Қоғам | Общество

Медиацияның артықшылығы көп

Медиацияның артықшылығы, пайдасы үнемі айтылып, жазылып жүр. Әсіресе, бүгінгідей төтенше жағдай кезінде азаматтарға дауласып сотқа барғаннан, өзара татуласып мәселесін медиациямен шешудің тиімді екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Дегенмен медиацияның маңызын сот отырысына үнемі қатысатын адвокаттар, заңгерлер, прокурорлар білгенімен, қарапайым халық толық түсіне қойған жоқ. Сондықтан медиаторлардың белсенділігін әлі де көтеріп, медиативтік келісімдерді насихаттауды бір сәт те тоқтатпаған жөн. Мұндай жұмыс қоғам тарапынан қолдау тапқанда ғана нәтижелі болмақ.

Соған орай жақында Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы Айгүл Абайдельдинованың бастамашылық етуімен медиаторлық бірлестік өкілдерінің қатысуымен онлайн жиын өтті.

Ватсап желісін пайдалана отырып ұйымдастырылған жиынға Алматы қаласында белсенді жұмыс жүргізіп жүрген медиаторлар қатысты.

Медиаторларға медиация туралы заңның игілігін, Жоғарғы Сот тарапынан қолға алынған «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасының артықшылығын таныстырудың керегі жоқ. Өйткені медиаторлар бұл жобалардың көмегімен жұмыстарын жандандырып келеді. Тек медиаторларда өз ісін жарнамалау, насихаттау жағы әлсіз болып отыр.

– Жақсы нәтижеге бір күнде, бір сәтте қол жеткізу мүмкін емес. Жеңіс уақытпен, қажірлі еңбекпен келеді. 2011 жылы Медиация туралы заң қабылданғанда да халық оның не екенін білмеген еді. Сот саласының жүйелі жүмысының арқасында медиацияны қолданатындар саны артып келеді. Кезінде кәсіби, кәсіби емес медиаторларға да күдікпен қарайтын еді. Енді соттан бұрын медиаторлардың көмегіне жүгіну қалыпты жағдайға айналды. Осы үрдістен ажырап қалмас үшін медиаторларға өзін жарнамалау керек. Тараптармен келісе отырып, өздері қараған істер жөнінде үнемі айтып, татуласудың тиімді екенін тұрақты насихаттаған маңызды, – деген судья Айгүл Абайдельдинова медиаторлардың лебізін, өтініштерін тыңдады.

Осы ретте медиаторлар өз кәсіптеріне қатысты ортақ түсініктің жоқ екенін, сонымен бірге медиаторлардың статусы анықталып, кәсіби негізде жұмыс істейтіндерге арнайы жалақы белгілеу керектігін де тілге тиек етті.

Расында, дауларды татуластыру арқылы реттеуде медиаторлардың еңбегі ерен. Өздері айтқандай алдағы уақытта осы кәсіпті терең меңгерген, тараптарды көбірек татуластырғандарға арнайы айлық тағайындалса нұр үстіне нұр.

Ерлік Кебекбай,

«Заң газеті»

Комментарий