Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі:«НАРЫНҚОЛҒА БАҚ ҚҰСЫ ҚАЙТА ҚОНДЫ»

Райымбек ауданының жеке аудан болып қайта құрылғанына екі жылдан астам уақыт өтті. Бұл өзгерісті халық ұзақ тосқан еді. Мәселенің шешімін табуына Елбасының шекаралық аудандарға ерекше назар аударып, қамқорлыққа алуды тапсыруы түрткі болды. Осылайша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен қозғалыссыз жатқан өңірдің тірлігіне жан бітті. Аудан орталығы Нарынқол мен көптеген елдімекендер қайта жаңғырды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, былтыр арғы жылмен салыстырғанда ауылшаруашылық өнімдерінің көлемі 30,2 млрд теңгеге өскен. Атап айтқанда, мал шаруашылығы өнімі 16,8 млрд теңге, егін шаруашылығы өнімі 13,4 млрд теңгеге жетті. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш еселеп артатынын мал төлінің өсуі мен жер өнімдерінің бітіктігі анық көрсетуде. Мұндай сәттерде қазақ «Қуанышты бөліссе көбейеді» дейді емес пе?! Шекаралық ауданда мемлекеттік саясатқа сай атқарылған жұмыстарды оқырманға жеткізу мақсатында Райымбек ауданының әкімі Нұржан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТІ әңгімеге тартқан едік.

– Нұржан Кеңесұлы, әлемді жайлаған індеттен ел-жұрт аман ба? Төтенше жағдайға төтеп беріп отырсыздар ма?
– Елімізде төтенше жағдай енгізілген күннен бастап демеушілер арқылы тұрмысы төмен, жалғызбасты, көп балалы, мүмкіндігі шектеулі, тағы да басқа көмекке мұқтаж 956 адамға 10 566 120 теңгеге көмек көрсетілді. Сонымен қатар ауданда 39 400 бетперде тігіліп, тұрғындарға тегін таратылды. Енгізілген төтенше жағдай талаптарын өз деңгейінде орындаудың нәтижесінде аудан аумағында бүгінгі күнге дейін коронавирус жұқтыру дерегі тіркелген жоқ.
– Нарынқолдың аты картобымен мәлім. Бұл дақылды өсірудің бүгінгі жағдайы қалай?
– Барды ұқсата білген ұтады. Оның үстіне, біздің өңір расында картоп өсіруге өте ыңғайлы. Халық та картоп
баптауға әбден төселген. Былтыр 9877 гектар жерге себілген дәнді дақылдан 22850 тонна дән, алты мың гектар жерге отырғызылған картоптың әр гектарынан 208 центнерден өнім алынды. Оның ішінде 607 гектар жерге себілген 1-ші репродукциялы «Сантэ» және «Агрие» картоп тұқымдарынан 16 740 тонна өнім түсті. Биыл 12 мың тонна 1-2 репродукциялы картоп тұқымы үш мың гектар жерге себілді. Аудан бөлінгеннен бері үш сервистік-дайындау орталығы құрылып, 458 млн теңгеге 21 трактор және 72 агрегаттар алынды. Бүгінгі
күні тағы да бір сервистік дайындау орталығы құрылып, 144 млн теңгенің 53 бірлік техникасы «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы алынды. Картоппен қатар мал өсіруді де ақсатпай алып келе жатырмыз.
– Аудан орталығы мәртебесін алысымен экономикасы өрлеп, қауырт тірлік басталған ауылдарға жастар топ-тобымен оралып жатқанын естіп қуанып қалдық. Мұның сыры неде?
– Шекаралық ауданда Райымбек батырдың аты сақталып, құжаттарды талапқа сай рәсімдеуге, жалпы экономикалық кірістер көзінің ашылуына байланысты мәселелердің ретімен шешілуіне осы қайта құрылған Райымбек ауданының бірінші әкімі болған Жолан Омаровтың сіңірген еңбегі зор. Біздің міндет инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құрып, халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Осы мақсатта былтырғы жылы аудан экономикасына 4,8 млрд теңгенің инвестициясы тартылды. Биылғы инвестиция көлемі 6,8 млрд теңгеге жетті. Ауданда 2860 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Олардың 2700-і нақты жұмыс
істеуде. Былтырғы жылы шағын кәсіпкерлік саласында 14 нысан ашылып, 23 адамға тұрақты жаңа жұмыс орны және 20 адамға маусымдық жұмыс орны ашылған еді. Нәтижесінде шағын және орта бизнес субъектілері 13,5 млрд теңгенің қызметін көрсетіп, бюджетке 99,9 млн теңге салық құйды. Шағын және орта бизнестің дамуы өңірде өнеркәсіпті өркендетуге де әсер ететіні анық. Сондықтан, «Бизнестің жол картасы
– 2020» бағдарламасы аясында жаңа кәсіп ашу үшін қайтарымсыз берілетін мемлекеттік грантқа ауданнан 3 жоба иесі ілініп, 4,5 млн теңге грант алды. Ағымдағы жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,8 млрд теңгеге артты.
Жұрттың бәрі ауылдан қалаға қашып жатқан уақытта біздің өрендеріміздің туған жеріне ту тігуге ұмтылуы қуантпай қоймайды. Елім, жерім деген жастар баршылық. Сол жастардың жақсылыққа ұмтылып, ауылда тұрақтап, ел тірегіне айналуды мақсат еткенін облыс басшысы қолдап, мүмкіндіктерді молынан ашып отыр.
Жастарды қызықтыру үшін ауданымызда спорт сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Бұл қадам ел ынтымағын арттырудың мықты бір кілтіне айналды. Балалар мен жасөспірімдер аудандағы спорт мектебінен еркін күрес, грек рим, дзюдо, бокс, ауыр атлетика, қазақ күресі, каратэ, волейбол, тоғызқұмалақты үйренеді. Осы спорт мектебінің түлегі Анар Тұрсынбек Қазақстан чемпионы болып, Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Азия чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Бокстан аудан құрамасы қыздар арасында өткен Алматы облысының чемпионатында командалық есепте 1-орын алды. Аудандық спорт мектебінің түлегі Жәнібек Иманжан жастар арасында Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, халықаралық турнирдің күміс жүлдесіне ие болды. Республикалық «Жас барыс – 2019» турнирінде Ақжол Әбділдә күміс жүлдеге ие болды. Барды бағалай білгендіктен 2019 жылы «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен Қарасаз ауылында құны 37 млн теңге болған спорт залы салынды. Шәлкөдеде ауыл жастары
13 млн теңге жұмсап, спорт залын салса, Талас ауылының тұрғындары бос тұрған ғимаратты 6 млн теңгеге жөндеуден өткізіп, спорт залына айналдырды. Орта мектептерде робототехника, еңбек кабинеттерін, ауылдардағы бабалар ескерткішін қайта жөндеу жұмыстары осы елдің ұсынысымен бірлесе миллиондаған қаражатқа жасалуда. Жақсы өмірге ұмтылған халықты қолдау азаматтық парызым әрі міндетім.
– Нарынқол өңірінде өндіріс орындары бар ма?
– Бұл салада 2019 жылдың қазан айында алтын кенін өндірумен айналысатын инвесторлар «Нарын Голд» және «BTO Gold Production» ЖШС жұмысын бастады. Нәтижесінде ауданға 250 млн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 135 адамға тұрақты жаңа жұмыс орны ашылды. Аталған серіктестіктер осы жылы ауданға 1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды жоспарлауда. 2020–2022 жылдары «Рауан-Агро»
жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Сарыжаз ауылынан жобалық құны 1,3 млрд теңгені құрайтын, сағатына 8 бас ірі-қара немесе 15 бас ұсақ мүйізді малды сойып, ет өңдейтін цех салуды жоспарлауда. Ет өңдеу цехының жанынан 2000 басқа арналған ірі-қара малын бордақылау алаңы бірге салынады. Жобаның мақсаты жылына 780 тонна ірі қара, 100 тонна ұсақ мүйізді мал етін ішкі нарыққа және шет елге экспортқа шығару. Болашақта 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Азықтүлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жеке инвестордың көмегімен ағымдағы жылы Нарынқол ауылынан қуаты 10 тонналық диірмен ашу жоспарлануда. Бұл бағытта бидай өндірісін ұлғайтуға нақты жұмыстар жүргіземіз. Атап айтқанда, пайдаланбай жатқан жер
телімдерін қайтару және өз мақсатында агротехникалық талаптарға сай пайдалану арқылы егіс көлемін арттыру қажет.
– Құрылыс жұмыстары да қарқын алғанын БАҚ жарыса жазып, көрсетіп жүр. Құрылыс саласының сапалы да жылдам дамуын сіздің алғашқы мамандығыңызбен байланыстыра аламыз ба?
– Бүгінде аудан орталығы үлкен құрылыс алаңына айналды. 2019 жылы 4,8 млрд теңгенің құрылыс жұмысы
жүргізілді. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 2,4 млрд теңгеге жоғары немесе 196,6 пайыз болды. Атап
айтқанда аудан әкімдігі, сервистік әкімдік, республикалық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер орналасатын
ғимараттар қайта жаңғыртылып, облыс әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен пайдалануға берілді. Сонымен қатар Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің ескі ғимараты қайта жөнделіп, Азаматтарға арналған үкімет ғимараты да халыққа есігін ашты. Спорттық сауықтыру кешенінің құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсанында, аудандық прокуратура ғимаратының құрылысы тамыз айында пайдалануға беріледі. Ішкі істер бөлімі ғимаратының жанынан салынып жатқан жапсарлас ғимарат құрылысы 2021 жылы аяқталады. Сонымен бірге, аудан орталығы – Нарынқол ауылында 83 коммуналдық тұрғын үй салынуда. Мемлекеттік қызметкерлерге арналған 4 қызметтік үйдің құрылысы маусым айында аяқталып, тағы 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Биыл Сүмбе ауылдық округі әкімдігінің ғимаратын күрделі жөндеуге 78,2 млн теңге бөлінді. 2019 жылы аудан бойынша жеке тұрғындардың қаражатымен 2 320 шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді.
– Бүгінде әлеуметтік желілерді айтпағанда, салиқалы ақпарат көздеріндегі сұхбаттар «жоқ» сөзімен түрлі проблемаларға ұласып жатады. Ал, сырт ел алдымен назар аударатын шекаралық ауданда молшылықтың көзін ашқаныңызға көңілім толып отыр. Бұл істің саяси мәні де бар. Аудандағы жол мен ауыз су мәселесі қалай шешілуде?
– Қазақта «Жол азабын жүрген білер» деген сөз бар. Қазіргі кезде ауданымыздағы жол жағдайы облыс әкімінің назарынан тыс қалып отырған жоқ. Облыстық маңызы бар Кеген-Нарынқол тас жолынан Байынқол шекара бекетіне дейінгі жалпы жобалық құны 2,5 млрд теңге болатын 28 шақырым жолды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобалық құны 500 млн теңге болатын Сарыжаз, Қарасаз тас жолының 24 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қарасаз, Тұзкөл ауылдары аралығындағы 18 шақырым жолды күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрд 852 млн теңгеге жобалық сметалық құжат, дайындалып сараптамадан өтті. Сонымен бірге 24 шақырым болатын облыстық маңызы бар Қайнар-Қақпақ-Тегістік-Текес тас жолын орташа жөндеуге 380,6 млн теңге бөлініп, іске кірісіп кеттік. Былтырғы жылы Нарынқол ауылының ішіндегі көше жолдарын орташа жөндеуден өткізуге  420 млн теңге бөлініп, толық аяқталды. Аудан халқын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету деңгейі 73,2 пайызды құрайды. Бірқатар ауылдағы орталықтандырылған су жүйесі ескірген. Былтыр Қақпақ ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғыртуға 347 млн теңге бөлінген еді. Осы жылдың қазан айында жөндеу жұмыстары аяқталады. Биыл Қызылшекара, Жамбыл ауылдарының ауыз су жүйесінің құрылысына республикалық бюджеттен 779,2 млн теңге бөлінді.
– Әлеуметтік және басқа салаларда қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі кезде әлеуметтік салада көп балалы аналар мен аз
қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөлінуде. 2019 жылы 21 азаматқа 130,2 млн теңге көлемінде микро кредит берілді. 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 14 азаматқа 3,5 млн теңге, аз қамтылған отбасындағы 15 азаматқа 7,5 млн теңге берілді. Жастар жылына байланысты 47 жас кәсіпкерге 23,7 млн теңге мемлекеттік грант бөлінді. Жұмыссыз ретінде 1400 азамат тіркеліп, 932 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. 114 адам қоғамдық жұмысқа жіберіліп, оның 59-ы тұрақты жұмыс тапты. Жастар тәжірибесіне 88 жас маман тартылып, оның 18-і тұрақты жұмыспен қамтылды. 2019 жылдың 12 айында аз қамтылған 744 отбасына 470,2 млн теңге көлемінде мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төленді. 74 отбасыға 2,3 млн теңге тұрғын үй жәрдемақысы берілді. Білім беру, медицина, мәдениет және әлеуметтік салаларда жұмыс істейтін 1638 қызметкерге отын сатып алуға 20,7 млн теңге төленді. Ауданда жалпы 957 мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Жыл ішінде оларға 92 шипажай-курорттық емделуге, 67 протез-ортопедиялық бұйымдар алуға, 4 тифло-сурдотехникалық құралдармен, 15 кресло-арбамен, 17 міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге қаржы бөлінді. Ағымдағы жылдың алғашқы айынан бастап мұғалімдердің еңбек ақысы 25%-ға көтерілді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 470 млн теңге қаржы бөлініп отыр. Қақпақ, Тегістік, Текес, Талас ауылдарындағы орта мектептерді сейсмикалық күшейтуге және күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілді. Мәдениет саласын дамыту үшін Жамбыл, Сүмбе ауылдарынан мәдениет
үйлерін салуға және Қақпақ ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттар дайындалуда. Сондай-ақ, алдағы уақытта Сарыжаз, Шәлкөде, Тегістік ауылдарындағы апаттық ескі мәдениет үйлері ғимараттарына техникалық тексерулер жүргізіліп, бұзуға шешім қабылданды. Орнына жаңа мәдениет үйлері салынады. Қазіргі уақытта Жамбыл ауылында 343,6 млн теңгеге, Қақпақ ауылында 345,9 млн теңгеге салынып жатқан амбулаториялық ғимарат жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Аудандық
аурухананың жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратын күрделі жөндеуге жобалық сметалық құжаттама жасалды. Аурухананың қалған ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге жобалық сметалық құжаттама жасатуға 22 млн теңге бөлінді.
– Қазір ел газет оқи ма?
– Әлбетте! Газет ауылдағы негізгі ақпарат көзі болып саналады. Зиялы қауым өкілдері ғана емес, қарапайым тұрғындар газеттен оқығандарын талқылап жатады. Мемлекетіміздегі және шетелдердегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық мәселелерді анық әрі уақытында елге жеткізуде газет мүмкіндігін, оның ішінде сіздердің басылым – республикалық «Заң газетінің» рөлін ерекше айта аламыз. Сіздің қояйын деп отырған сұрағыңызды да аңғардым. Осы басылымға жазылуда Райымбек ауданының тұрғындары, яғни, тұрақты оқырмандарыңыздың саны 200-ге жетіп, жақын байланыс орнарына сенім білдіргім келеді. Өйткені, жеке аудан мәртебесін алмай тұрып, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар болған кезде де нарынқолдықтар газеттен қол үзген жоқ. Қазір барлық сала бойынша экономикалық көрсеткіштеріміз өсіп келеді. Қиын кезеңде «Нарынқол тасада қалып барады» деген бір ғана мақаламен елдегі проблеманы тиісті орындар назарына ұсына білген де осы газет болатын. Газеттің рухани қолдауын ел де, біз де ұмытпаймыз. Мүмкіндігімізше қолдау көрсетеміз. Газетке жазылып қана қоймай, елдегі жағымды жаңалықтарымызды, ауылдардағы тіршілік тамырына қан жүгіргенін, күні-түні тынбай еңбек етіп төккен тер өтеуін, ынтымағы жарасқан елде береке бұлағын ағызу үлгісін осы газет арқылы да насихаттағымыз келеді. Мемлекеттік саясатқа сай ынтымақтың
ұйытқысы бола білген газеттен біздің ел қол үзбейді.
– Ауданыңызда интернеттің қолжетімділігі қалай?
– Бүгінгі күнге аудандағы 19 елдімекенге талшықты-оптикалық кабель тартылды. Қазіргі уақытта аталған
интернет желісі 4 елдімекенде толық жұмыс істеп тұр. Осы жылдың соңына дейін барлық елдімекендер талшықты-оптикалық байланыс желісіне толық қосылады.
– Сіз басқарып отырған ауданнан түлеп ұшып, ғасыр ақыны атанған Мұқағали Мақатаевтың туғанына
келер жылы 90 жыл толмақ. Қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Бүгінгі таңда ауданымызда Хантәңірінің мұзбалақ ақыны Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын атап өтуге
байланысты дайындық жұмыстары басталып та кетті. Атап айтсақ, аудандағы рухани өнер ордасының бірі,
ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған ауылында орналасқан Қарасаз ауылдық мәдениет үйіне ағымдағы
жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 42 млн теңге қаржы бөлінді. Ендігі кезекте өнер ордасына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ашық конкурс ойнатылып, жұмысты бастау ойда бар. Сондай-ақ, аудан халқына, қасиетті жерге келген қонақтарға мәдени құндылықтарды, өнер туындыларын, тарихи-мәдени мұраларды сақтап, Мұқағали поэзиясының өміршеңдігін насихаттайтын әдеби-мемориалды музейге де биылғы жылы 19 млн аса теңге бөлініп, Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы арқылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ақынның мол мұрасын болашақ ұрпаққа
жеткізу мақсатында Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылына қарасты Абай – Ұзақ көшелерінің қиылысында салынатын жастар саябағында Мұқағали Мақатаевтың ескерткішін орнату жұмыстары жоспарланған. Бүгінгі таңда ескерткіштің эскиздік жобасы мен модульдік жобаның макеті дайындалуда. Жалпы алғанда 2021 жылы ақиық ақынның 90 жылдық торқалы тойы ақындар мекенінде республикалық деңгейде аталып өтілетін болады.
– Жер шарындағы екінші биік шың Хантәңірінен басталатын тамаша табиғатты тамашалатуға туристерді тарту жайы қалай жүзеге асуда?
– Нарынқол өңірі – туризмді дамытуға қолайлы аймақ. 5 туристік нысан тұрақты жұмыс істеп тұр. Биыл тағы
3 туристік нысанды іске қосу жоспарлануда. Былтырғы жылы шет елден – 105, елімізден 2500 турист келіп,
оларға көрсетілген қызметтен 15 млн теңге түсті. Бұл қаражат та бюджет қоржынын толтыруға септігін тигізді.
Жалпы, әр саладан адал еңбекпен заң шеңберінде жиналатын қаражат ел игілігіне жарап тұрса нұр үстіне нұр. «Теңіз тамшыдан құралады» деп тегін айтылмаған. Ең бастысы аспантаулар елі табиғи тазалығын сақтап, қайта оралып қонған бақ құсын бағалай біледі!
– Әңгімеңізге рақмет!
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Заң газеті»
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Комментарий