Құқық | Право

АХҚО Соты мен ХТО заң факультеті студенттерін жазғы тағылымдамаға шақырады

Кез келген мамандықта іргелі біліммен қатар практикалық тәжірибе жинаудың да маңызы жоғары. Бұл мамандықтың бәріне қатысты. Заңгер мамандығы да солардың қатарында.

Ағылшын заңнамасы негізінде 2018 жылы ашылған АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталық Қазақстанда құқықтық білім беру мен ағылшын заңнамасын отандық заңгерлер арасында кеңінен таныту бойынша бірқатар жұмыс атқаруда. Атап айтар болсақ, АХҚО Соты мен халықаралық төрелік орталық үшінші жыл қатарынан заң мен ағылшын құқығы бойынша әлемдегі ең беделді мамандарды тарта отырып ауқымды білім беру бағдарламасын жүргізіп келеді.

“2018-2019 жылдары 500-ден астам қазақстандық заңгер мен осы саладағы студенттер халықаралық коммерциялық құқық, ағылшын заңнамасы мен өзге де дисциплиналар бойынша курсқа қатысты. Бұдан бөлек тағы 30-дан астам адвокат пен заңгер халықаралық медиатор сертификатын алып, коммерциялық дауларды шешуге қажетті білім-біліктіліктерін арттырды. 2019 жылы Нұр-Сұлтан мен Алматыдан 100-ден астам заңгер-практиктер ағылшын заңнамасы жүйесіндегі адвокаттардың біліктіліктерін арттыратын мастер-класстарға қатысты”, – дейді АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталықтың тіркеушісі және аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт.

Сонымен қатар, АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталық 2020 жылдың сәуір айында “АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталықтың 2020 жылғы вебинарлар сериясы: COVID-19 кезінде және одан кейінгі жаңа мүмкіндіктер” атты онлайн вебинар бағдарламасын бастады. Шараға спикер ретінде АХҚО Соты судъялары, Халықаралық төрелік орталық арбитрлері, халықаралық және қазақстандық ірі заң фирмаларының серіктестері қатысты. Айта кетерлігі, вебинарлар тегін өтеді, ал слайттар мен жазбаларды АХҚО Соты мен Төрелік орталықтың сайтынан алуға болады.

“Вебинарларды ұйымдастыра отырып бизнес және заңгерлер қауымдастығы арасындағы қолданушыларымыз бен әлеуетті тұтынушыларымызға АХҚО Соты мен Төрелік орталықтағы соңғы жаңалықтарымызды бөлісіп, даулар мен COVID-19 кезінде туындаған мәселелерді шешудің түрлі аспектілерімен таныстырамыз”, – дейді Кристофер Кэмпбелл-Холт. Вебинарлар аясында құқықтық мәселелер талқыланып, COVID-19 пандемиясы кезінде және одан кейінгі уақытта туындайтын форс-мажорлық жағдайларды онлайн режимде шешу мәселелері талқыланады. Білім беру бағдарламасы бойынша алынған тәжірибе мен білім қазақстандық заңгерлердің АХҚО алаңында өз тұтынушыларының құқықтарын тиімді қорғауына мүмкіндік береді.

Білім беру бағдарламаларынан бөлек АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталықтың қазақстандық жоғарғы оқу орындарының заң факультеті студенттеріне арналған халықаралық стандарттарға сай өзінің тағылымдама бағдарламасы бар. “АХҚО Соты мен ХТО тағылымдама бағдарламасы” заң факультеті студенттеріне тәжірибелік білім беріп, ағылшын заңы мен коммерциялық құқықты терең үйретуге бағытталған. Тағылымдаманың қысқы бағдарламана қатысқандардың қатарында М.С.Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ Заң факультетінің 4 курс студенттері Динара Қазенова мен Гаухар Қуанышева да бар.

Болашақ заңгерлердің айтуынша, АХҚО ТМД елдерінің ішінде ағылшын заңнамасы бойынша жұмыс істейтін жалғыз юрисдикция екенін ескерсек,

тағылымдама да бұл тұрғыда теңдессіз. Тағылымдама барысында студенттерге АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталықтың басшылығынан бастап қарапайым қызметкеріне дейін білгендерімен бөлісіп, тәжірибелерімен таныстырды. Тағылымдама барысында студенттер кей келісімшарттарды талдап-сараптауға да мүмкіндік алған. Онда тағылымдамадан өтушілер кей келісімшарттардағы кемшіліктер мен қатерлерді талдаған.

Қазіргі таңда АХҚО Соты мен Халықаралық төрелік орталық “АХҚО Соты мен ХТО тағылымдама бағдарламасы: Жазғы қабылдау” атты жазғы тағылымдама бағдарламасына студенттерді қабылдап жатыр. Тағылымдама 2020 жылдың маусым айында басталады.

Комментарий