Елең еткізер | АктуальноҚоғам | Общество

ТАС ЖОЛДА ҮЗІЛГЕН ТАҒДЫРЛАР

Еліміздің күре жолдарында ірі жол апаттары жиілеп барады. Соның бірі 20 сәуір күні таңғы сағат 04.15- те Алматы-Ташкент автожолының 181 шақырымында орын алды. Алдымен Toyotа Camry жеңіл автокөлігі бір бағытта жүріп бара жатқан Mercedes-Benz 814 жүк көлігіне барып соғылады. Апат салдарынан жеңіл көлікте отырған әйел оқиға орнында көз жұмады. Сол сәтте Шымкент қаласынан Алматы қаласына бағыт алған Van Hool жолаушылар автобусы апатқа ұшыраған көліктерді айналып өтпек болғанда аударылып кетіп, 8 жолаушы оқиға орнында қаза болады.

Жалпы, автобустағы 46 жолаушының 42-сі зардап шеккен. Олардың қатарында көрші Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары да бар. Жол апатына ұшыраған жолаушыларды Отар мен Қордайдағы ауруханаларға жедел жәрдем көліктерімен  тасымалдау барысында тағы 2 жолаушы көз жұмған. Осылайша, аталмыш апаттан барлығы 11 адам қаза болып, қалғандары
емханаларға жатқызылған. Қаза болғандардың 5-еуі өзбекстандық. Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловтың айтуынша, сол күні Жамбылдан білікті 3 оташы-дәрігер Қордайға тікұшақпен жетіп, зардап шеккендерге ота жасаған. Дәрігерлер қазіргі таңда 3 адам жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатқанын айтты. Сонымен қатар жарақат алған 9 өзбекстандық осы елдің Төтенше жағдайлар министрлігінің желісі арқылы Өзбекстан Республикасына жөнелтілген. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевке жедел хат жолдап, өзбек халқына көңіл айтты. Орын алған оқиғаға байланысты облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен Тараз қаласында арнайы комиссия құрылып, тәулік бойы қауырт желі іске қосылған. Комиссия құрамында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, облыстық Полиция департаментінің бастығы, полковник Арман Оразалиев және басқа да тиісті лауазым иелері бар. Комиссия оқиға орнына барып, жолкөлік оқиғасының мән-жайын анықтап, зардап шеккендерге сапалы көмек көрсетуді ұйымдастыруда. Ал, апатқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-тармағына сай, қылмыстық іс қозғалған. Мамандардың
алдын ала болжамына қарағанда автобустың жылдамдығы жоғары болған және алдыңғы соқтығысқан көліктермен жақын арақашықтықта келе жатқан жоғары жылдамдықтағы автобус айналып өтпек болғанда жолдан шығып кеткен. Ресми мәліметтерді сараптап қарасақ,
автобус жүргізушісі қазірдің өзінде арақашықтықты сақтамағаны, жылдамдықты арттырғаны үшін екі ереже бойынша айыпталып отыр. Тергеу барысында тағы қандай мәліметтер белгілі болатынын уақыт көрсетеді. Енді осы жол-көлік оқиғаларына қатысты ресми деректерге көз салсақ, әлемде жылына 1 миллион 240 мың адамның өмірі тас жолда үзіледі екен. Соның 4 мыңға жуығы біздің елге тиесілі. Бұған қоса елімізде жол апаттарынан 30 мыңнан астам адам жарақат алып, соның көбі мүгедек болып қалып жатыр. Бүкіләлемдік Денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан жол апаты бойынша дүниежүзінде бірінші орында тұрғанын жария етті. Оның ішінде жол-көлік оқиғаларының 30 пайыздан астамы Алматыда болатыны анықталған. Мұның басты себебін мамандар Алматыдағы көліктің көптігімен, қозғалыстың қиындығымен,
шеттен келетіндердің жол ережелерін сақтамайтындығымен түсіндіреді. Жалпы, елімізде жыл өткен сайын көлік түрлері көбейіп, жол қозғалысы қиындай түсуде. Нақтырақ айтсақ, бүгінде елімізде 4 миллионға жуық жеңіл көлік, 500 мыңнан аса жүк көлігі және 100 мыңнан аса түрлі маркідегі автобустар бар екен. Бұған қосымша көрші елдерден келетін ауыр жүк көліктерінде есеп жоқ. Осы жүк көліктері және автобустардың қатысуымен орын алатын жол апаттарында
адам шығыны да көп болады. Сондықтан мамандар болашақта жолаушылар тасымалдайтын көліктер мен жүк көліктерінің түнде жүруіне тыйым салу жөнінде ұсыныс әзірлеуде. Жол
апаттарын азайту үшін мұндай қадамға барамыз ба, жоқ па, бұған енді уақыт төреші.
Нұрболат СҰЛТАНҒАЗИЕВ,
«Заң газеті»

Комментарий