Елең еткізер | АктуальноҚұқық | Право

Қорғауды емес, қолақыны ойлаған адвокаттың құны көк тиын

СОТТА АҚИҚАТ АЙТЫЛУЫ, ДАУ-ЖАНЖАЛДЫҢ СОҢҒЫ НҮКТЕСІ ҚОЙЫЛУЫ ТИІС. ӘРІ СОҢҒЫ СӨЗГЕ ЕШКІМНІҢ КҮМӘНІ БОЛМАУЫ ШАРТ. ОЛ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Осындай сұрақ қойылғанда қарапайым халықтың көпшілігі «Судья әділ болуы, тараптарға тең
қарауы тиіс. Заңнан сауатты болып, тура төрелік етуі міндет» деп жауап беріп жатады. Яғни, азаматтардың пікіріне ден қойсақ, істің дұрыс шешілуіне жауапты жалғыз орган – сот болса, негізгі жауапты тұлға – судья екен. Шындығында, істің ең түпкі межесі ақиқатпен астассын десек, сот отырысына қатысатын барлық тұлға өз ісіне салғырт қарамауы керек. Сот отырысының тәртіпке сай өтуі, тараптарға теңдей мүмкіндік беріп, істі терең саралау судьяның біліктілігіне байланысты болғанымен, қылмыстың себебін анықтап, айыпты нақты қою, жазаны дұрыс таңдау қадағалаушы орган мен қорғаушының белсенділігі мен тиянақтылығына тікелей тәуелді. Өкінішке қарай, адвокаттардың кейде белгілі бір деңгейде еңбектенбейтіні байқалып жатады. Әрине, адвокаттардың барлығы бірдей өз ісіне немқұрайды қарайды, сауаты кем деуден аулақпыз. Дегенмен, сот отырысында бірді-екілі сұрақ қойғаны болмаса, іске жайбарақат қатысып отыратын адвокаттар аз емес. Азаматтар өзін қорғайды, өзі білмейтін заң талаптарын түсіндіреді, ақ екенін дәлелдейтін деректерді
іздеп жүріп табады деп сенім артқан жандардың сот отырысында ештеңеге қатысы жоқ үшінші тараптардай жайбарақат отыруы қаншалықты дұрыс? Қызметіне кіріспес бұрын қаламақысының көлемін нақтылайтын адвокаттардың кейде қарапайым анықтамаларды алуды қиынсынатыны да ешбір ақтауға келмейді. Әсіресе, мемлекеттің қолдауымен тегін қызмет көрсетуі тиіс адвокаттардың жұмысына сын айтатындар көп. Мемлекеттік тұрғыдан тегін деп аталғанымен, сотқа қатысқан адвокаттарға қаламақы төленбей қалмайды. Бірақ,
ақының төленбеуі, ақшаның аздығы адвокаттың өз міндетін адал атқаруына кедергі келтірмеуі тиіс. Құқықтық салада қызмет ететін судья, тергеуші, прокурор, адвокат секілді мамандықтардың негізгі мұраты халықтың құқығын қорғау, елдегі әділеттің кепілі болу. Қаржыға құмарлық мамандыққа деген адалдықты көмескілемеуі керек. Ақшасы жоқ адамға құқықтық көмек көрсетуден бас тартқан адвокаттың бүкіл адвокатура беделіне нұқсан
келтірері даусыз. Әрі қорғаудан бұрын, қолақыны ойлаған адвокаттың құны қоғам үшін көк
тиын. Осыны қорғаушылар үнемі ескерсе, жадында ұстаса дейсің. Өйткені, үкімнің әділ шығуына прокурор мен адвокаттың дәлелді уәждерінің әсері мол. Азаматтар да жыл өткен сайын мұны түсініп, өз құқығын қорғарда тәжірибеде өзін жақсы жағынан көрсеткен
адвокттарға таңдау жасауда.
Сержан БАЙБОЛОВ,
Жетісу аудандық
№2 сотының судьясы
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ

Комментарий