Судья мінбері | Судебная система

Әнұранды бүлдіршіндер шырқағанда ерекше сезімге бөленсің

Мемлекеттік рәміздер әрбір елдің тәуелсіздігін дүние жүзіне танытушы құнды, аса бағалы белгілер десек, біздің де өз Туымыз, Әнұран, Елтаңбамыз бар. Өткен тарихқа көз салсақ, Елбасы Н.Назарбаев 1992 жылы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы туралы», «Қазақстан Республикасының елтаңбасы туралы» және «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік әнұранының музыкалық редакциясы туралы» заңдарға қол қойды. Яғни, республикамыздың тұңғыш рәміздері – Ту мен Елтаңба осы жылдың 4 маусымында, ал, Әнұран мәтіні 11 желтоқсанында бекітілді. Сол тұста Елбасы «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек», деген еді. Себебі, жас мемлекет үшін рәміздерді қабылдау оңай бола қойған жоқ. Сондықтан, құзырлы органдар аса жауапты істі мұқият дайындықпен қолға алды.

Жоғарғы Кеңес төралқасының қаулысымен арнайы комиссия құрылып, құрамына белгілі заңгерлер мен қоғам қайраткерлері тартылды. Әрі Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына байқау жарияланды. Мемлекеттік рәміздер жөніндегі үкіметтік комиссияның шешімімен Қазақстанның Мемлекеттік туы болып Еліміздің еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбековтің, ал, Елтаңба болып белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлихановтің жобалары таңдалды. Ал, әнұранымыз болып ақындар – М. Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Т. Молдағалиев, Ж. Дәрібаева бірігіп шығарған өлең сөзі таңдалса, әні болып кеңестік кезеңде М. Төлебаев. Е. Брусиловский, Л. Хамиди жазған әуен белгіленді. Осы тұста айта кетерлігі, 2006 жылдың 6 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенатының бірлескен отырысында жаңа әнұран қабылдау туралы бастама көтерілді. Осылайша депутаттардың қолдауымен «Менін Қазақстаным» әні ұсынылды. Әнұранның сөзі Жұмекен Нәжімеденов пен Н.Назарбаевтыкі, әні композитор Шәмші Қалдаяқовтыкі.

Алғаш рет жаңа әнұран ресми түрде 11 қаңтарда, Ақордада Н.Назарбаевтың кезекті президенттік сайлауда жеңіске жетуіне байланысты ұлықтау рәсімінде орындалды. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленуде.

Әрбір қазақстандықтың бойында рәміздерге деген құрметі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Өйткені, рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Рәміздерде халқымыздың тарихы, мәдениеті мен дәстүрі бар. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Бүгінде Әнұран мәтінін еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін біледі. Мұның өзі көңіл қуантады. Тіпті, балабақша бүлдіршіндері әнұран ойналғанда ойнап жатқан ойындарын тастай салып, оң қолдарын жүрек тұстарына қойып «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленесің. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтады. Тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының қайта жаңғыруы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі болашақ дамуға бет алған егемен еліміз үшін ерекше құбылыс. Сондықтан, мемлекеттік рәміздерді қастерлеу азаматтарымыз үшін басты міндет.

Жанар Ибрагимова,

Алматы облыстық мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының судьясы

Комментарий