Судья мінбері | Судебная система

Тілге құрмет – елге құрмет

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған жолдауында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлттық қатынас тіліне айналатын кезеңі келгенін айтты. Келер жылы тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге отыз жыл толатынын ескерсек, мемлекет басшысы айтқандай, мемлекеттік тілді өз тұғырына қондыратын, оның қолданыс аясын кеңейтуді өзекті мәселелер қатарынан шығаратын уақыт жетті. Себебі, өзі өмір сүріп, өсіп-өніп жатқан мемлекеттің тілін білу және оны құрметтеу – әр адамның азаматтық борышы.  

Республикамыздың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясында қазақ тілінің мәртебесін арттыру үшін 2020 жылы Қазақстан халқының 95 пайызы мемлекеттік тілді жаппай игеру қажеттігі тапсырылды. Алайда, куә болып отырғандай, бұл тапсырма өз деңгейіне жеткен жоқ. Оның жауапкершілігі тек өзімізге байланысты екені де талассыз жайт. Өйткені, елімізде  мемлекеттік тілді дамытуға барлық жағдай жасалған, заңнамалық және құқықтық база, мемлекеттік бағдарламалар, концепциялар, мемлекеттік тілді дамыту бойынша  ведомстволық жоспарлар құрылған. Солай бола тұра, бізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге салғырттық басым. Елбасы айтқандай, “қазақ қазақпен тек қазақша сөйлессе”, 2012  жылғы “Қазақстан-2050” стратегиясында алға қойған міндет  әлдақашан жүз пайызға орындалар еді. Олай дейтініміз, қазақ тілінің барлық салаға дендеп енуіне ең алдымен өзіміз мүдделілік танытуға тиіспіз.

Мемлекеттік тіл – ұлттық сананың ең басты кілті екенін Тұңғыш президентіміз өзінің “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” мақаласында айқындап: “Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодты сақтай білу… Рухы биік болмай, мықты тәуелсіз ел болмайды. Рухы биік елді ешкім жеңе алмайды. Рух деген – елдің тарихы, елдің тілі, елдің дәстүрі”  деді. Елбасының бұл сөздері әрқайсысымызға бағдаршам іспетті болуы тиіс. Себебі, әрбір азамат, мемлекеттік немесе мемлекеттік емес мекеме басшылары, өз құзыреттерінің шегіне сай келетін талап арыздар мен басқа да іс қағаздарының сотқа немесе тағы басқа органдарға тек мемлекеттік тілде жолдануына ықпал етсе, нұр үстіне нұр.

Барлық руханияттың бастуы алдымен тілден басталатынын еске алсақ, қандай да бір ұлттың рухани тамыры – ана тілі екені де талассыз. Жоғарыда аталған мақалада да елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаған жаңғырудың адасуға бастайтыны нақты көрсетілген. Бұл әрбір жаңғырудың басы қай заманда да алдымен тілден басталғанының айқын көрінісі.

“Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай – дейді тағы да Елбасы өз мақаласында. Ендеше, «Рухани жағыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысында мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеру міндет. Тіл – халықтың қазынасы, ұлттың жаны. Сондықтан, тіл мәселесін ұлт мәселесінен бөліп қарай алмаймыз. Мемлекеттік тілдің мерейін асыратын да өзіміз. Қазақ тілі – Қазақстанда тұратын, оны Отаным деп қабылдайтын барлық халықтың тілі.  Яғни, тіл ел халқын топтастырудың аса маңызды факторы. Тілге құрмет – елге құрмет екенін естен шығармайық.

Ш.Кенжехан,

Алмалы аудандық №2 сотының

бас маманы-сот отырысының хатшысы

Алматы қаласы

Комментарий