарларымызды осы жылдан бастап жұмыс бағдарламаларына енгізсеңіз, барлық халықаралық ұйымдарға ризашылығымызды білдіреміз.
Біз әрқайсысымен өзара іс-қимыл және өзара тиімді барынша қолдау көрсету жолдарын талқылауға дайынбыз», – деген еді. Қазақстанның осындай әріптестікке ерекше ынта танытуы құптарлық әрі қажетті шешім. Өйткені, Біріккен ұлттар Ұйымы даму бағдарламасы (ПРООН)жүргізген талдау елімізде гендерлік
теңсіздікті қысқарту барысында қабылданған шараларға қарамастан, әйелдердің кәсіби және жеке өмірінде теңдікке жетуінде көрінбейтін кедергілердің бар екеніне көз жеткізді. Адам дамуы туралы жасалған соңғы баяндамаға сүйенсек, гендерлік теңсіздік білім мен денсаулық сақтау саласында ғана біршама қысқарған.
Ал, саясатта әлі де болса «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген ұғымнан арыла алмай отырғандай. Бұған мына көрсеткіштер айғақ бола алады. Мәселен, Парламент депутаттары арасындағы әйелдердің үлесі 21,9 пайызды құраса, саяси мемлекеттік қызметтердегі әйелдерге тиетін енші 11,7 пайыздан аспай отыр. Мұның
сыртында еңбекақы төлеуде де ер-азаматтармен салыстырғанда елеулі айырмашылық бар. Бүгінде оның деңгейі 34,2 пайызға тең екен. Мұның сыртында Қазақстандағы әйелдердің үй тірлігіне байлануы ерлерге қарағанда екі есе көп. Қаншама білімді, білікті қызкеліншектердің көрінбейтін кедергілер салдарынан қоғамда өзіне лайықты орын таппауы дамудағы теңгерімсіздікке алып келетінін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл жағдай көптеген әлеуметтік мәселелердің оң шешіміне кері ықпал етіп отырғанына күмән жоқ. Жалпы, ерлерді әйелдерден жоғары бағалап, көптеген игіліктерде артықшылық беру біздің елге тән ғана үрдіс емес. Әлемнің
бірқатар елдерінде, тіпті, әйелдердің өз арасында саяси көшбасшылықта ерлер нәзік жандылардан әлдеқайда қабілетті деп санайтындар көп көрінеді. Олар сонымен қатар ерлер бизнесті әйелдерден артық басқарады және жұмыс орындары тапшы жағдайында ерлерге артықшылық берілуі тиіс деген пікірде. Бұл
аздай еркектер өз әйелін ұрыпсоғуға құқылы деп білетіндер де баршылық екен. Осындай көзқарастар гендерлік теңдік мәселесінде әлі зерделеп, талқылайтын, ауқымды сындарлы диалог арқасында тиімді шешімге келуді қажет ететін мәселенің көптігін көрсетеді. Осы ретте Қазақстанның ұстанымы Біріккен ұлттар
ұйымының даму бағдарламасының (ПРООН) мәлімдемесімен үндес. Өйткені, әлемдік деңгейдегі мәртебелі ұйым барлық ел үкіметтері мен тиісті мекемелерді адам құқын шектейтін көзқарастарды өзгертудің жаңа шараларын қабылдауға шақырып отыр. Бұл ретте оның тарапынан гендерлік теңдікті орнықтыруға   ынталандыру тетіктерін жасап іске қосу жөнінде нақты ұсыныстар айтылуда. Соның бірі – ерлер бала  күтімі бойынша міндетті бөлісуге пейілді болу үшін, олар жұмыспен көп қамтылған экономиканың секторына әйелдерді көптеп тарту үшін салықтық жеңілдіктердің іске қосылуы. Бұл ретте аталмыш ұсыныс заманның өзі алға тартып отырған дәйекті талабы демеске шара жоқ.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА.
«Заң газеті»

Комментарий