Экономика

АЭС салуда экономикалық тиімділіктен саяси мүдде басым 

Адамзаттың қуат көзіне деген сұранысын қамтамасыз етуде атом энергетикасының баламасы жоқ екені өткен ғасырда-ақ дәлелденген. Сондықтан, бұл саладағы ғылымның даму деңгейі де айтарлықтай жоғары болып, оған қажетті ғалымдар мен өзге де мамандарды әзірлеу ісі белгілі бір жолға түсіп, атом өнеркәсібі кәсіпорындары қарқынды жұмыс жүргізіп жатты. Алайда, бұл үрдіске 1986 жылғы Чернобыль АЭС-дағы апат тұсау салып, жаңа АЭС салу жұмысын айтарлықтай азайтты. 2000 жылдардың орта шеніне таман әлемдік экономикадағы жаңа үрдістерге байланысты АЭС нарығы қайта жанданғандай болған. 2011 жылы әлемдегі ең ірі АЭС саналатын Жапониядағы Токио электр қуаты компаниясына қарасты Фукусима Дайичи энергоблогындағы  апаттан кейін бұл үрдіс тағы баяулап қалды.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (IAEA) жылдық есебіне  қарағанда, 2018 жылдың басында әлемдегі 30 елде қуаты 391 721 МВт болатын 448 ядролық энергетикалық реакторлар жұмыс істеп тұрды. Сондай-ақ, 17 елде 59 энергоблоктардың құрылысы жүріп жатты. Ал, Бангладеш, Белорусь, БАӘ елдерінің бұл салынып жатқан ең алғашқы реакторлары болып табылады. Өндірілген электр энергиясындағы атом электр станцияларының (АЭС) үлесі басым елдер тізімін Франция (71,6 пайыз), Украина (55,1 пайыз), Словакия (54 пайыз), Венгрия (50 пайыз) және Бельгия (49,9 пайыз) бастап тұр. Бұл көрсеткіш Иранда 2,2 пайыз, Бразилияда 2,7 пайыз, Нидерландыда 2,9 пайыз, Үндістанда 3,2 пайыз, Жапонияда 3,6 пайыз, Қытайда 3,9 пайыз. Жұмыс істеп тұрған энергоблоктар саны жағынан ең алдыңғы орында тұрса да, бұл АҚШ-та (99) 20 пайыз, Францияда (58) 71,6 пайыз, Жапонияда (42) 3,6 пайыз, Қытайда (39) 3,9 пайыз, Ресейде (35) 17,8 пайыз, Үндістанда (22) 3,2 пайыз көлемінде.

Агенттіктің 2018 жылғы Елдер бойынша салалық ядролық энергетика (CNPP) бойынша жыл сайынғы басылымындағы мәлімет бойынша, қазіргі таңда 30 елде түрлі типтегі 454 энергетикалық реактор жұмыс жасайды. Олар әлемдік энергетиканың 11 пайызға жуығын береді. Қазіргі таңда бұдан бөлек 54 энергоблоктың құрылысы жүріп жатыр. Жалпы қолданыстағы ректорлардың орта жасы 25-30 жылдан асқанын ескерсек, жақын келешекте олардың саны айтарлықтай өсе қоюы екіталай. Жаңадан салынып жатқан немесе салынғалы отырған АЭС-тардың негізінен Азия құрлығында орналасуы да кездейсоқ жағдай емес. Өйткені, әлемде өндірілетін энергия қуатының негізгі тұтынушысы ұзақ уақыт Еуропа мен АҚШ болып келді. Энергетика ондағы өндірістің дамуына серпін берген басты фактор саналды. Егер дүниежүзіндегі 2,5-3 млрд. тұрғынның әлі күнге дейін ағаш пен тезек жағып, ас пісіріп жүргенін ескерсек, энергия тапшылығы халық санының өсуіне байланысты алдағы онжылдықта өспесе кемімейтіні жасырын емес.

Жалпы, әлемдегі ең алғашқы қуаты 5 МВт болатын өнеркәсіптік АЭС құрылысы 1950 жылдың мамырында Ресейдің Калужкская облысындағы Обнинск кенті маңында басталып, 1954 жылы 27 маусымда іске қосылған. Одан кейін 1956 жылы Ұлыбританияда 46 МВт-тық, 1957 жылы  АҚШ-та 60 МВт-тық АЭС іске қосылды. Ал, Қазақстандағы тұңғыш АЭС құрылысы қазіргі Ақтау қаласында 1964 жылы басталып, 1973 жылы пайдалануға берілген еді. Ондағы қуаты 90 МВт болатын (БН-350) FBR немесе жылдам нейтрондардағы көбейткіш-реактордың жұмысы 1999 жылы тоқтатылды.

Соған қарамастан ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығында Қазақстанның атом өнеркәсібі саласындағы жетістігі дүниежүзін елең еткізген болатын. Уран өндірісі бойынша әлемдік нарықтағы қатаң бәсекелестікке төтеп беріп қана қоймай, алдына зор мақсаттар қойып, оған кезең-кезеңімен қолжеткізіп, нарықтағы өзге ойыншыларды өзімен санасуға мәжбүр етті. Қысқа уақыттың ішінде кеніштердегі техникалық жабдықтарды қауіпсіздік (OHSAS 18001) пен қоршаған орта стандартарына (ISO 14001) сәйкестендіріп,  өндірістегі  барлық процесті автоматтандыру нәтижесінде уран өндіру жағынан дүниежүзі бойынша көшбасшыға айналған «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының жұмысына  қызыға да қызғана қарайтындар көп болды. «Бұлардың қолынан мал бағудан өзге тірлік келмейді» деп жүргендер еліміздің атом өнеркәсібінің жұмысымен танысқаннан кейін, өзінің осы уақытқа дейін қате пікірде болып келгенін және Қазақстанның жоғары технологиялық өндірісті басқаруда зор тәжірибе жинағанын еріксіз мойындайтын. Оны сол кезде ұлттық компанияға жетекшілік еткен Мұхтар Жәкішев БАҚ-қа берген сұхбаттарында ашық айтып, Қазақстанның өндірісті өңдеумен ұштастырып ғана қоймай, АЭС құрылысы нарығында да өзінің күш-қуатын көрсетуге мүмкіндігі бар екенін жария етті. Сондай-ақ, Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясымен (CGNPC) арадағы меморандумға сәйкес, Қытай бұған дейін шетелдіктерге жабық боп келген АЭС-ларына қажетті ядролық отын нарығын ең бірінші болып Қазақстанға ашты. Бұдан бөлек, болашақта салынуы жоспарланып отырған 30-дан 100-ге дейінгі АЭС құрылысы нарығына Қазақстанның кіруіне мүмкіндік берді. Ал, қуаты 1000 МВт болатын бір АЭС салу сол кездің өзінде 3 млрд. АҚШ  долларына бағаланатын. Оның 50 пайызы құрылысқа, 30 пайызы құрал-жабдыққа, 15 пайызы инжинирингке, 5 пайызы тағы басқа шығындарға жұмсалады. Яғни, АЭС құрылысының технологиясына қатысу Қазақстан үшін атом өнеркәсібі саласындағы ғылым мен өндірістің дамуына серпін беретін зор мүмкіндік болып табылары күмәнсіз еді. Өкінішке қарай, бұл мәселеде сыртқы күштердің, оның ішінде Ресейдің ықпалына түсіп қалған лоббистердің әсерінен экономика емес, саясат басымдық алды. Салдарынан бір кездері әлемдік БАҚ-та «Қазатомөнеркәсіпке» қатысты жиі жарияланатын ақпараттар мен талдау материалдары кейінгі жылдары айтарлықтай азайды. Оны бірқатар сарапшылар ұлттық компанияның жаңа басшылығының ұзақ мерзімге арналған, ғылыми түрде негізделген стратегиялық бағдарламасының әлсіздігімен байланыстырады. Бұл өз кезегінде Үкіметтің Қазақстанда салынбақшы болған АЭС құрылысына қатысты өз шешімін бір емес, бірнеше рет өзгертуінен де байқалды. Мәселен, 2008 жылы 6 ақпанда халыққа Жолдау арнау барысында Үкіметке «Ақтау қаласында АЭС құрылысына қатысты нақты ұсыныстарды енгізуді» тапсырды. Одан кейін Кәрім Мәсімов премьер-министр боп тұрған кезде 2011 жылдың қарашасында Энергетика және минералдық ресурстар министрлігіне бір аптаның ішінде бұл АЭС құрылысына қатысты Үкімет қаулысының жобасын жасауға тапсырма берген болатын. Екінші буын санатындағы ВБЭР-300 үлгісіндегі реактормен жұмыс жасайтын 2 энергоблоктан тұратын бұл АЭС-ты жобалау және жүзеге асыру мерзімі 9 жылға созылып, алғашқы блок 2015 жылы іске қосылуы тиіс еді.

2013 жылы қаңтарда өткен Үкімет отырысында Н.Назарбаев «Қазақстанның АЭС-ы болу керек, түрлі себептермен қазір оны талқыламаймыз. Қазір біз мұны істей аламыз. Орынды анықтаңыздар, кіммен қарым-қатынас жасайтынымызды сөйлесуге кірісейік. 2020 жылға дейін Қазақстанда кемінде 1 АЭС болу керек», – деген-ді. Сосын 2014 жылғы 17 қаңтардағы  «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында да бұл мәселеге тоқталды. Сондай-ақ, 26 наурызда Гаагадағы III ядролық қауіпсіздік саммитінен кейінгі брифингте қазір әлемде атом энергетикасының «қайта өрлеу» дәуірі байқалып отырғанын тілге тиек ете келіп, Қазақстан АЭС-лары үшін ядролық жанармайдың толық циклін өндіруді дамыту мен атом электр станциясын салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.  Содан кейін Қазақстанда салынатын АЭС құрылысы бойынша «Қазатомөнеркәсіп» пен «Росатом» басшылары 2014 жылы өзара ынтымақтастық туралы арнайы меморандумға да қол қойды. Соның негізінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен жұмыс жасайтын арнайы жұмыс тобы да құрылып, 2018 жылдың аяғына дейін нақты шешім жарияланады деп жоспарланды. Сонымен қатар, АЭС салынатын орынға Шығыс Қазақстандағы Курчатов қаласы  мен Алматы облысы Балқаш көлі маңындағы Үлкен ауылының бірін таңдау ұсынылды. 2015 жылдың қаңтарында Энергетика министрі Владимир Школьник, тіпті, бұл екі жерде 2 АЭС салынуы да мүмкін екенін мәлімдеген. Ал, бұл мәселе бойынша 2015 жылы 27 қазанда Елбасымен кездескен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ: «Қазақстанның АЭС құрылысы жобасын іске асыру бойынша ынтымақтастықты күшейте түсеміз. Бүгін оны нақтыладық» дегенді айтты. Осыған қарамастан, Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты шешім туралы тағы жарияланбай қалды. Осы арада Ресей Өзбекстанмен бірге Өзбекстанның Новаи облысында құны 11 млрд доллар тұратын АЭС салуға келісім жасады. Бұл жобаға қажетті қаржыны Ресей несиеге ұзақ мерзімге өзі бермек. Сондай-ақ, 2018 жылы 30 мамырда «Росатомның» бас директоры Алексей Лихашевпен кездескен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеёв АЭС құрлысының соңғы детальдарын нақтылады. Осыған қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҚР Президенті ретінде биыл 3 сәуірде Мәскеуге жасаған алғашқы сапары кезінде Ресей Президенті Қазақстанда өз технологиялары бойынша АЭС салу туралы ұсынысты қайта көтерді. Өйткені, АҚШ пен ЕуроОдақ санкциясынан кейін экономикасы әбден тұралап қалған бұл ел қаржылық жағынан мұндай ірі жобаларға өте мұқтаж болып отыр. «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» дегендей, қоғамда қызу талқыға түскен бұл ұсыныс бойынша енді Қазақстанның құзырлы органдары арнайы түсініктеме беруге де мәжбүр болды. Мәселен, ҚР  Энергетика министрлігі: «Жүргізілген бағалауға сәйкес еліміздің электр қуатының болжамды балансында 2030 жылға қарай Қазақстанның Оңтүстігінде 2,7 ГВт-қа дейін базалық қуат тапшылығы күтілуде. Осыған орай, еліміздің оңтүстігінде бу-газ, гидро және атом станцияларын салу сияқты әртүрлі отын және энергия көздерін пайдалана отырып, базалық және маневрлік генерацияны енгізу арқылы тапшылықты жабу мүмкіндігін қарастырып отыр. Салынуы мүмкін АЭС-тің экономикалық және техникалық параметрлерін нақтылау және реакторлық технологияны таңдау үшін Техникалық-экономикалық негіздеменің Маркетингтік бөлімі әзірленді. Онда нарықта бар III+реакторлық технологияларды талдау, сондай-ақ 5 елдің реакторлық технологияларды жеткізушілерімен, соның ішінде «Росатом» мемлекеттік компаниясымен ақпарат алмасу жүргізіледі. Егер қуат тапшылығын жою мақсатында АЭС-ті таңдаған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес АЭС-ті салу туралы шешімді ҚР Үкіметі қоғамдық тыңдаулар жүргізіп, АЭС салынатын аумақтардың жергілікті өкілді органдарының келісімі бойынша қабылдайтын болады. Бұл ретте еліміздің шаруашылық міндеттерін шешу мұқтаждығы, қажетті жағдайлардың болуы және қауіпсіздік қатер болмауы ескеріледі. Осылайша, алдын ала даурығып, тұжырымдар жасауға және негізсіз алаңдауға себеп жоқ екенін хабарлаймыз» деген мәлімдеме таратты.

Егер Қазақстанның қазіргі жағдайда АЭС салуға қаржылық мүмкіндігі шектеулі екенін ескерсек, бұл мәселе тағы бірнеше жылға кейін шегерілуі ықтимал. Дегенмен, оған дайындықты қазірден бастамасақ Қазақстан тағы да Ресейге технологиялық жағынан  ғана емес, онда жұмыс жасайтын мамандар дайындау бойынша да тәуелді болып қалуы күмәнсіз. Өйткені, энергетикалық мұқтаждықты шешу үшін Қазақстан ерте ме кеш пе, бәрібір АЭС салуға мәжбүр болады. Ал, оған қажетті реакторды кімнен, қандай шартпен алатынымыз бөлек қаралуы тиіс.

 

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,

«Заң газеті»

 

Комментарий