Қоғам | Общество

ҚОҚЫСТАРДЫ ӨҢДЕУДЕ ЖҮЙЕЛІ ТӘСІЛ ЖОҚ

Елімізде тұрмыс пен өндіріс қалдықтарын қайта өңдеп, пайдалану барысы көңіл көншітпейді. Бүгінде тұрмыстық қалдықтар үшін арнайы контейнерлер қойылғанымен, жұртшылық оларды сұрыптап салуға құлықсыз. Содан кәдеге жарайтын тұрмыстық қалдықтар іске алғысыз болып, қоршаған ортаға тасталып, табиғатты ластап жатыр.

Өндірістік қалдықтардың да залалсыздандырылып, өңделу деңгейі мәз емес. Жуырда Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында сенаторлар бұл жағдайдың негізгі себептерін
жан-жақты ашты. Жиында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев баяндама жасады. Оның айтуынша, қоқыстарды кәдеге жарату арқылы электр қуатын шығарып, залалсыздандыру ісіне инвестиция салыну керек. Бұған жету үшін осы өндіріске жаңартылатын энергия көздерінің жасыл тарифі енгізілуі тиіс. Бұл жыл сайын 1,5 млн тоннадан астам қалдықты кәдеге жаратуға жол ашады. Қазіргі таңда министрлік осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасының аясында 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу үлесі 40 пайызға, 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жетуі тиіс. Бұл ретте электр энергиясын алу мақсатында қалдықтарды өртеуді және одан әрі жаңартылатын энергия көздерімен бірдей электр желілеріне беруді көздейтін «Waste to Energy» жобасы жүзеге
асырылмақ, – деген министр аталмыш жоба қалдықтарды полигондарда көму көлемін қысқартуға ғана емес, осы бағытқа инвестиция тартуға да мүмкіндік беретініне сендірді.
Сенаторлар министрдің бұл сөзімен онша келіспеген сыңай танытты. Сенат төрағасы Дариға Нұрсұлтанқызы бұл мәселені шешуде алдымен жүйелі тәсіл, яғни мемлекеттік бағдарлама
қажеттігін атап көрсетті. «Бүгінде министрлік жаңа Экологиялық кодекс бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Мемлекеттік бағдарламасыз, бағыт-бағдарсыз ертең Экологиялық
кодексті қалай қабылдайтынымыз белгісіз. Бізде қазірдің өзінде тұжырымдама бар, бірақ ол 2013 жылғы деңгейде қалған, алты жыл өтсе де еш өзгеріс жоқ. Осының бәрін Сізден
қатаң сұраймыз, өйткені бұл мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды», – деді Сенат спикері. Оның айтуынша, 2020 жылдан бастап енгізілмек болып отырған полигондарда азық-түлік және құрылыс қалдықтарын көмуге тыйым салуды тоқтата тұру керек. Себебі бұл мәселе толық пысықталмаған. Егер тыйым енгізілсе, ертең адамдар жұмыс істеп жатқан полигондарды жазалау басталып, мұның соңы олардың наразылығына алып келуі мүмкін. Дариға Назарбаева ел аумағындағы радиоактивті қалдықтарға қатысты да ойын ортаға салды. Оның сөзінше, залалды қалдықтар азаматтардың денсаулығына зиян келтіріп жатқан жағдайда медициналық қызметті қаржыландырудың мәнісі жоқ. Өйткені тұрмыстық
қалдықтардан бөлек елімізде 170 миллион текше метр радиоактивті қалдықтар жиналған. Ол топырақ пен атмосфераны ластап қана қоймай, өлім қаупін де төндіреді.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақты дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев елімізде қалдықтарды басқару, өнеркәсіптік және тұрмыстық
қалдықтар бойынша мониторинг жасау, оларды қайта өңдеу және кәдеге жарату жөнінде жүйе жоқ екеніне назар аудартты. Ол қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару және кәдеге жарату ісінің қаржылық мүмкіндігі – халықтың төлемдері деп есептейді. Қазіргі таңда тұрмыстық қалдықтарды залалсыздандыру үшін қолданыстағы тарифтер төмен және олар тіпті қалдықтарды көму мен оларды шығаруға арналған шығындарды да жабуға жетпейді. Оның үстіне қатты тұрмыстық қалдықтармен (ары қарай ҚТҚ) жұмыс істеу тарифі сараланбаған, қалдықтар бөлек жиналса да, бір контейнерге салынса да, төлейтін төлем біреу. Сонымен қатар қазіргі уақытта қоқысты кәдеге жарату және өңдеуге қатысты шығындардың басым бөлігін осы саладағы ұйымдар өтейді. Бұл ретте компаниялардың табыстары қалдықтармен жұмыс істеудің жүйесін дамытуға емес, өз мүддесіне жұмсалатыны белгілі болып отыр. Сондықтан қоқысты жинаумен және қайта өңдеумен мамандандырылған мүдделі кәсіпорындар айналысуы тиіс. Тек осы жағдайда ғана жоспарлауды жүзеге асыру, кірістер мен шығыстарды оңтайландыру және ҚТҚ-мен жұмыс істеудің жүйесін жетілдіру мүмкіндігі пайда болады. Қалдықтарды реттеу мен басқаруға жауап беретін мемлекеттік органдар мен қоқыстың түрлі фракцияларын өңдеумен айналысатын кәсіпорындар арасында өзара әрекеттесу мен көмектесудің үйлесімді тетігі жоқ. Жиында қосымша баяндама жасаған сенатор Мұхтар Жұмағазиев кейбір ірі компаниялар қалдықтарды азайтуға және қайта өңдеуге мүдделі еместігін айтты. Өйткені оларға айыппұл төлеу ыңғайлы. Тіпті кейбіреулер айыппұл сомасын өз бюджеттеріне салып, қызметін әрі қарай жалғастырады. Осыған байланысты Экологиялық кодекстің жаңа редакциясына қалдықтарды кәдеге жарату төлемдерінен алшақтап, табиғат пайдаланушыларды қалдықтарды қайта өңдеуге және жоюға міндеттейтін талаптар енгізілуі керек.
Стихиялық қоқыс үйінділері де бүгінде өзекті мәселе. Жұмағазиевтің айтуынша, оларды анықтап, жою жұмысы да мардымсыз жүруде. Елімізде 9 268 стихиялық қоқыс тастайтын жердің небәрі 14 пайызы тазартылған. Мұндай олқылықтың басты себебі де ақшаның жетіспеушілігі. Жұмағазиев мырза бүгінде қыруар қаражат жұмсалып жатқан ғарыш мониторингінің мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану керектігін қаперге салды.
Отырыста иесіз қауіпті объектілер мәселесі де көтерілді. Бұл ретте біраз жылдан бері шешілмей жүрген мәселелердің бірі деп – Қарағанды облысында орналасқан «Дарьял-У» радиолокациялық станциясы айрықша аталды. Құрамында полихлорланған дифенил бар қалдықтар сақталатын осы станция Балқаш көлінің жағасында, Балқаш қаласынан 35 шақырым және Гүлшат кентінен 5 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі уақытта онда 5946 конденсатор бар 183 контейнер және құрамында полихлорланған дифенил бар 3 контейнер орналасқан. «Дарьял-У» объектісін күзету үшін 2011 – 2018 жылдар аралығында бюджеттен 173 млн теңге бөлініпті. Ал қалдықтарды қайта орап, бұл проблеманы түбегейлі шешу үшін
110 млн теңге қажет. Бұл да шешімін күткен мәселе. Өйткені «Дарьял-У» объектісінің құрамындағы полихлорланған дифенил бар қалдықтарды залалсыздандыру бойынша уақытылы
шаралар қолданбау Балқаш көлі үшін қиын салдарларға әкеп соғуы мүмкін және елдің экологиялық қана емес, ұлттық қауіпсіздігіне де қатер төндіреді.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий