Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

СОҒЫЛДЫ ONLINE ҚОҢЫРАУ

Кеше мектептерде тұңғыш рет соңғы қоңырау шарасы онлайн форматта өтті. ҚР Білім және ғылым
министрі Асхат Аймағамбетов телеарна арқылы қазақстандықтарды оқу жылының аяқталуымен
құттықтап, барлық мектептерде сынып жетекшілерінің қатысуымен сынып сағаттары ұйымдастырылды. Жалпы, биылғы оқу жылының төртінші тоқсаны еліміздің білім саласы үшін үлкен сынақ болды. Ұстаздар қауымы төтенше жағдай режимінде білім беруді үйреніп, соңғы екі жарым айда оқушылар да қашықтан білім алудың қыр-сырын меңгерді. Білім министрінің
айтуынша, биыл дәстүрлі мектеп бітіру шарасы да болмайды.

Есесіне, «Birgemiz: ТҮЛЕК – 2020» деген ерекше атаумен бітіру кештерін өткізу тұжырымдамасы әзірленіп,
соған сай 3-4 маусымда түлектерге тиісті аттестаттар табысталады. Сондай-ақ, шара мектеп аумағында, ашық ауада, санитарлық нормаларды сақтай отырып ұйымдастырылады. Түлектер мектеп формасын киіп, бетперде немесе респиратор тағып, бір-бірінен екі метр қашықтықты сақтауы тиіс. Салтанатты жиынға тек ата-аналар ғана қатыса алады, бөгде қонақтарды шақыруға тыйым салынып отыр. Ал, ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесіне келсек, бұл жолы ҰБТ бұрынғыдай өз уақытында өтеді. Бұл туралы жуырда Білім және ғылым министрі журналистермен өткен онлайн-конференция барысында айтқан болатын. «Биыл ҰБТ маусымның аяғы мен шілде айының басында өз ретімен өтеді. Қазір қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде, келесі аппараттық кеңесте биылғы жылы ҰБТ қалай өткізілетінін нақты көрсету үшін осы мәселені қарастырамыз. Ең алдымен, біз ҰБТ кезінде санитарлық және санитарлық-эпидемиологиялық шараларды
күшейту туралы айтамыз. Шартты түрде, ол әуежайлардағыдай болады: баррикадалық лента, мұнда балалар
арасындағы қашықтық нақты шектеліп, ауданы анықталады. Екіншіден, аудиторияда тест тапсыратындардың санын кемінде екі-үш есеге азайту. Егер бұған дейін аудиторияларда шартты  түрде 100 адам болған болса, онда отыру кезінде карантинге байланысты аудиториядағы балалар санына қойылатын талаптар сәйкесінше азаяды. Міндетті түрде маскалар, респираторлар кию, желдету жүйесінің болуы, ауаны залалсыздандыру болады. Қазір біз осы мәселелер бойынша қарқынды жұмыс істеудеміз» – деп түсіндірген министр биылғы мектеп бітірушілердің арасында ҰБТ тапсыруға өтініш білдіргендердің саны рекордтық көрсеткішке жеткенін айтты. 131 мың бітіруші ҰБТ тапсыруға өтініш беріпті. Осылайша биыл мектеп түлектерінің 82 пайызы (бұған дейін 70 пайыздан аспаған) ұлттық бірыңғай тест тапсыратын болады. Оған барлығы 144 ҰБТ пунктері
жұмылдырылмақ. «ҰБТ – елімізде 16 жыл бойы өткізіліп келе жатқан емтихан. 16 жылда оған үйренетін, дағдыланатын кез болды деп ойлаймын. Мен өз басым осы ҰБТ дегенді жаз айларында ту етіп ұстап, оны бір керемет үлкен шара ретінде қабылдайтындарды түсінбеймін. Бұл – кәдімгі емтихан. Әрине оған 100 мыңнан астам бала қатысқаннан кейін ол бір науқан ретінде қабылданады. Бірақ негізінде оған үлкен назар аударып, бір керемет іс-шара сияқты қарағанды өз басым дұрыс емес деп санаймын. Ол кәдімгідей күнделікті
шаруаға айналуы керек» – деп ҰБТ-ға қатысты көзқарасымен бөліскен білім министрі «Біріншіден, бұл қазір тек оқуға түсу емтиханы. Екіншіден, оны төрт рет тапсыруға болады. Тапсыра алмасаң тамыз айында қайтадан тапсырып, оқуға ақылы түрде түсуге болады. Ақылы түрде түсіп, одан кейін басқа балалар өзінің грантынан айырылып қалатын болса, жақсы оқитындардың грантқа ауысуына болады. 50 балдан жинап, грантқа түсіп жатыр. Сондықтан оны үлкен проблема ретінде көруді құптамаймын» деді министр. Грант демекші, 2019–2020 оқу жылына барлығы 53 785 грант бөлінген болатын. Оның ішінде мемлекеттік тапсырыспен берілген грант көлемінің 47 пайыздан астамы инженерлік, өңдеу, құрылыс және IT технологиялар саласына, 8276 грант педагогикалық ғылымдарға, 4088 грант – жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика, 2200 грант қызмет көрсету, 1615 грант – өнер және гуманитарлық ғылымдарға,
2435 грант – ауылшаруашылық ғылымдар және ветеринария, 2183 грант – әлеуметтік ғылымдар, бизнес және экономика салаларына бөлініпті. Мұның сыртында атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін қосымша бес мың грант берілген-ді. Ал алдағы 2020–2021 жаңа оқу жылында қанша білім грантты қарастырылған дегенге келер болсақ, Білім және ғылым министрінің 18 мамырдағы бұйрығына сәйкес, биыл жоғары білімді
кадрларды даярлауға барлығы 53 864 грант бөлініп отыр. Ғылыми педагогикалық магистратура бағытына – 12 915, бейінді магистратура – 710, PhD докторларын даярлауға – 2355 тапсырыс бар. Десек те, биылғы жылға дейінгі деректерге көз жүгіртсек, елімізде білім гранттарының саны жыл сайын ұлғаймаса кемімеген. Мәселен, 2014–2015 оқу жылында жоғары білім алуға арналған грант саны 34 115 болса, 2015–2016 жылы 32 168, 2016–2017 оқу жылында 31 702, 2017–2018 оқу жылында ол 37 932 гранқа жеткен. 2018–2019 оқу жылында мемлекет грант көлемін бақандай 20 мыңға көбейтіп, 54 мыңға жуықтаған еді. Алайда, биылғы грант саны өткен жылмен салыстырғанда шамалас болғанына қарағанда билік соңғы уақыттағы келеңсіздіктерді ескерген сияқты.
Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті» 

Комментарий