Судья мінбері | Судебная система

Бітімгерліктің берері көп

Қазір дау да, кикілжің де көбейді. Оған бірден бір себеп – меншік түрлерінің көбеюі, нарықтық қатынастардың орнауы және ха­лықтың құқықтық сауаты мен талабының артуы болып отыр. Кез келген ұсақ-түйек дау-шармен ел сотқа жүгінетін болды. Бұл өз кезегінде соттардың жүктемесінің артуына ықпал етіп отыр. Мысал келтірер болсақ, бүгінгі күні сотқа түскен істердің 35 пайызын ұсақ-түйек дау-шарлар құраған. Ал медиация – бұл келісімге келе білу, даулар мен келіспеушіліктерде консенсусқа, екі жаққа да өзара тиімді шешімге келе білу. 

Елімізде медиаторлар желісін дамытып, медиацияны етене енгізу соттардың жүктемесін азайтып, халықтың да құқықтық мәдениеті мен қоғамдағы құқықтық сананың күшеюіне айтарлықтай ықпал еткені байқалады. Ата-бабамыздың ежелгі билік ету дәстүрі бүгінгі заман талабына сай екендігі дәлелденіп, қазіргі заманмен үндес ретінде тәжірибемізге қайта еніп отыр. Уақыт өте елімізде Медиация туралы заңның қабылдануы бұл жүйенің өміршең екендігін айғақтайды. Ата-бабамыздың даналығының арқасында қолданылған медиация дәстүрі бүгінде дауды шешіп, қоғамда тұрақтылық орнатып, өзге ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтушы күш, құқық қорғау саласындағы үздік тәжірибе ретінде бағаланып отыр. Ел ішіндегі дау мен жанжалды бейбіт жолмен, әділ, бітімгершілік жолымен шешіп, азаматтар арасындағы адами құндылықтарды сақтап қалудың бір жолы ретінде танылуда. Кезінде жер дауы мен жесір дауы, құн өндіру секілді бітіспес даудың жолын кесіп, тіпті, қызын беріп, бітімге келмес жандарды құда етіп тарқататын, бітімін кесіп айтатын, толғақты дүниені тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып тарқататын бабаларымыздың билік жасау өнері, туғаны жоқ тура билеріміздің дауды шешудегі озық жүйесінің бүгінде абыройы артып тұр.

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. «Медиация туралы» Заңның қабылдануы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі. Бұл заң қазақ халқының дәстүрлі билер мен ата бабалар тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадам болып табылады. Бүгінде медиацияның мәні мен маңызы күн өткен сайын өзінің өзектілігін дәлелдеуде. Бітім – атадан қалған ұстаным. Айыбы ауыр болмаса, ата жолымен мәмілеге келіп, екі тараптың келісімге келуі маңызды. Тарихқа тереңдемегеннің өзінде, қазіргі дамыған АҚШ, Ұлыбритания, Германия секілді алпауыт елдерде де бұл тәсіл тиімді әрі жүйелі қолданылып келеді. Айта кетер жайт,  медиацияның тиімділігін көріп отырсақ та, әзірге медиациядан асып барып, сотқа тірелетін істер қатары елімізде азаймай тұр. Мәселен, Малайзияда медиация арқылы, сотқа жетпей жатып, медиация арқылы шешім табатын істер 90 пайызды құраса, Англияның сот жүйесінде  істердің тең жартысы, яғни, 50 пайызы бітімгершілікке келіп, шешімін тауып жатады екен. Сондықтан, қоғамымызда кәсіби медиаторлардың санын арттырып, медиациялық кабинеттерді көбейтіп, медиация арқылы қаралатын істер санын көбейту басты мақсат болып отыр.

Мадина Жангабылова, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотының жетекші маманы

Комментарий