Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Азаматхан ӘМІРТАЙ, «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсының төрағасы:«ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҰЙЫМДАР ДАУЫСЫН ЕСТІП ЖАТҚАН ЕШКІМ ЖОҚ»

– ХХІ ғасырда экономика, сосын саясат деген ұғым түбегейлі өзгеріске түсіп, әлемде экология бірінші орынға көтеріле бастады. Мұның мәні неде?
– ХХІ ғасырда әлем халқы 8 млрдқа жетуі мүмкін деген болжам бар. Кейбір сарапшылар оны 10 млрд-ға дейін апаруда. Яғни, табиғаттың мүмкіндігі сол халықты асырауға жетуі керек. Сондықтан, адамзат бүгін қоршаған ортаны қорғап, келешек ұрпаққа қалдыру мәселесін түсінді. Бұл бағыт, геосаясат қазір бірінші орында тұр. Қазіргі «СOVID-19» коронавирусының жағдайы тағы да осыны көрсетті. Табиғатымызды қорғамасақ болашағымыз бұлыңғыр. Алайда қоршаған орта бірінші орында тұр деген ой әлі де негізінен сөз бен қағаз жүзінде қалып отыр. Жаңадан дамып келе жатқан мемлекеттер тезірек өз экономикасын дамытуға күш салуда. Бұл өте қорқынышты жағдай. Табиғатты, қоршаған ортаны қорғау адамзаттың ойлап тапқан нәрсесі емес. Бұл заманауи қажеттілік, уақыт талабы. Адамдардың ашкөздігі табиғатты құртып жатыр. Әлемдік ұйымдардың бұл мәселеге байланысты жасап жатқан мораториясы, стандарты тек дамыған елдерде ғана қабылданып, дамымаған елдерде сөз жүзінде қалған. Оның үстіне, АҚШта Трамп Президент болғаннан бастап экологияға қарсы шабуылдар жасалып, мұнай өндірістерін, қайта өңдеу орындарын күшейту мәселесі жүріп жатыр. Бұл да ойланарлық жағдай. Егер қоршаған ортамызды қорғай алмасақ, планетамыз шектеулі ғана уақыт өмір сүре алады. Сондықтан, бұл мәселе бәріміз үшін, ұрпағымыз үшін керек. Әрқайсысымыз табиғатты қорғауды ең бірінші өзімізден бастауымыз керек. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегендей, қатаң тәртіп қажет. Өкінішке орай әлем елдері оны енгізуде ортақ тіл табыса алмай отыр. Бүгінгі күні ең үлкен проблеманың бірі – ғаламдық жылыну, климаттың өзгеруі. Сарапшылардың ойынша 2030 жылға дейін температура 2ºС-қа дейін көтерілуі мүмкін. Ары қарай көтеріле беретін болса мұхиттар мен теңіздердің су көлемі де көтерілетіні түсінікті. Қазірдің өзінде парникті газдан мұзды мұхит еріп, көп аралдар суға батып жатыр. Бұл ашкөз байлардың, әсіресе, мұнай-газ саласындағы саудагерлердің жасап отырған ісі. Өндірістік жарыс содан жүріп жатыр. Ал, Қазақстанға ең үлкен қауіп ауызсудың азаюынан болмақ. Тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әлемдік мемлекеттер бір келісімге келіп, тезірек бұл мәселені қолға алмаса болмайды.
– Қоршаған ортаны қорғау саласындағы әлемдік қауымдастықтың қауіпсіздік стандарттары талабының сақталуы Қазақстанда қай деңгейде?
– Иә, әлемдік стандарттар бар. Ең бірінші ауаға таралатын парниктік газды, қоршаған ортаға зиянды азайту,
қоршаған ортаға залал келтірмейтін дұрыс заттарды пайдалану, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне, тамаққа байланысты стандарттардың бәрі қабылдануда. Ол жағынан ешкімнен кем болып жатқан жоқ. Бірақ, ол стандарттарды дамыған, мәдениеті қалыптасқан елдер қабылдап отыр. Даму үстіндегі, экономикасы қиын-қыстау жағдайдағы елдер, керісінше, өзінің индустриясын дамытып жатыр. Мысалы, Қазақстан парниктік газды төмендету үшін Париж келісіміне қол қойып, ратификация жасады. Бірақ, стандартқа сәйкес жұмыс
жасамау үшін байтақ даламызды емес, тек қана бір шетін ластап жатырмыз деп қазір квота деген пәлені ойлап тапты. Таза жағының квотасын ластап жатқан жаққа сатып теңестіретін құйтырқы нәрсе жүзеге асуда.
Жалпы халықаралық стандарт дамыған мемлекеттердің басқаруымен іске асып отыр ғой. Ол біздің елімізге де керек нәрсе. Сондықтан, халықаралық стандарттарды қабылдап, экономикамызды соған сабақтастыруымыз қажет. Дамыған елдерде жасыл экономика дамуда. Біздегі қара экономика бір күні тоқтайды. Сол себепті енді жаңа бағытта жасыл экономиканы дамытуға көп көңіл бөлуіміз керек.
– Экологиялық партия құру талпынысы қоғамның қажеттілігі ме, әлде сайлау науқаны кезіндегі саяси
ойындардың көрінісінен туып отырған жағдай ма?
– Егер біз саяси дәрежеге көтере алмасақ экологияны қорғай алмаймыз. Сол себептен Қазақстанға экологиялық партия міндетті түрде керек. Сол арқылы біз ең бастысы көрші елдерге ықпал ете аламыз. Қандай да келісім болып, алпауыт елдер бізге өзінің қысымын жасайтын болса Президент экологиялық партияның қарсылығын алға тарта алады. Ол Президентке де үлкен бір қолдау болады. Сондай-ақ, елдегі
мәдениет пен бюджетті, экономиканы қалыптастырады. Көп азаматтар қарапайым заттарды ғана қамтып, жалпы экологияға көңіл бөлмейді. Өйткені, бизнестің, ақша табудың мәселесі бар. Сондықтан, біз жасыл экономиканы дамытуымыз керек. Бұл үшін «жасыл күш» міндетті түрде керек. Әрдайым әлемде жасыл мен қара экономиканың арасында күрес жүріп жатады. Қара экономика деген кезде мұнай мен өзге де жер асты байлықтарындағы өндірісті индустрияландыруға бағыттауға қарсы тұру оңай шаруа емес. Олардың ақшасы да көп, күші де мықты. Мысалы, дәстүрлі энергетикадан жаңартылған энергия көздеріне көшуде күн сәулесі
мен жел, су сияқты таза экологиялық әдістерді пайдалана отырып энергияны табу технологиясы әлемде дамып кетті. Біз оны әлі Қазақстанға кіргізе алмай отырмыз. Өйткені, біз көмір индустриясы мен мұнай-газ индустриясына қарсы тұра алмаймыз. Оның тек саяси партия күшімен іске асырылуы мүмкін. Экологиялық саяси партияның пайда болуы – заман талабы. Әлемде қазір мол қаражат шоғырланған үлкен қорлар бар. Су проблемасы жақындап келеді. Мысалға Қытайдан өтетін Іле өзенінен айырылатын болсақ онда Балқаш та келмеске кетеді. Ертіс өзенінің көлемі де қазір 1,5 есе азайып кетті. Қырғызстаннан келетін Талас өзені, Атыраудағы Жайық өзені мен Каспий, Арал теңіздерінің де қандай жағдайда екенін білесіздер. Осының
бәрі тек қана саяси күшпен көтерілетін мәселе.
– Әлеуметтік желіде «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы Өзбекстанның шекара маңына АЭС салуына қарсы екенін айттыңыз. Тіпті карантин біткен күні бұл мәселе бойынша митинг ұйымдастыратыныңызды мәлімдедіңіз. Ендігі шараның бәрі кеш болмай ма? 

– Өзбекстанда АЭС салу жоспарланып отыр. Бұған біз қарсымыз. Себебі МАГАТЭ-нің шешімі бойынша шекараға жақын жерде АЭС салынбау керек. Бұл ережеге Өзбекстан мән бермей отыр. Ең үлкен мәселе мынада. АЭС ол үлкен ғылымды қажет ететін ядролық технология. Онда зор энергия бар. Микро, макро, нано технологиялар толық болу үшін тәртіп пен нақты ғылым керек. Ол болмайтын болса, онда ертең жарылыс
орын алуы мүмкін. Сондықтан, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей сияқты елдерде АЭС салынуына қарсымын. Өйткені, ғылымсыз, халықпен келіспей ешуақытта АЭС салуға болмайды. Бұл жерде технологияны дұрыс қарастыру, терең ойластыру керек. Ол оңай зат емес. Бір күндік рахатқа кенелеміз деп халықты қырғынға
ұшыратып алмау қажет. Қазір күн санап технология өсіп, ғылым ғарышты игеруде. АЭС те сондай ауқымды бағыт. Бұдан біз қаша алмаймыз. АЭС та дамиды. Бұл болашақтың мәселесі. Егер салынатын болса дамыған елдердің технологиясын пайдаланған дұрыс. Бәрі МАГАТЭ стандарттарына сәйкес жүзеге асуы керек.
– Сардоба су қоймасындағы апаттан Қазақстан айтарлықтай зардап шеккенін Өзбекстанның Президенті мойындады. Халықаралық келісімдерді сақтамай, бұл нысанды қауіпсіздік талаптарын ескермей біржақты түрде салған Өзбекстаннан Қазақстан билігінің өтемақы талап етпеуі неліктен?
– Рас, Сардоба су қоймасындағы апатты Өзбекстан мойындады. Енді Қазақстанға міндетті түрде өтемақы
төлеу керек. Қаншама үй, ауыл су астында қалды. Сол суды кезінде олар Қазақстаннан қызғанды. «Сараң екі
рет төлейді» дейді ғой. Енді оны екі есе төлеп, екі есе қиыншылығын көріп, мойнына алған соң халыққа жәрдем береді. Оны Қазақстан міндетті түрде талап етуі керек. Бұл мәселе болашақта тағы да қайталануы мүмкін. Сол себепті оны Өзбекстан халықаралық сарапшылармен түбегейлі шешкен жөн. Арнайы құрылатын халықаралық комиссияға Қазақстан да мүше болып, мәселені қолға алуы тиіс. Мүмкін су мәселесін шешуде Өзбекстанның белгілі бір шарттарды өз мойнына алуы керек шығар. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен экологияға жауапты құрылымдары бұл мәселені қолға алып, келісімге келу керек. Келісімшарттарға қол қойып, оны бақылауға алуы тиіс.
– Қазақстан Орталық Азия ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында да біршама уақыт бойы экология саласында арнайы министрлігі жоқ жалғыз ел болып келген еді. 2019 жылы жаңадан құрылған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі бұл салада қандай да бір өзгеріс жасай алды ма?
– Қазақстанның ТМД елдері арасында да соңғы 10 жылда экологиялық министрлігі жоқ мемлекеттің бірі болып келгені рас. Экология министрлігінің болмауына мұнайшылар мен табиғатты пайдаланушы бизнес олигархтарының ықпалы әсер етті. Олар кезінде жұмыс істеген экология министрлігін ыдыратып, энергетика министрлігіндегі бір комитетке айналдырды. Яғни, бақылайтын орган энергия ресурстардың астында қалып қойды да, экологтарымыз тұншығып, ештеңе айта алмады. Соның әсерінен экологиялық жағдай мен экологиялық стандарттар бізде толық бақыланбады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып тағайындалғанда біз осы мәселені көтердік, айттық. Сол кезде мемлекет басшысы арнайы министрлік құрылатынын жеткізді. Бүгінгі күні ол құрылып, өз жұмысын атқарып отыр. Бірақ, бір қызығы экология министрлігіне геологияны қосып қойған. Экология мен геология бір-біріне онша үйлесе бермейді. Бізге
мүмкіндігінше экологияны сақтайтын, қоршаған ортаны қорғайтын жеке министрлік керек. Біз бұл мәселені де жіті бақылап отырмыз.
– Қазақстандағы экологиялық ұйымдардың белсенділігіне қандай баға бересіз?
– Экологиялық зардабы бар өңірлердің бәрінде экологиялық ұйымдар белсенді. Әсіресе, Алматы қаласы мен
Атырау өңірінде ол жоғары деңгейде. Бірақ, олардың дауысын естіп жатқан ешкім жоқ. Олар өзімен өзі боп қалды. Сондықтан, біз экологиялық альянс құрып, басын біріктіріп жатырмыз. Экологиялық ұйымдар енді жыл
сайын өсіп, күшейе береді. Дағдарысқа келген салаларда қоғамдық ұйымдардың белсенділігі арта түсетіні
заңды нәрсе. Жаңа экологиялық кодекс жасалмақ, алайда ол қаншалықты пайдалы болады, оның бәрі айтылды, жазылды. Оған біз де қатыстық. Бұл жердегі үлкен бір мәселе біздің мемлекет бюджет түсімінің үлкен бөлігі мұнайдың арқасы дейді. Сондықтан, қалай болса да мұнайды көбірек сатуымыз керек, кейін ол керек болмай қалады деп жүр. Ол дұрыс емес. Мұнай бізге ғана емес болашақ ұрпаққа да керек болуы мүмкін. Бізде қоғамдық ұйымдар бар. Бірақ, олар қаншалықты тәуелсіз, қаншалықты құндылықтарды соңына дейін жеткізіп, мүддемізді қорғап қалады?
Бұл мәселеге өте ұқыпты қарауымыз керек. Қазір олигархтардың түрлі топтары бар ғой. Солар өздерінің қоғамдық ұйымдарын құрып, оларды өздерінің мүдделерін қорғауға жұмыс істеткізіп жатыр. Бізге ең бастысы тәуелсіз, құндылыққа адал болатын қоғамдық ұйымдар қажет. Сол кезде ғана экологияны қорғай аламыз. Жалпы өз басым қоғамдық ұйымдардың белсенділігі елімізде мықты деп айта алмаймын. Кәсібилік, білім, идея жетіспейді. Айғай басым, идеямен конструктивті жұмыс жасайтын, инвестиция әкелетін қоғамдық ұйымдар жоқ.
– Әріптестеріңіз тарапынан экологиялық бағыттағы жаңа партия құруға ұсыныс жасалса, бұл идеяны
жүзеге асыруға дайынсыз ба?
– «Байтақ-Болашақ» экологиялық альянсы «Көкбөрі» жасылдар партиясын құрып жатыр. Партияның атын
неге бұлай атағанымызды білгіңіз кеп тұрған шығар. Біріншіден, көкбөрі – табиғаттың санитары. Ол жануарлар әлемінің бір бөлігі. Қасқырдың саны аңшылардың әсерінен соңғы кезде азайып бара жатыр. Экологиядағы баланстың бұзылу себептерінің бір әсері осында болуы мүмкін. Екіншіден, көкбөрі – тек қазақ қана емес, бүкіл түркі халықтары үшін киелі жануар. Сондықтан, біз жасылдар партиясын әр азаматтың жүрегінен орын тапқызу үшін осы атты қабылдадық. Негізгі мақсат – сау адам, бақытты отбасы, өркениетті Қазақстан орнату. Біздің міндет табиғатпен етене өмір сүрген бабаларымыздың ұстанымын жаңғырту. Әлі күнге дейін «суға түкірме», «жерге түкірме» деген түрлі тыйымдарды айтады ғой үлкендер. Оның бәрі мәдениет, қоршаған ортаға деген көзқарастың жоғарылығы. Рухани жаңғыру деген осы.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ
«Заң газеті»

Комментарий