Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

Алматыда ұрылардың суреті жарияланды: “Туысқандарынан ұялғандықтан ұрлауды тоқтатады”

Жеңіл жолмен ақша тапқысы келетін ұрылар жыл сайын көбейіп келеді. Жыл басынан бері Алматыда 194 “қалта” ұрысы қолға түскен. Ұсталған барлық ұрылардың суретін Алматы қалалық полиция департаменті “>ресми парақшасында жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қалта ұрлығымен айналысатын ұрыларды құрықтау үшін  Алматы қаласының полицейлері бақылау, интуиция, психологиялық шеберліктерін шыңдайтындығын айтты.  “Қысқыш” деген атаумен кең таралған ұрылардың бұл тобымен күресу жедел іздестіру қызметкерлерінің мойнында.

“Қалта ұрыларын құрықтауға жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлері жұмылдырылады. Олар штаттық және қоғамдық орындарда және қоғамдық көліктерде қызмет атқарады. Осы күнге дейінгі тәжірибе барысында анықталғандай, қалта ұрылары көбінесе адамдар жұмысқа, оқуға баратын кезде, таңертеңгі және кешкі уақытта арам ойларын жүзеге асырады.  Олар үшін мұндай уақыт жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Бүгінгі күні Алматы қаласының полиция қызметкерлері тұрғындардың қоғамдық орындарда қауіпсіздік шараларын сақтап, қырағылық пен сақтық таныту керектігін айтып отыру үшін алдын алу жұмыстарының әр түрлі тәсілдерін қолдануда”, – деп мәлімдеді Алматы қалалық полиция департаменті.

“Қалта ұрыларының суреттері бар түрлі ақпараттық плакаттар шығарылып, оларды қоғамдық орындарға желімдеп, қоғамдық көліктің жолаушылары хабардар етіледі. Онда мұқият болуға және жеке мүліктің сақталуын қамтамасыз ету үшін шаралар қолдануға шақыру айтылады”, – деп нақтылады Алматы қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Есен Ысқақов.

Сондай-ақ, полиция қалта ұрлығымен айналысатын адамдардың суретін жариялауды жалғастырып жатқанын және бұл оң нәтиже бергенін атап өтті.  Өйткені, кейбір “қысқаштар” өздерінің туған-туыстары мен таныстарының алдында ұят болғандықтан ұрлауды тоқтатқан.

Комментарий