Қоғам | Общество

Атырауда үш ауысымдағы мектептерді тарату үшін 20 мектеп салынады

Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін жаңа нысандар 12 184 орынды қамтитын болады, — деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Бұл туралы ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева мәлімдеді.
«Нұрсая, Жұлдыз, Алмагүл және Тасқалада мектептердегі орын саны жетіспеушілігінен 3 ауысымдағы мектептер саны көбеюде. Қала бойынша осындай 13 мектеп бар. Бұл мектептердің жалпы жобалық орны 9 556 орынды құрайды, онда 24 356 оқушы оқиды. Артық оқушылар саны — 14 800. 3 ауысымдағы мектептерді тарату мақсатында қосымша 20 мектеп салыну жоспарланған», — дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева. Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 3 024 орындық 4 мектеп салынып жатыр (Берекеде — 1200, Нұрсаяда — 900, Жұлдыз — 1 ықшамауданы — 624, Дамба ауылында — 300 орындық).
Мемлекеттік — жекешелік әріптестік есебінен әр қайсысы 600 орындық болатын тағы 8 мектеп салу жоспарда бар (Ақжар — 2 ауылы, Ақсай-2 ауылы, Көктем ықшамауданы, Жұлдыз — 2, Бірлік — 2 ауылы, Балауса ықшамауданы, Өрлеу ықшамауданы Тасқала — 2 және Еркінқала — 2 ауылынан). Қосымша жалпы саны 4 060 орындық 8 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталады (№1 М.Жұмабаев — 160 орын, Самал ықшамауданы — 600, Жаңаталап ауылы — 300, Атырау ауылы — 600, Талғайран ауылы — 900, Жулдыз-3 ықшамауданы — 600, Нұрсая ықшамауданы — 600, Ғ.Мұратбаев атындағы — 300 орын).

Комментарий