Қоғам | Общество

СУ РЕСУРСТАРЫНА «ИЕ» КӨП, БАСҚАРУДА ЖҮЙЕ ЖОҚ

ЕЛІМІЗДІҢ СУ РЕСУРСТАРЫ БҮГІНДЕ «ҚОЙШЫ КӨП БОЛСА, ҚОЙ АРАМ ӨЛЕДІНІҢ» КЕБІН КИІП ТҰР. ӨЙТКЕНІ ОЛАРДЫ БАСҚАРУ, ПАЙДАЛАНУ, ҚОРҒАУ, НЫСАНДАРДЫ ҚАУІПСІЗ ҚОЛДАНУ ІСІ 6 МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАН МЕН АЙМАҚТАРДАҒЫ ӘКІМДІКТЕРГЕ БӨЛІНГЕН.

Мәселен, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су қорын қолдану мен қорғаудың, сумен қамтамасыз ету мен оны бөлудің жалпы стратегиясын жасайтын болса, Ауылшаруашылығы министрлігі – су шаруашылығы қондырғысын пайдаланып, топтық су құбырлары мен жерді гидромелиорациялау ісін, Энергетика министрлігі – жер үсті суларының
көлемі мен сапасын қадағалайды. Ал, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі – ауыз сумен қамтамасыз ету мен жер асты суларының деңгейін барласа, Ішкі істер министрлігі – төтенше жағдайларды жоюмен айналысады. Денсаулық сақтау министрлігі – ауыз судың сапасы мен су объектілерін санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды жүзеге асырады. Әкімдіктер коммуналдық мекемелерді пайдаланады. Тоқетерін айтқанда, су ресурстары және су объектілері бойынша толыққанды әрі жүйелі жұмыс істейтін белгілі бір уәкілетті орган жоқ. 1995 жылға дейін дербес құрылым болған су ресурстары бойынша комитет 8 рет қайта құрылып, әртүрлі министрліктердің еншісіне берілді. Ең өкініштісі, мұның ақыры өмірлік маңызы зор саладан білікті мамандардың кетуі­не әкеп соқтырды. Саладағы өзге де түйткілді мәселелер – осындай «өзгерістердің» салдары. Бұл жөнінде таяуда Парламент Сенатында өткен басқосуда айтылды. Мүдделі органдар, салалық үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, экономикалық сарапшылар және сенаторлар мен депутаттар жиналған парламенттік тыңдаудан түйгеніміз Қазақстанда жыл сайын сумен қамтамасыз ету деңгейі төмендеп барады.

Егер алпысыншы жылдары судың жиынтық ағымы 120 текше метр болса, қазір осы көрсеткіш 101-ге төмендеген. 2020 жылға қарай бұл деңгей 80, 2030 жылы 72 текше метрге азаю қаупі бар. Бұған тұрғындар мен экономика салаларының суға деген қажеттілігінің артуы ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда су ресурстарының 56 пайызы ғана Қазақстаннаң өз жеріндегі су қоры, қалғаны трансшекаралық өзендер арқылы қалыптасқан. Мұндай жағдайда көлемі нақты айқындалған жерасты сулары айрықша маңызға ие. Өкінішке қарай, олардың барланған жаңа болжамдық қоры жоқ. 30-50 жыл бұрын жасалған гидрогеологиялық түсірілімдер бүгінгінің ақпараттық талабына сәйкес келмейді. Кейбір барланған су ресурстары үстінен құрылыс жүргізілгендіктен санитарлық ережеге сай емес. Қазақстанда үнемдеуге қанша жерден ынталандырылса да, күнделікті судың шығыны 40 пайызға тең болып отыр. АҚШ-та бұл көрсеткіш 11, Ресейде 21, Ұлыбританияда 23 пайыз екен. Бұл деңгейге жете алмауымыздың негізгі себебі – су инфрақұрылымдарының тозығы жеткен.
Ал оларды жаңалау үшін бөлінген қаржының қайда кетіп жатқаны белгісіз. Мәселен, 2011 жылдан бастап сумен қамтамасыз ету және суды бөлу жобаларын жүзеге асыруға бюджеттен 589 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар, 1,2 трлн теңге жұмсалған «Ақ бұлақ», «Ауызсу» бағдарламалары орталықтандырылған су жүйесімен ауыл тұрғындарының 80, қала тұрғындарының 100 пайызын қамтамасыз ету керек еді. Алайда, ауылдықтардың әлі 51 пайызы, яғни, 2,5 млн адам бұрынғыдай таза ауызсуға зәру. 87 қаланың 58-інде ғана канализациялық тазалау қондырғысы бар. Олардың көбі апаттық жағдайда. 29 қалада олар мүлде жоқ болғандықтан ақпа сулар қоршаған ортаға төгіліп жатыр. Құқық қорғау органдары су ресурстары саласында 5млрд теңге шығын келтірген 102 қылмыстық істі анықтады. Ел көлемінде гидротехикалық қондырғылар мен топтық су құбырларын реконструкциялауға арналған 50 жобаның 29-ын 10 жылға жуық уақыт бойы қолдану мерзімін бұзып пайдалануда. Осынша уақыт салынған Қарағанды облысындағы «Жәйрем-Қаражал» топтық су құбыры дұрыс жоспарланбай, сапасыз салынғандықтан пайдалануға берілмей отыр. Қазіргі таңда бұл нысанның құны 830 млн теңгеден 6,7 млрд теңгеге қымбаттаған. Мұндай мысалдар аз емес.
Енді Мемлекет басшысының биылғы Жолдауына орай, тұрғындарды сумен қамтамасыз ету үшін тағы да 250 млрд теңге бөлініпті. Мұның сыртында Азия банкі Қазақстанның төрт облысындағы ирригациялық желіні қалпына келтіру үшін 250 млн доллар қарыз берген. Бұл қаржының тиімді игерілетіні күмәнді. Өйткені, Экология, геология және табиғи ресурстар
министрлігі қазан айында жұмсалмай қалғандықтан, сумен қамтамасыз ету жүйелерін қаржыландыруды 10 млрд теңгеге қысқартыпты. Ал Есеп комитетінің мәліметтеріне сәйкес,
негізгі су арналарының 56 пайызы қаржы жоқтықтан тозып тұр. Яғни, су ресурстарының бір саласына қаржы жетпесе, екіншісінде ол игерілмей, қысқартылады. Бұл да оларды басқару, қорғау мен пайдалануда ортақ саясаттың, бірыңғай стратегияның жоқтығынан деуге толық негіз бар. Мұны жиында сөз алған Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың пікірі де айғақтады. Наталья Николаевнаның айтуынша, Су кодексі қабылданғаннан бергі 16 жылда алты заңнан туындайтын нормативтік актілер жасалып, қабылданбаған. Олар су шаруашылығы қондырғыларын есепке алу, су объектілеріне мемлекеттік мониторинг, мемлекеттік бақылау жасау ережелері, тағысын-тағы. Егер осы құжаттар болғанда су ресурстары
саласында орын алған олқылықтар саны әледеқайда азаяр еді. Тәуелсіздік алғалы бері су объектілері мен қондырғыларын толыққанды тізімдеп, рәсімдеу жүргізілмеген. Соның салдарынан олардың 70 пайызының тозығы жетсе, кейбірі мүлде істен шыққан. Мұның сыртында, жекеменшіктегі немесе иесі жоқ су қондырғыларын есепке алып, қадағалау құзыреті заң бойынша ешбір мемлекеттік орынға бекітілмеген.
Жиында баяндама жасаған сенатор Қайрат Қожамжаров тағы бірқатар мәселені ортаға салды. Олар сел, су тасқынынан тұрғындарға, халық шаруашылығына келетін зиян көп те, ал олардың алдын алу үшін бөлінген қаржының талан-таражға түсіп жатқаны. Елдегі 139 су нысандарының тек 4-еуінің ғана нормативке сай екені, қалғанының ластығы, улы химикаттарды, көмірқышқылды шикізатты қарқынды өндіру салдарынан Ақтөбе, Ақмола, Түркістан жерасты суларына қауіп төніп тұрғаны, Қазақстан үшін трансшекаралық суды қолдануды одан ары дамыту қажеттігі туып отырғаны және тағы басқалар. Сондай-ақ, ғалымдар мен экономикалық сарапшылар тарапынан нақты ұсыныстар айтылды. Барлық
айтылған әңгіменің негізгі түйіні су ресурстарын бірлесіп басқарудың ұлттық жоспарын қабылдау, білім беру және ғылыми зерттеу базасын дамыту, озық елдердің үлгісі негізінде халықты суды үнемдеу мәдениетіне тәрбиелеу қажеттігі болды. Жиын соңында сөз алған Сенат спикері Дариға Назарбаева су ресурстарын қорғап, тиімді қолданудың өзектілігін адамдардың сусыз үш күн ғана өмір сүре алатынымен, ал мұнай мен газсыз мыңдаған жылдар тіршілік кеше алатынымен байланыстырды. Оның айтуынша, су ресурстары мәселесін кешенді түрде шешу үшін оларды ғылыми тұрғыда зерттеп, зерделеудің маңызы зор болса, өкінішке қарай, бұл шараға аз қаржы бөлінеді. Негізінде, нақ осы мәселеде қаржы үнемделмеу керек. Себебі, ертеңгі күні су апатының қаупі төнсе, қазір атқарылып жатқан барлық жұмыстың құны көк тиын болмақ. Сенат төрағасы, сонымен қатар, жыл сайын су қорының есебі жасалып, суды үнемдеу технологиясының міндетті түрде іске қосылуы қажеттігіне назар аудартты. Бұл шара жергілікті атқарушы биліктің жұмысын бағалаудың бір
көрсеткіші ретінде айқындалуы керек. Тиісті заңнамаға судың сапасы мен пайдалану деңгейіне бақылау жүргізу, су қорларын барлау, анықтау құзыретін жергілікті атқарушы биліктің
құзыретіне беру, жерасты су қорлары бар өңірлерге пайдалы қазбаларды барлауға тыйым салу тетігін енгізу де уақыты жеткен іс. Үкімет осы ретте су ресурстарын сақтаудың бағдарламасын дайындап, онда осы шаралардың барлығы қамтылуы тиіс.
Айша ҚҰРМАНҒАЛИ,
«Заң газеті»

Комментарий