Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

5 МИЛЛИОННЫҢ ИЕСІ

Өткен сенбіде Алматы қаласының тұрғыны Самат Жалилов «Хабар» телеарнасындағы көрерменге жақсы таныс «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалды шоу бағдарламасына қатысып, 5 миллион теңгені қанжығасына байлады. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының «Кино және телевизия режиссері» мамандығын үздік тәмамдаған ол бүгінде қысқаметражды кино түсіріп, көрерменді қуантып жүрген жас режиссер. Бала күнінен білімге құштар, тынымсыз ізденісті жаны сүйетін Самат енді қазақ тіліндегі «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының
тұрақты көрермені ғана емес, 5 миллион теңге ұтқан алғашқы қатысушысы. Осы орайда, қырық минутта миллионер атанған Самат ЖАЛИЛОВТЫ әңгімеге тартқан едік.

– Самат, жуырда «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасынан 5 миллион теңге ұттыңыз. Құтты болсын! Бағыңызды сынауға не түрткі болды?
– Рақмет! Мен негізі «Миллион кімге бұйырады?» бағдарламасының тұрақты көрермендерінің бірімін. Осы бағдарламаның орыс тіліндегі нұсқасын, одан қалды осындай шетелдік шоу ойындарды да жиі көремін. Өйткені маған адамның интеллектуалдық деңгейін көтеретін, білімін таразылауға мүмкіндік беретін бағдарламалар қатты ұнайды. Бірақ, осы уақытқа дейін тек экраннан тамашалап, ал бағдарламаға қатысып, бақ сынауға батылым жетпей жүрді. Көп көрермен сияқты мен де теледидардың алдында отырып сұрақтарға жауап беріп, өз мүмкіндігімді талай сынап та көргенмін. Сырттай жеңімпаз атанған кездерім де болды. Ақыры ойлана келе, «неге бағымды сынап көрмеске?» деп шештім.
– Тәуекелге бел бумас бұрын қандайда бір дайындық жасаған боларсыз. Кітаптарды ақтарып, ғаламторды қарап дегендей…
– Әрине. Бағдарламаны үзбей көріп, онда қандай сұрақтарға көбірек басымдық беріледі? Қай бағыттағы сұрақтар жиі кездеседі? Ойынның қай кезеңінен бастап сұрақтар қиындай бастайды? Жеңілдіктерді қандай жағдайда және қалай пайдалану керек? Тіпті, жүргізуші мен ойыншы арасындағы диалог қалай өрбиді? Осының барлығын ұзақ уақыт бақылап жүрдім. Осы аралықта өзімді де іштей психологиялық тұрғыда дайындап, білімімді жетілдіруге тырыстым. Қанша дегенмен сенімсіздік болады. Ойынға дейінгі барлық сынақтардан сүрінбей өтіп, студияға шыққанда бойымды қорқыныш билегендей болды. Өзімше «мен режиссермін, камерадан қорықпаймын» деп ойлағанмын. Бірақ, жүргізушімен бетпе-бет келгенде, кәдімгідей қобалжыдым.
– Бұған дейін осындай бағдарламаларға қатысып немесе басқа да ұтыс ойындарынан олжалы болған кезіңіз болды ма?
– Бірінші рет ақшалай ұтысқа ие болып отырмын. Жаңылмасам, бес-алты жасымда анам телефон арқылы ойнатылатын ойынға менің, әпкемнің және өзінің туған күндерін цифрмен жіберіп, әпкем екеуміздің сандарымыз жасырулы тұрған ұяшықтардың санымен сәйкес келіп, сыйлық алғанбыз. Кейін сол сыйлықты алуға барғанда маған өлең оқытқаны еміс-еміс есімде қалыпты.
– Жетінші сұрақта залдың көмегіне жүгіндіңіз, екінші «күймейтін» соманың сұрағы өзіңіздің мамандығыңызбен байланысты болып, оп-оңай үш жүз мың теңгені еншіледіңіз. Дегенмен, қай сұраққа қиналдыңыз?
– Жалпы, сұрақтар аса қиын болған жоқ. Бір жерде жинақтаған білімім көмектессе, енді бірінде ішкі түйсігіме, логикама жүгіндім. Мені қатты састырған – 12-ші сұрақ болды. Кино саласының маманы бола тұра Чарльз Чаплин негізін қалаған киностудияны атай алмасам, ұятқа қалар едім. Алайда, өздеріңіз көргендей сәттілік серік болып, жауабым дұрыс шықты. Шынымды айтсам, жеңілдікті пайдаланған сұрақтардың жауабын білген жоқпын. Әсіресе, философиямен байланысты сауал мен үшін жат еді.
– Ойынға қатысушы әрі бес миллион теңгенің жүлдегері ретінде өзіңізден кейінгі ойыншыларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Біріншіден, барлығына сәттілік тілеймін. Екіншіден, өз біліміңді сынаудан еш қорықпау керек дер едім. Кеңеске келсек, әрине көп ізденіс қажет. Сан-салалы білімің болмаса бәрі бекер. Сосын, өздеріңіз де аңғарған боларсыздар, мен 50/50 көмегін ойланбастан бірден пайдаландым. Себебі, егер мен өз нұсқамды жүргізушіге алдын ала айтып қойсам, ол мені күмәндандырып қоюы мүмкін ғой. Өзім бұған дейін бағдарламаны көргенде катысушылардың осындай қателікке жол беріп, жаңылысып қалатынын аңғардым. Сондықтан бірден дұрыс емес екі жауапты алғызып тастасаңыз, қалған екі жауаптың бірін таңдау жеңіл болады.
– Он миллион теңге алуға бір-ақ қадам қалғанда неге кері шегіндіңіз? Сұрақ та соншалықты қиын болған жоқ. Әттеген-ай, деп қалған жоқсыз ба?
– Үш жүз мың мен бес миллионның айырмасы бар, бес миллион теңге аз ақша емес. Қанағат деп өз-өзімді тоқтаттым. Бәлкім, ойын аяқталғаннан кейінгі жауабым дұрыс шыққанда өкінер едім. Шынымды айтсам, соңғы сұраққа бас қатырғым келмеді. Қанша дегенмен іштей қобалжу бар, бір сұрақтан екіншісіне өткен сайын «осы жерден сүрініп кетер ме екенмін» деген ой бар, бір жағынан уақыт тығыз. Қысқасы, ойын оңай болған жоқ. Алайда, еш өкінбеймін.
– Бес миллион теңгені ұтқан кезде қандай сезімде болдыңыз?
– Оны айтып жеткізу мүмкін емес. Көпке дейін сенбей, өз-өзіме келе алмай жүрдім. Жан-жақтан құттықтап, арқамнан қағып жатыр. Қуанышымда шек жоқ. Осы сәтті пайдаланып, «Хабар» телеарнасына, осы бағдарламаның бас демеушісі «СберБанкке» алғысымды білдіремін.
– Құпия болмаса, ұтысыңызды қайда жұмсайтыныңызды айтыңызшы.
– Отбасыммен бірге ел көріп, жер көріп, Еуропаға саяхат жасау көптен бері көкейімде жүрген арманым еді. Бұйыртса, осы арманымды жүзеге асырсам деп жоспарлап отырмын.
– Уақыт тауып, қуанышыңызбен бөліскеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Камила ЫСҚАҚОВА,
«Заң газеті»

Комментарий