Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Сайын БОРБАСОВ, саясаттану ғылымдарының докторы:”Бізде кездейсоқ адамдар сайлауда жеңіске жете алмайды”

– ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы биыл қалай жүзеге асуы мүмкін?
– Қазақстандағы бұл Президенттік сайлау билік транзитінің басталуына байланысты кезектен тыс өтейін деп жатыр. Қазір біздің саяси өмірімізде постназарбаевтық билік транзиті орын алып отыр. Елбасы 2019 жылдың 19 наурызында сағат 19-да президенттік биліктен кеттім деп жариялады. Конституция бойынша Сенат төрағасы спикер Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып тағайындалып, оған Парламент келісім берді. Менің ойымша, Президент сайлауын асықпай 2020 жылғы желтоқсанның бірінші жексенбісінде де өткізуге болушы еді. Бірақ, билік осылай деп шешті. Оны Парламент қолдап отыр. Сондықтан Қазақстан халқы қазір кезектен тыс Президент сайлауына дайындалуда. Президенттік сайлауға үміткер боп қатысатын азаматтарды саяси патиялар немесе қоғамдық қозғалыстар ұсынады. Бірақ, президенттікке ұсынылу барысында 100 мың адамның қолын жинауы қажет. Одан кейін ол міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі, 5 жыл мемлекеттік қызметте істеуі және 15 жыл Қазақстанда тұруы керек. Биліктегі азаматтардың ондай талаптарды орындауы қиын. Мысалы, бизнес пен саяси элита өкілдері мемлекеттік тілден емтиханды Нұрсұлтан Назарбаев сияқты тапсыра алмайды. Ал, енді Қасым-Жомарт Кемелұлы менің ойымша осы талаптардың бәріне сәйкес келеді. Сондықтан ол міндетті түрде ұсынылады және халықтың басым дауысын алатын шығар деген болжамым бар. Себебі, оны Елбасының өзі қолдап отыр. Елбасы қолдаған соң оның артында тұрған «Nur Otan» халықтық демократиялық партиясы қолдайды. Облыс, аудан, ауыл әкімдері түгелдей дерлік партия мүшелері. Сондықтан, әкімшілік ресурсының барлығы Қ.Тоқаев жағында болады. Ол 90 пайыз болмағанмен 60-70 пайыз көлемінде бірінші турда-ақ жеңіске жетеді деп ойлаймын.
– ҚР Президенті сайлауының тарихына көз жүгіртсек бізде оған бір емес, бірнеше рет үміткер болғандар ғана емес, онда өз дауысын басқа үміткерге бергендері де бар екен.
– Экологиялық қозғалыс төрағасы Мэлс Елеусізовты айтып отырсыз ғой. Ол кісі биыл да қатысам деп айтыпты. Ал енді оның сол кезде мен өз дауысымды Н.Назарбаевқа бердім дегені дұрыс болмады. Бізде Президент қана емес, Парламент сайлауына да кейде үміткерлердің жеңіл-желпі қарау үрдісі бар. Бұл демократиялық мемлекеттерге жат. Әр сайлау тағдырлық маңызға ие дүние. Ол қоғамның дамуын айқындайтын, қоғамды дұрыс бағытқа бағыттайтын ең озық, ең білгір, ең сұңғыла, ең патриот, ең отаншыл адамдардың билікке келетін сайлауы болу керек. Сонда ғана қоғам дұрысталады. Сондықтан оның дұрыс өтуі, трансферентті болуы, ашық болуы, дауыстардың дұрыс саналуы, сайлауға халықтың келуі, дауыстың ұрланбауы, бір адам басқа адамның орнына дауыс бермеуі, сайлау заңдылығының толық сақталуы халықты тәрбиелейді. Бұл әділеттіктің жолындағы дүниелер. Сондықтан Қазақстан халқы сайлауға өте мұқият болуымыз керек. Онда осы уақытқа дейінгі қателіктерді қайталауға болмайды.
– Сайлаудың билікке лайықты адамдардың келуіне көмектескенімен, кездейсоқ адамдардан қорғауға ешқандай кепілдік бере алмайтынын да жоққа шығаруға болмайды ғой?
– Қазақстанда бұл қауіп жоқ. Қазақстандағы сайлаудың ерекшеліктері оған билікке жақын жүрген адамдар келеді. Бізде кездейсоқ адамдар сайлауда жеңіске жете алмайды. Себебі біздің халықтың менталитеті бойынша бизнес пен саяси элита бұрын билікте болған, сыналған тәжірибесі бар, халыққа церемоналдық тұрғыдан көрінген адамдарды ғана президенттікке ұсынады. Қазақстан халқы ешуақытта көлденең көк аттыға дауыс берген емес. Мысалы, сайлауға бір емес бірнеше рет қатысқан Жақсыбай Бәзілбаев деген азаматты мен жақсы танимын. Өте білімді азамат, бірақ оның артында ешбір әлеуметтік күш жоқ. Ол көп болса 1-2 пайыз дауыс алады. Одан артық ала алмайды. Себебі ол билікте болған жоқ. Саяси элитадағы танымал тұлға емес. Қазақстанда халық тек танымал фигураларға ғана дауыс береді. Енді сол үрдіс Тоқаевқа да байланысты қайталанады деп ойлаймын. Себебі ұзақ жылдар бойы билікте келе жатыр. Қазақстан халқына ғана емес, шет елдерде де зор құрметке бөленген адам. Соның өзі оған біраз дауыс әпереді. Жастар да оны жек көрмейді. Ол бірінші өте жаңашыл адам. Екінші, бірнеше шет тілін біледі. Үшінші, қазақи ортадан шыққан. Сондықтан оның мүмкіндігі өте жоғары.
– Кей кезде сайлауға үміткер болғандардың қол жинау барысында тізімін өткізген 100 мың адамның дауысын сайлауда жинай алмайтындары жиі кездесіп жатады. Оны қалай түсінуге болады?
–Бұл олардың қол қоюды ашық, заң негізінде адал жүргізгеніне күмән келтіреді.
– Қоғам ашық болмаса оны жеке адамның немесе партияның диктатурасы алмастырады деген түсінікке қалай қарайсыз?
– Бізде қоғамды ашық деп те, жабық деп де айта алмайсың. Біз әлі де болса транзиттік демократиядағы қоғамбыз. Бізде толыққанды демократия орнаған жоқ. Толыққанды демократия дегеніміз не? Онда адамдардың сайлау құқығы шектелмеу керек. Партиялық тізім деген демократиялық елдерде жоқ. Онда кез келген адам өзін-өзі ұсына алады. 100 мың адамның қолын жинау, мемлекеттік тілді білу деген талаптар да жоқ. Біздегі артық талаптардың өзі демократияның, адам құқықтары мен бостандықтарының әлі де шектеулі екенін көрсетеді. Сондықтан, демократиялық елдер Қазақстанды авторитарлық мемлекеттердің қатарына жатқызады. Оны биліктің өзі де мойындайды. Қазақстанда негізінен
«Nur Otan» халықтық демократиялық партиясы билік жүргізіп отыр. Оның лидері Нұрсұлтан Назарбаев шешуші рөл атқаруда. Сондықтан бізде барлық мәселе бір адамға ғана тіреліп жатады. Бізде шын мәніндегі диктатура да жоқ. Диктатура деген таңнан кешке дейін
адамдарды әрбір сөзі үшін қудалау ғой. Осы сөзім үшін мені ешкім қудаламайтынын білем. Себебі бізде белгілі дәрежеде сөз бостандығы бар.
– ҚР Тұңғыш Президентінің «адам еркін болмайынша – қоғам еркін болмайды. Қоғам еркін болмайынша – ой еркін болмайды. Ойың еркін болмайынша – ісің алға баспайды» деген сөзі бар еді.
– Сіз өте дұрыс аңғарғансыз. Қоғам еркін болмайынша – сана еркін болмайды. Ал, сана еркін болмайынша – қоғам дұрыс дамымайды. Біздің қоғамды кері кетіріп отырған, дамуына тежеу боп, тұсау салып отырған осы құбылыс. Шын мәнінде бізде осындай еркіндіктер жоқ. Неге оппозицияға еркіндік бермеске? Оппозиция жау емес қой. Мықты болсаң оппозицияны қудалама, еркін сөз, ой, пікір, теория бәсекесінде оның қатесін дәлелдеп бер. Сонда сені халық жақтайды. Оппозиция қоғамдағы аурулардың, кемшіліктердің бетін ашады. Біз осыны ғалым ретінде өз еңбектерімізде, мақалаларымызда талай рет жаздық. Ауырған адамға жазылу үшін дәрі қандай керек болса, қоғамға оппозиция да сондай керек. Оппозиция түрлі ауруларға қарсы дәрі. Демократиялық қоғамның ең басты атрибуттарының бірі. Оппозиция болмаса қоғам дамымайды. 2010 жылға дейін Қазақстан қоғамында экономикалық өрлеу болды. Біз осы қоғамның бостандықтарын шектей бастағаннан кейін экономикалық даму да шектелді. Яғни – рухани, демократиялық бостандық, адамдардың санасының бостандығы түптің түбінде материалдық дамуға әкеледі. Неге батыс мемлекеттері бай? Өйткені оларда адамдардың ойы бай, қиялы бай. Қиял болмай даму болмайды.
– «Егер саяси оппозиция болмаса, онда оны болдыруға тырысу керек» деген пікірге қалай қарайсыз?
– Өкінішке орай бізде сөз бір жақта, іс бір жақта. Коммунистік партияның қателіктерін қазір біз Қазақстан қоғамында қайталап жатырмыз. Біз пікірге ден қоятын билік құруымыз керек. Сол билік қана бәрін дұрыс ұйымдастыратын болады. Онсыз бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосыла алмаймыз. Бізде жақсы идеялар көп, бірақ «біз бәрінен озып жатырмыз» деген, артық мадақ пен марапат та көп. Кеңес одағы кезінде біз кемелденген социализм, коммунизм құрамыз деп мақтандық. Бірақ, бірде-бірін орындамай, ең соңында өзі құлап түсті. Біз осыдан сақ болуымыз керек.
Билік деген ең алдымен жауапкершілік емес пе?
– Әрине жауапкершілік. Билікке келген адам белгілі дәрежеде өз мүддесін ойлайды. Билік иелерінде жоғары жалақы болғаны жөн. Үлкен билікте тұрып кішкентай жалақы алатын болса ол дұрыс болмайды. Содан кейін ол жалақысына сәйкес жұмыс істейтін болады. Д.Қонаевты неге ел әлі есінен шығармай құрметпен қарайды. Себебі адал болды, халқына қызмет жасады. Өлгенде артында бір-ақ үйі қалды. Басқа түк те қалған жоқ.
– Әр сайлаудың өз технологиясы болады. Бұл жолғы Президент сайлауының қандай ерекшеліктері болуы мүмкін?
– Сайлауға берілген мерзім өте аз. 1,5 айда барлық үміткер бірдей өз имиджін қалыптастырып үлгермейді. Бұл сайлауда кімде имидж бар сол жеңеді. Қалғаны өзін халыққа көрсетіп үлгермейді. Бұл сайлаудың ерекшелігі осы. Сондықтан билік өз қолындағы мүмкіндікті пайдаланып, өзінің өкілін президенттікке өткізіп алайын деп отыр. Бұл шындық. Оның жасырып, жабатын ештеңесі жоқ. Басқа кандидаттар халыққа жағатын имиджін жасап, өзін таныстырып үлгермейді.
– Сайлауды электронды жүйеде өткізуге бола ма?
– Әлемнің дамыған елдерінің бәрі де қағаз бюллетенмен дауыс береді. Ең демократиялық ел саналатын АҚШ-тың өзінде электрондық сайлау деген жоқ. Сайлауды электронды жүйеде өткізуге бола ма деген кезде мәселенің бәрі қоғамның ашықтығына келіп тіреледі. Сайлау комиссиясы мүшелерінің дауыс беруге келмеген адамдардың бюллетендерін заңсыз пайдаланған жағдайлары бізде бұған дейін аз болған жоқ. Бізде жергілікті билік органдары өз сайлаушылары дауыс беруде белсенді болды деп жоғарыға есеп беруге әбден үйренген. Оның бәрі кеңестік жүйенің синдромы. Бұлай істеуге болмайды. Әрбір сайлау участогы мен округы сайлауды барынша әділ өткізуге күш салуы керек. «Экзит пул» деген бар. Онда сайлаушылардан бақылаушылар кімге дауыс бердіңіз деп сұрап, алдын ала болжайды. Оның болжамдары әрдайым дұрыс шығып тұрады. Мәселен, Украинадағы Президент сайлауының бірінші кезеңінің қорытындысын экзит пул бір апта бұрын болжап берді.
– Сайлауда біздің саясаткерлер неге белсенді емес?
– Олар жеңіске жете алмайтынын біледі, өйткені арттарында партиялар тұрған жоқ. Сондықтан, сайлауға қатыспайды ғой деп ойлаймын. Егер өз партиясының серкесі болса неге сайлауға қатыспасқа. Өкінішке орай біздегі партиялардың бәрі үкімет жағындағы партиялар.
– Билік кезектен тыс бұл сайлауды негізінен экономикалық жағдайға және шетелдік инвесторлармен байланыстыруға тырысуда.
– Оның бәрі бос сөз. Инвесторларға сайлаудың ешқандай қатысы жоқ. Егер қоғамда тұрақтылық болса, өзіне жағдай жасалса болды. Оларға сен бір емес бірнеше сайлау өткізесің бе бәрібір.
Қазақстандағы соңғы сайлауларда Алматы жұртшылығының белсенділігі өте төмен екені байқалып жүр.
– Менің болжамымша, сайлаушылардың қатысуы биыл да Алматыда 40 пайыз, ал, Қазақстанда 82 пайыз шамасында болуы мүмкін. Алматы жұртшылығының биліктен көңілі қалған. Олар бұған бас ауыртып қайтем, бәрі онсыз да белгілі ғой дейді. Жалпы бұл көзқарас дұрыс емес. Олар жақсы болсын, жаман болсын сайлауға қатысты өз пікірін оған қатысу арқылы ашық білдіруі керек.
– Биылғы Президент сайлауында үміткерлікке ұсынылып жатқандар арасында жастардың төбе көрсете бастауын қалай бағалайсыз?
– Ол дұрыс. Жастар мұнда жеңбесе де зор саяси тәжірибеден өтеді. Халыққа да үлкен қуаныш сыйлайды.
– Кандидаттардың бағдарламаларынан биыл қандай да бір жаңалық күтуге бола ма?
– Креативті жастар жаңалық жасай алады. Мысалы, жанар-жағар май бағасын арзандату, ол үшін жаңадан бірнеше мұнай өңдеу зауыттарын ашу көп адамның көңілінен шығар еді. Сол сияқты көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшерін ұлғайту мәселесі. Біздің ғалымдар көп балалы аналарға берілетін жәрдемақының мөлшерін есептеп, оның әрбір балаға 42 мың көлемінде берілу керек екенін айтуда. Сол сияқты Алматының экологиясын жақсартуда жылу энергетикасы станцияларын газға көшіруден ғана экологияны 2 есе жақсартуға болады екен. Ал, бензин сапасын жақсартсақ оны тағы 2 есе жақсартуға мүмкіндік бар көрінеді. Осындай ерекше ұсыныстар жасайтын адамның бағдарламасы халыққа ұнары күмәнсіз.
– Президент сайлауына қатысатын адамдардың сайлау алды бағдарламасын жүзеге асыруына заңнамада қандай да жауапкершілік қарастырылған ба?
– Қазіргі таңда бұл үшін жауапкершілік заң жүзінде қаралмаған. Президенттік бағдарлама ең алдымен моральдық жауапкершілік қой. Сөз бен ісің бір болса саясатың да жақсы болады. Жалпы, бізде сөз бен істің арасындағы алшақтық саясатты өрге бастырмай келе жатыр ғой.
– Әңгімеңізге рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий