Қоғам | Общество

Білім министрі мектептерге әдеби кітаптарды көбейтуді тапсырды

Қазақстандық оқушылар 17 тамыздан бастап екі апталық дайындық курсынан өте алады. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында мәлімдеді.

Министр жазғы мектепке қатысып-қатыспауды әр бала өзі шешетінін, оқушыларды ешкім мәжбүрлемейтінін атап өтті.

“17 тамыздан бастап мектептерде жазғы мектеп форматында екі апта дайындық шарасы өткізіледі. Өңірлер бұл жұмысты бастап кетті. Бұл жұмысты ұйымдастырғанда, біз балаларға өз еркімен қатысу мүмкіндігін беруіміз керек. Сондықтан мәжбүрлеп, бәрі жазғы мектепке қатысуы тиіс деген талап қойылмайды. Біз тек мүмкіндік береміз. Осыны еске салғым келеді”, – деді Аймағамбетов.

Дайындық негізінен математика, қазақ тілі, ағылшын, орыс тілі пәндерінен өтеді.

Қазақстандық мектептерде әдеби кітаптар жеткіліксіз. Осыған байланысты министр жергілікті білім басқармаларына осы мәселені шешуді тапсырды.

“Біз әдебиет оқитын жас буынды қалыптастыруымыз керек дейміз. Алайда, шынын айту керек, мектептерде көркем әдебиет жеткіліксіз көлемде сатып алынады. Сондықтан көркем әдебиетті тиісті тізім бойынша сатып алу жұмысын реттеу қажет. Жергілікті білім басқармалары осы жұмысты ұйымдастырсын”, – деді Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында.

Министр білім саласының қызметкерлері үшін мектеп кітапханаларымен жұмыс істеу басты мақсаттардың бірі болуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар, университеттердің кітапханаларына да ерекше көңіл бөлінуі тиіс.

Аймағамбетовтің айтуынша, Ұлттық білім беру деректер қоры арқылы база жасалады. Қордың модулі дайын. База арқылы әрі оқулықтың кімге берілгенін, кітаптың бар-жоғын, ескіріп-ескірмегенін анықтап отыруға болады.

“Енді өңірлердегі кітапханалар осы базаны толтыруы тиіс. Биылдан бастап келген оқулықтарда QR-код болады. Сол арқылы қолмен толтырып жатпай, базаға оқулықтарға қатысты ақпараттың бәрі енгізіледі”, – деді министр.

Айтуынша, бұл оқулық тапшылығы мәселесінен арылуға септігін тигізеді.

Комментарий