Судья мінбері | Судебная система

Тілге көзқарас елге деген көзқарасты білдіреді

Елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мәселесі өзектілігін жойған емес десек, бұл тұрғыда Елбасы Жарлығымен 2001 жылы «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» бекітіліп, іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшірудің ауқымды жобалары жасалды. Нәтижесінде мемлекеттік органдар түгелдей іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуге қол жеткізді. Мұнымен ғана шектелмей,  2011 жылы елімізде «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Осы бағдарламамен мемлекеттік тілдің мемлекеттің басқару тілі ретінде қолданылуы, іс жүргізуді толық мемлекеттік тілге көшіруді, т.б. қамтамасыз ету міндеттелді. Аталған бағдарламаға сай Жоғарғы Сот төрағасының 2009 жылғы №36 өкімімен республика соттарындағы іс қағаздар мемлекеттік тілге толық көшті.  Бүгінде барлық сотта Тіл туралы заңға сай шығыс және ішкі құжаттар мемлекеттік тілде тіркеледі. Салада сот басшыларының өкімдерімен  мемлекеттік тілді қолдану, дамытумен айналысатын комиссиялар, жауапты тұлғалар белгіленіп, нақты іс-шаралар мақсатты жүзеге асуда.

Қазақстанда тілдер қолданысын дамытуды іске асырудың құқықтық негіздері қалыптасып, мемлекеттік органдарда қазақ тілі жоғары деңгейге жетті. Осы ретте айта кетерлігі, сотқа мемлекеттік тілде түсетін талап арыздар саны да артты. Сотқа қай тілде жүгіну, заңға сай азаматтардың өз құқығы, дегенмен, мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, оны қолдану әрбір қазақстандықтың міндеті. Азаматтық процесстік кодексте азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіні, қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен қатар орыс немесе басқа тілдер  қолданылатыны көрсетілген. Сот процесіне қатысушылар «Сот кабинеті» арқылы сотта қаралатын мемлекеттік тілдегі істердің көрсеткішіне өз үлестерін қоса алады. Алмалы аудандық №2 сотының қызметкерлері  мемлекеттік тіл мәртебесін одан әрі көтеруді назардан тыс қалдырмайды. Сотта құжаттар соның ішінде сұраныстар, хаталмасулар тек қазақ тілінде жүзеге асырылуда. Сот қызметкерлерінің білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін жетілдіру үшін арнайы іс шаралар ұйымдастырылады. Сот судьялары мен қызметкерлері қазақ және орыс тілін де жетік меңгерген.

Ел тәуелсіздігін айқындайтын негізгі белгілердің бірі – мемлекеттік тіл екеніне Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу керек» деуі дәлел. Елбасы тарапынан ұлттың рухани жаңғыруына бастайтын нақты қадамдардың алдыңғы қатарына қазақша жазуды латын жазуына көшіру мәселесінің қойылып, нақты міндеттер белгіленуі де ұлттық сананы сілкінту, жаңғырту міндетінен туындап отыр. Барлық салада мемлекеттік тіл мәртебесінің артуына әрбір қызметкер, сол сала қызметіне жүгінуші әрбір азамат  мүдделілік танытса, әсіресе, Елбасы айтқандай, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессе» мемлекеттік тілге қатысты мәселе болмас та еді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесі арқылы халықтың сотқа деген сенімі, сот билігінің беделі артады. Ойымызды Елбасы сөзімен қорытсақ, «Тілге деген көзқарас, шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнінде мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз».

Ұлдана Султахан,

Алматы қаласының

Алмалы аудандық №2 сотының бас маманы

Комментарий