Қоғам | Общество

Министр түлектердің ҰБТ-ны қалай тапсыратынын айтты

Білім министрлігі басшысының айтуынша, ұлттық бірыңғай тесті тапсыруға 130 мыңнан астам түлек өтініш берген. Министр Аймағамбетов биыл түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуді қалай тапсыратынын айтты. 

Осы жылы ҰБТ-ны дәстүрлі форматта, маусымның соңы мен шілденің басында өткізу жоспарланған. 131 мың қазақстандық түлек тест тапсыруға өтініш берген. Қазір білім және ғылым министрлігі тестілеуге дайындық жұмысын жүргізіп жатыр.

“Келесі аптада, сейсенбі күні аппарат жиналысында біз дайындық барысын қарастырамыз. Ең алдымен, әрине, ҰБТ өткізу кезінде санитарлық-эпидемиологиялық шараларды күшейту және санитарлық талаптарды сақтау мәселелері туралы сөз болады”, -деді Аймағамбетов брифингте.

Министрлік абитуриенттер арасында ара қашықтықты сақтау үшін әуежайлардағы секілді баррикадалық ленталарды пайдалануды жоспарлап отыр.

“Балалар арасындағы ара қашықтық анық көрсетіліп белгіленеді. Аудиторияда тест тапсыратындар саны кем дегенде екі-үш есе қысқарады. Егер аудиторияда 100 адам болса, түлектерді отырғызу кезінде ара қашықтықты сақтау үшін залдағы балалар саны да пропорционалды түрде азаятыны түсінікті”,- деді министр. Аймағамбетов түлектер маска, респиратор тағуға міндетті екенін ескертті. Бұған қоса, аудиториялар ауаны зарарсыздандыру және желдету жүйесімен қамтамасыз етілуі тиіс.

Комментарий