Құқық | Право

ОТБАСЫ – ҮЛКЕНГЕ ИБА, КІШІГЕ ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ

ОТБАСЫЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ САҚТАУ ӘРБІР МЕМЛЕКЕТТІҢ БАСТЫ БАҒЫТТАРЫНЫҢ БІРІ. ӨЙТКЕНІ ОТАННЫҢ ӨЗІ ОТБАСЫНАН БАСТАЛАТЫНЫ БӘРІМІЗГЕ БЕЛГІЛІ. АТА-АНАҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК, БАУЫРҒА ДЕГЕН МЕЙІРІМ, ҮЛКЕНГЕ ДЕГЕН ИБА МЕН КІШІГЕ ДЕГЕН ҚАМҚОРЛЫҚТЫҢ БАСТАУЫ – ОТБАСЫ.

Тәрбиенің ошағы саналатын осы бір қасиетті сөздің соңғы жылдары құны әлсіреп кеткені байқалады. Әсіресе әкесіне қол көтеріп, анасының мүлкіне таласқан, бас араздығы үшін бір-бірімен бет жыртысқан бауырлардың әрекетіне қарап жанұялық жарасымның кемігенін аңғармау мүмкін емес. Мұның бір шеті ажырасқандар санының көбейіп, тастанды балалардың артуына, қарттар үйіндегі көңілі жарым қариялардың өсуіне алып келіп отыр. Жетімін жылатпаған, жесірін қамқорлықтан айырмаған қазақы қоғамға бұл мүлде жат. Осыған орай отбасылық құндылықтарды қайта қалпына келтірудің түрлі амалдары қолға алынып жатқаны мәлім.
Отбасылық сот пилоттық жобасының тәжірибеге енгізілуіне де жоғарыдағы өзекті мәселелердің түрткі болғаны талассыз. Бүгінге дейін азаматтық, ювеналдық соттарда қаралып келген жанұялық дауларды бір соттың айналасына топтастырудан ұтарымыз аз емес. Мәселен, қазір Қазақстандағы ювеналды соттар балаларға байланысты туындайтын істерді қараса, ажырасу, алиментке қатысты даулар азаматтық соттарда қаралады. Ал, пилоттық жоба істердің бір алаңда қаралуына, бірыңғай тәжірибенің қалыптасуына ықпал
етері күмәнсіз.
Көп елдердің ішінде Сингапур мемлекетіндегі отбасылық сот институты қазақы менталитетке де, табиғатымызға да сай. Мысалы бұл елде отбасылық соттар ажырасуға, отбасылық зорлық-зомбылыққа, бала асырау мен қамқоршылыққа, мұрагерлікке қатысты істердің барлығын қарайды. Ұқсас істер таразы басына салынған соң осы соттар отбасылық дауларға қатысты оқу бағдарламаларын жасап, судьялар мен адвокаттардың тәжірибесін арттыруға көмектеседі. Сонымен бірге бұл ел отбасын сақтауға, неке бұзу туралы дауларды мейлінше соттан тыс реттеуге, тараптарды татуластыруға тырысуымен өзге елдерге үлгі көрсетіп отыр. Ажырасу жөнінен әлем бойынша алғашқы он елдің қатарына кіретін Қазақстанға Сингапур елінің
тәжірибесі көп нәрсе үйретті. Ажырасудың салдары мүлікті бөлу, баланың кіммен қалатынын анықтау, баланың кездесу уақытын белгілеу, алимент тағайындау секілді түрлі істердің туындауына да негізгі себеп.
Кейде «отбасылық соттарды құру мемлекет қаржысына әсер етеді» деген де пікір айтатындар бар. Әрине, алуан түрлі пікірдің айтылғаны дұрыс. Бірақ, Ата заңымызға сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам екенін ұмытпауымыз керек. Елдегі бар игілік алдымен адамға жасалатындықтан, отбасылық соттардың құрылуына да қаржылық тұрғыдан емес, адами құндылық тұрғысынан қараған абзал.
«Отбасылық сот» пилоттық жобасы бойынша қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде. Бір ескерерлігі, осы соттың аясында ғана емес, жалпы қоғамның арасында ажырасудың залалын жұртшылыққа түсіндіру міндет. Себебі, некенің бұзылуы толық емес отбасылар қатарын көбейтіп қоймай, бақылаусыз балалардың қатарын да арттыруда. Мәселен біздің сотта қаралатын қылмыстық істердің 90 пайызы осындай толық емес отбасында өскен балалар қолымен жасалады. Әке мен ананың тең тәрбиесін көрмеген баланың қылмысқа бейім болатынын осыдан көруге болады.
Отбасылық сот жобасы аясында біздің сот Қазақстан халқы ассамблеясымен, Ауған соғысы ардагерлерінің одағымен меморандумға отырып, бірлесіп жұмыс жүргізіп келеді. Ондағы мақсат жанұя жарасымын сақтап,
тәрбиелі, отансүйгіш ұрпақ өсіру арқылы мемлекет мерейін көтеру. Мұндай ауқымды жұмыс көп болып кеңесіп, бірігіп атқаруды қажет етеді.
А.ЕШЕЕВ,
Алматы қаласы кәмелетке
толмағандар істері жөніндегі
мамандандырылған
ауданаралық сотының
төрағасы

Комментарий