Қоғам | Общество

«Одан ұялудың еш қажеті жоқ»: министр өзінің қалай оқуға түскенін айтты

Олар жауапкершілікті ата-аналарымен теңдей бөлісіп, тәртіпті және алғыр бола білді.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов пандемия кезіндегі қиын жағдайға қарамастан, балаларының білім алуына жағдай жасаған ата-аналарға және ұстаздарға алғыс айтты. Сондай-ақ, кезінде өзі мектеп бітірген соң, бірден оқуға түсе алмағанын айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

“Сіздердің қолдауларыңыз, үйде отырып білім алуға жағдай жасауларыңыз қашықтан оқытуды ұйымдастыруға бізге мүмкіндік берді. Иә, әрине сын көп айтылды. Дегенмен, сіздер түсіністік танытып, балаларымыздың болашағы үшін осы мәселені жеңіл қабылдадыңыздар. Сол үшін сіздерге алғыс айтамын. Оқушыларға деген ризашылығым шексіз. Олар жауапкершілікті ата-аналарымен теңдей бөлісіп, тәртіпті және алғыр бола білді”, – деп барша ата-аналарға ризашылығын білдірген Асхат Аймағамбетов, мектеп бітірушілерге жалынды сөздерімен жігерлендірді.

Ол  оқушыларды алған бетінен қайтпай, еңбектенуге шақырды және ҰБТ тапсырғанда еш қорықпау керектігін ескертті.

“Құрметті мектеп бітірушілері, әркім болашағының жарқын болғанын армандайды. Сіздер мықты ғалым, табысты кәсіпкер ғана емес, адамгершілігі зор жақсы адам, биік тұлға болатындарыңызға сенімдімін! Тәуекелге бару арқылы ғана әркім өзі армандаған мамандықтың иесі бола алады. Ең бастысы – мүмкіндіктерді пайдалана білу керек. Еш қорықпаңыздар! Алған беттен қайтпау – өте маңызды екенін өз басым білемін. Нақты қадам жасап, ойыңыздағыны іске асыру керек. Мәселен, мен мектеп бітірген соң бірден, бір жылдың ішінде грантқа түсе алмадым. Одан ұялудың еш қажеті жоқ.

Менің алдымда екі таңдау болды. Біріншісі – ақылы түрде оқу, екіншісі – 1 жыл дайындалып, кейін ҰБТ-ға қайта тапсыру. Сол кезде 1 жыл дайындалып, тесті қайта тапсырамын деп шешім қабылдадым. 1 жыл уақытымды табанды дайындық пен жұмысқа арнап, нәтижесінде келесі жылы армандаған грантқа қол жеткізген болатынмын.

Жақында басым көпшілігіңіз ҰБТ тапсырасыздар, одан қорқудың ешқандай қажеті жоқ. Бұл – жай сынақ. Оның үстіне, ол өмірлеріңіздегі ең жеңіл емтиханның бірі болады. Айналадағы адамдар “қолдарыңнан ештеңе келмейді” десе де, табандылық пен сабырлылық, күнделікті  еңбек пен алға қойған мақсаттарыңыз белгілі бір нәтиже әкелетінін естен шығармаңыздар!”, – деді оқуға бірден түсе алмаған министр

Комментарий