Қоғам | Общество

“Balapan” телеарнасының экс теле-жүргізушісі Ерімбет Фатимамен эксклюзивті сұхбат

– Сәлем, Фатима! Ең әуелі көпшіліктің көкейіндегі сұрақтардың бірінен бастасақ, қазір Фатима қайда? Немен айналысып жүр? Неге теледидардан көрінбей кетті?

– Сәлем! Иә, елімізде орын алып жатқан жайттарға байланысты карантин деп жатқан соң, дәл қазір мен де үйімде, өз отбасыммен біргемін.
Балапан телеарнасының жүргізушісі болған кезімде, белгілі контракт және шарт болды. Ол шартта “жүргізуші бұл бағдарламаны 12 жасқа дейін жүргізу керек, ” делінді, содан кейін өзіме 1 жыл уақыт бердім-дағы, ары қарай жұмыс жасауға кірістім. 1 жарым жылдай Қорғаныс министрлігінің “Әскерге саяхат” бағдарламасының жүргізушісі болдым. Балалардың әскер туралы білімін арттыру үшін. Себебі кішкендай бүлдіршіндерден “әскери адам деген кім”, деп сұрасаң, олар: “бір үлкен,қатал ағай,арнайы киімі бар”-деп жауап береді.Сол үшін біз осы уақытқа дейін көрермендермен бірге әскерге саяхат жасап жүрміз. Алла қаласа карантин біткен соң, жеке “Әскери тыныс” атты бағдарламаның түсіріліміне кірісеміз.

– Жақсы. Жалпы бұрын сенің жүргізушілік өнеріңді көгілдір экраннан тамашалап таңдай қаққанымыз рас. Алайда біз білмейтін Фатиманың тағы қандай қырлары, өнерлері бар?

– Рақмет! Мен үшін бұл сөздер тағы да шыңдала түсуіме үлкен себеп. Расымен де, “өнерлі адам барлық қырдан өнерлі” дейді ғой, бірақ менің жағдайымда емес шығар.(күліп ) Мен ән айтуды жақсы көремін, вокалға қатысып жүрмін, фортепианада ойнауды, ініммен, әкеммен бірге шахмат ойнауды жақсы көремін және арнайы үйірмелерге де барып жүрмін. Шахматтан 4 разряд, фортепианода 5-6 композиция о йнай аламын. Сурет салуға қызығып, балетке де қатысып жүрген кездер болды, бірақ менікі емес екенін түсіндім. Қолөнерді де ұнатамын.

– Болашақта қандай маман иесі атануды көздеп отырсың? Өзің бұрыннан бойың үйренген журналистік жолда жалғастырасың ба, әлде әншілік жолға бет бұрасың ба? Жалпы сеніңше, жүргізуші болу оңай ма?

– Мен болашақта бірінші адам болып қалсам екен деймін, осы әлемге, қандай да бір үлкен-кішкентай үлесімді тигізу – мен үшін басты мақсат және де, туған елімнің сүйікті қызы болып,көк туын бүкіл әлемге паш ету. Ал өмірде жалпы еш нәрсе оңайынан келмейді ғой, жүргізуші болу – бұл үлкен жауапкершілік. Тікелей эфирде сөзді дұрыс айтып,импровизация қосып, тосын жағдайлардан шығып кету – жүргізушінің басты мақсаты. Әр жағдайда еркін болып қалу, қобалжып қалмау. Бірақ, егер бұл іс саған болашақта пайдасын тигізсе және сол іспен айналысуды жақсы көрсең, қиындықтар болмайды.

– Болашақта саған не маңыздырақ болады деп ойлайсың? Өз мансабыңа көп көңіл бөлесің бе, әлде отбасыңа, жеке өміріңе ме?
– Отбасым бірінші орында. Бұл менің өмірім. Құдай қаласа өскен соң кім болсам да, қайда жүрсем де, жанұяма уақытымды бөліп жүруге тырысатын боламын.

– ХХІ ғасырдың буыны ретінде бүгінгі күннің шынайы достығының бар екеніне сенесің бе? Мысалы мен – сенбеймін.
– ХХІ ғасыр болсын, басқа ғасыр болсын шынайы достық қала береді. Тек адамдар өзгереді. Қазіргі заманның қынжылтатыны адамдар «рақмет», «оқасы жоқ» сынды ризалық білдіретін сөздерді мүлдем айтпай кеткені. Дегенмен шынайы досты да, шынайы жандарды да табуға болады. Оның барлығыңа өзіңе, өз пейіліңе байланысты, Алланың қалауымен келеді.

– Орынды айттың. Енді өзің білім алып жатқан білім ордасы жайлы айтып өтсең…Қандай мектеп? Қаншаға оқисың? Білуімше өз мектебіңінің президенті екенсің, рас па?

– Иә, елдің жанашыры, алаш қайраткері, Әлихан Бөкейхан атындағы №76 мектеп-лицейінің 9-сынып бітірушісімін. Тек беске мен 1-сыныптан, 6-сыныпқа дейін оқыдым, ал сосын бағдарламалар жүргізіп, неше түрлі үйірмелер мен сахнаның шаңын тоздырып жүргенімде, математика пәнінен 4-ке түстім, бірақ, сабақты жақсы оқимын. Осы жазда білімімді біраз шыңдап, сабақ кезінде қалып жүрген тақырыптарды қарастыруға жоспарым бар. Қазіргі заманда балаға барлығы қарастырылған, бізге алдымызға қойылған бір-ақ мақсат: ол тек оқу. Шынымен, ата-анаңның үмітін ақтаймын десең, кітап оқы, ізден, және ең бастысы, “бұл нәрсенің барлығы маған керек емес,”-деп айтпай, тек керекті, басты аспектілерін білсең болды, қалғаны өз орнына келеді. Біз ХХІ ғасырдың ұрпақтарымыз, ертең технология дамып, барлығын білекпен емес, біліммен шешетін заман келе жатыр. Иә, 2019-2020 жылдың президенті атануға бұйырды. Өте қуаныштымын. Бірақ, карантин деп 3 айлық 4-тоқсанымызды мектепте өткізе алмадық , ештеңе етпес, мүмкін келесі жылы барлығы болар, жамандық келсе, артынан 3 жақсылық келеді.

– Дұрыс айтасың, Фатима сенің ақындық өнерің де бар дейді, бұған не дейсің?
– Иә, ақындық өнерімнің бары рас. Шабытым келгенде шарқ ұрып, қалам алып жаза кетем. Бұл қасиетім маған атымнан дарыған деп білем. Атам-Мылтықбай Ерімбетов ақын, «Мырзашөл» журналының бас редакторы болған. Дегенмен мен өзімді ақын болам деп айта алмаймын, сонда да кім біледі…
Ұлттардың достық ұясын,
Ұстаған бейбіт мекенбіз.
Дүниенің шолып қиясын,
Арманға асқақ жетерміз –
деп жырлағанымдай аласармас армандарым таусылмаса, жететініме сөзсіз сенемін.
– Фатима жарайсың, сендей жалынды, мақсаты айқын жастарымыздың қанат қағып келе жатқанына шын жүрегіммен қуаныштымын. Өзіңнің болашақ ұрпаққа, артыңнан ілесіп келе жатқан жас өрендерге айтар лебізің болса…
– Жаңа айтқанымдай, менің қатарластарыма және біздің артымыздан бой түзеп келе жатқан жас өрендерге тек қана сабақ оқысын, мектептік шақтарыңызды, өз бағалы уақыттарыңызды ТИІМДІ пайдалануға әрекет жасау керек дегім келеді. Арманың болса, армандап қой және әрекет жаса! Бүгінгі сұхбат үшін үлкен рақмет! Деніміз сау болып,жақындарымыз аман болсын!
Дина, саған да үлкен рақмет, үлкен биік белестерден көріне бер!

Сұхбаттасқан:
Дина ЛИТПИН

Комментарий