Қоғам | Общество

ЖОЛАУШЫЛАР ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАЙТСЕК ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕМІЗ?

Бүкіл әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан жол апаты бойынша дүниежүзінде 1 орында тұрғанын жария етті. Бұл келеңсіздікті жоюды ел Үкіметінен бастап әрбір қазақстандық ойлауы қажет. Себебі жол апатына қатысты статистика жаға ұстатарлық. Осы ретте мұндай қорқынышты көрсеткіштерді қайтсек азайтамыз деген сауалды көлденең тартқан едік.

Сәбит АМАНБАЕВ, Автокөліктер одағының бас директоры:
– Менің білуімше, соңғы бір жылдың ішінде ғана жолаушылар тасымалдайтын автобустардың қатысуымен 10 шақты ірі жол апаты болды. Ақтөбеде 52 өзбекстандық тірідей жанып кеткен соң-ақ, бұл салаға Бас прокуратура кешенді тексеру жүргізді. Бірақ, олар жолаушы тасымалдаумен заңды түрде айналысып жүрген автопарктерді тексерді де, заңсыз жүргендерге мойын бұрған да жоқ. Негізінде заңды тасымалдаушыларға кедергі келтіріп, саланың дамуына тосқауыл болып отырған
– солар. Тексерудің соңында Бас прокуратура «Көлік комитеті өздеріне тиісті жұмысты жеткіліксіз атқарып отыр» деген қорытынды шығарды. Ал, негізінде жолаушылар тасымалын
бақылаудан басталатын Көлік комитетінің бұл функциясын осыдан 5 жыл бұрын жол полициясына аударып жіберген. Өкінішке қарай жол полицейлерінің онсыз да жұмысы көп. Оларға жүргізушілердің ереже бұзбауынан бастап көшедегі қоғамдық қауіпсіздікті де жүктеп қойды. Сөйтіп жолаушылар тасымалына олар дұрыс бақылау жасай алмай жүр. Мұны өткен жылдың қорытынды жиынында сол кездегі ІІМ Қ.Қасымовтың өзі мойындап, «бұл бақылауды
Көлік комитетіне қайтару керек» деді. Бұл енді амалсыз мойындау еді. Бүкіл әлемдік Денсаулық сақтау ұйымы – Қазақстанның жол апаты бойынша дүниежүзінде 1-орында тұрғанын мәлімдегенін білеміз. 100 мың адамға шаққанда 25 адамнан келіп отыр. Және, 30 мыңнан астам дене жарақатын алып, қаншамасы мүгедек болуда. Олардың көпшілігі сол жарақаттарының салдарынан қайтыс болады. Сондықтан жолаушылар тасымалына бақылауды қатайту қажет. Негізінде автобустар бағытқа шығар алдында жүргізуші қанша сағат демалды, қалааралық алыс жолда екі жүргізушісі бар ма, көліктері дұрыс па, осының бәріне тахографты бақылау жүргізілуі тиіс. Автобустардың көбі 20 жылдан артық пайдаланылған техникалар. Бұлардың пайдалану мерзімін 15 жылдан асырмайтын техникалық регламент қойған жөн. Әйтпесе, ескі техника тетігі кез келген сәтте істен шығуы мүмкін.

Ирак ЕЛЕКЕЕВ, заңгер қоғам қайраткері:
– Расында, қазіргі таңда жолаушылар тасымалын ұйымдастыру ісі бізде ақсап тұр. Соның тікелей көрсеткіші деп соңғы уақыттары автобустардың аударылуы немесе жүк көліктерімен соқтығысуының көбейгенін айтуға болады. Сәйкесінше
адам шығыны да артып отыр. Бейбіт күнде жылына жол апатынан 4 мың адамнан айырылу деген сұмдық қой. Сондықтан Еуропа елдеріндегі секілді кешкі сағат 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейін жүк көліктері мен автобустардың алыс жолға шығуына тыйым салу қажет. Өйткені, осы уақытта жолдағы көру мүмкіндігі төмен болады. Одан кейін жасы 21-ге толмаған азаматтарға жүргізуші куәлігін бермеу керек. Жүргізуші куәлігін қатаң сынақтан өткізіп барып беретін жүйе қалыптастыру қажет. Қазіргідей жең ұшынан жалғасып, куәлікті сатып ала беретін болса, жол апаты тоқтамайды. Ал, көлікті спиртті ішімдік ішіп жүргізгендерге екінші мүмкіндік берілмеуі керек. Тұңғыш Президент Н.Назарбаев үлкен бір жиында айтып еді, «ұсақ кемшіліктерді жөнге салсақ, үлкен апат болмайды» деп. Сол кемшіліктерді түземегендіктен ірі жол апаттары болып жатыр. Жалпы алғанда, ел Үкіметі бұл салаға кешенді бір реформа жасауы
тиіс деп есептеймін.

Сауалнаманы әзірлеген Н.АБАЙҰЛЫ

Комментарий