Аптадағы сұхбат | Интервью неделиЕлең еткізер | Актуально

АЙДОС САДУАҚАСОВ, Жоғарғы Соттың баспасөз хатшысы:«Азаматтардың алғысы – судьялар үшін ең үлкен марапат»

– Айдос Қартаңбайұлы, Жоғарғы Сот қоғаммен байланысқа, ашықтыққа зор мән беріп келеді. Көптеген мемлекеттік органдар мұндай үрдіске енді ғана көшуде. Тым ашықтық жұмыстарыңызға кедергі келтірмей ме?
– Ежелгі Рим ойшылы Цицерон айтқандай, әділдіктің екі алғышарты бар: ешкімге зияныңды тигізбеу және қоғамға пайда әкелу. Өкінішке орай, біздің қоғамда біреуге зиянын тигізетіндердің қатары азаймай отыр. Бұған соттарда қаралып жатқан миллиондаған істер дәлел. Олардың басым бөлігі – азаматтық даулар. Бірі – мүлігінен, ақшасынан, баспанасынан, енді бірі – жұмысынан, бизнесінен, отбасынан айырылғандар. «Аңқау елге – арамза молда» демекші, соңғы жылдары алаяқтық, жемқорлық, ұйымдасқан қылмыс қақпанына түскен адамдар қатары артуда. Мұндай жағымсыз оқиғалардың көбеюіне азаматтардың заңды білмеуі түрткі болуда. Кей адамдар жұмысқа тұрарда еңбек шартын сұрамайды. Несие алғанда банк талаптарымен егжей-тегжейлі таныспайды. Қарыз берерде – қолхат, сауда жасағанда түбіртек талап етпейді. Мұның соңы көп жағдайда сот дауына алып келеді. Бұл жағдайдан шығу үшін не істеу керек? Әрине, халықтың құқықтық сауатын арттыру керек. Себебі, құқықтық мәдениет қалыптаспайынша, қоғамның заң мен сотқа деген құрметі артпайды. Ал бұл үшін қабылданған заңдар мен сот шешімдерін қоғамға кеңінен түсіндіру маңызды. Сот ашықтығы – қоғам сенімін арттырудың төте жолы. Сол себепті де, біз ауқымды мәселелерді талқылағанда тікелей эфирді, интернет пен әлеуметтік желілерді пайдаланамыз. Заңды құрметтейтін азаматтар сот жүйесіндегі іргелі бастамаларды құптайды. Олар «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасында көз делген мақсаттарға жету үшін біршама уақыт қажет екенін жақсы біледі. Ал тағдыры қыл үстіндегі адамдарға реформаның нәтижесі дәл қазір керек. Оларды да түсінуге болады. Сондықтан, осы жағдайды ескере келе, Жоғарғы Сот жұмысты екі бағытта жүргізуде. Бірі – шұғыл жеңістер, екіншісі – жүйелі жұмыстар. Мәселен, сот процесіне гаджетпен кіру, сот шешімін түсіндіру, фронт-офистер, татуласу орталықтарын, отбасылық, виртуалдық және түнгі соттарды құру – шұғыл жеңістер. Ал заңдарды әзірлеу, судьялар корпусын жаңарту, бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру – жүйелі шаралар.
– Дегенмен, байқауымызша, ашықтық принципі сіздерге оңай тиіп отырған жоқ. Күн сайын интернет пен әлеуметтік желіде судьяларға алғыс айтатындардан гөрі, өкпе-ренішін жеткізетіндер қатары азаймай отыр. Бұған не себеп?
– Америкалық танымал бизнес-кеңесші Стивен Кови «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» атты кітабында: «Алдыңызға мақсат қойыңыз және оларды орындаңыз. Басқаларға төреші емес, үлгі болыңыз. Біреуді сынап-мінемеңіз, жақсы жағын көрсетіңіз. Мәселені айтып қана қоймай, оның шешу жолын ұсыныңыз» деген тамаша ой айтады. Бір істе екі тарап болатындықтан, судьяның шешімі біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Бұлай болуы да – заңдылық. Көбінесе сотта «жеңілгендер» дау шығарады. Әлеуметтік желіде отырғандардың барлығы бірдей сотты қаралайды деуден аулақпын. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сот жүйесіне қатысты салиқалы пікір, келелі ұсыныс айтатындар бар. Әдебиеттанушы Серік Қирабаев ағамыз: «Сын дәрі сияқты, ішкенде ащы, бірақ пайдасы бар», – деген екен. Әрине, егер айтылған сын дәйекті болса, ол жүйенің дамуына өз пайдасын тигізеді. Сайып келгенде, сын шын болса, жұмысымыз да тың болады! Негізінен, сотты сынаушыларды шартты түрде 3 топқа бөлер едім: біріншісі – сотты дәйекті, дәлелді түрде сынайтындар, екіншісі – негізсіз, дәйексіз, жалпылама қаралайтындар, үшіншісі – өзінің, туысының, не қорғауындағы адамның кінәлі екендігін іштей білсе де, жағдайға көндіге алмайтындар. Сот жүйесін дамыту бойынша конструктивті ой айтатын заңгерлер мен басқа да сала мамандарының пікірі біз үшін өте маңызды. Жоғарыда айтып өткенімдей, олардың тұжырымды ойларының негізінде сот жүйесінің алдағы даму стратегиясы айқындалды. Сондықтан, біз сот жүйесіндегі кемшіліктерді дәйекті түрде айтып, мәселені шешудің жолын ұсынатын сарапшыларға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал жалпылама сынайтындардың көбісі бұрын-соңды сот процесіне қатыспағандар. Ондай адамдар сотты ғана емес, қоғамдағы кез келген жағдайды сынға алады. Сынайтындардың келесі бір тобы – сот актісімен келіспейтіндер. Бұлардың өзін екі топқа бөлуге болады. Бірі – жазаны қатаң, енді бірі – жұмсақ дейді. Сот залындағы әңгімені, қарсыласының жеке өмірін әлеуметтік желіге шығаратындар бар. Олар өздерін сот жүйесінің құрбаны етіп көрсетеді. Бірақ, жазғанын оқысаңыз, нақты дәлелден гөрі, эмоция басым. Әрине, мұндай жазбаларға заңнан хабары жоқ адамдар сенгіш келеді. Ал жазықсыз жапа шеккендердің жөні бөлек. Кейбірі баспанасынан, жұмысынан айырылса, ал енді бірі жазықсыз жазаланып, темір торға тоғытылғандар. Әрине, ондай адамдардың жанайқайын түсінуге болады. Алаяқтар қармағына түсіп, баспанасынан айырылған не жалған айғақ бойынша том-том іс тігіліп, түрмеге түскен адамды ақтап алу оңай шаруа емес. Дегенмен, Жоғарғы Сот осы бағытта
жүйелі жұмыс жүргізуде. Нәтижесінде, заңсыз сотталған азаматтар әділдікке қол жеткізуде.
– Жоғарғы Сот нақты судьяға қатысты сыни пікірлер бойынша қандай шара қабылдайды?
– Біз күн сайын ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргіземіз. Мұндағы мақсат – қоғамның соттарға қатысты ой-пікірін, талап-тілегін уақытылы біліп, тиісті шаралар қабылдау. Судьялардың заңсыз әрекеттеріне қатысты материалдар жарияланса, онда мұндай мәліметтерді тиісті бөлім мамандары тексереді. Сыни дерек расталса, Сот алқасы судьяға
қатысты тәртіптік шара қолданады. Мұндай мәселе Жоғарғы Соттан тәуелсіз алқалы орган – Жоғары сот кеңесінде қаралады. Этикаға қатысты сұрақтарды Судьялық әдеп жөніндегі комиссия қарайды. Ескерте кетейін, заңға сәйкес, Жоғарғы Сот төрағасы өз қалауы бойынша судьяны жазалай да, жұмыстан босата да алмайды. Барлық дамыған елдерде осылай. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан тәртіп. Еліміздің Конституциясы мен заңдарында да солай бекітілген.
– Судьяларға алғыс білдірген хаттар қаншалықты жиі түседі? Олар бойынша қандай шаралар қабылданады?
– Күн сайын Жоғарғы Сотқа еліміздің әр түкпірінен ондаған, айына жүздеген алғыс хаттар келіп түседі. Олардың қатарында қарапайым адамдармен қатар, кәсіпкерлер, инвесторлар, тіпті шетел азаматтары да бар. Олар судьяларға әділ шешім шығарғаны үшін ризашылығын білдіріп жатады. Әрине, біз келіп түскен алғыс хаттарды зерттеп, зерделейміз. Хатта айтылған іске нүкте қойылған ба, әлде басқа тарап оны жоғары сатыда даулап жатыр ма? Егер іс шын мәнінде аяқталған болса, онда алғыс білдірген судьяны насихаттаймыз. Алғыс хат судьяның жеке кадрлық ісіне тіркеледі. Марапаттау, мансаптық ілгерілету кезінде де ескеріледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қоғамның алғысына ие болған судьялар туралы жазу біздер үшін де үлкен мәртебе. Себебі, азаматтардың алғысы – судьялар үшін ең үлкен марапат. Бұдан шығатын қорытынды біреу. Елімізде білікті, адал, әділ судьялар аз емес. Тек олардың жұмысын көріп, лайықты бағалай білуіміз қажет!
– Әңгімеңізге рақмет. Сот пен бұқара арасындағы байланысқа негізделген қызметіңізге сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий