Талқыдағы тақырып

Соғыс болып жатқан елдер мұндай қазаға ұшырамайды

Бейбіт заманда тағы да 11 адамнан айырылдық. Тағы да 11 отбасы қара жамылды. Арасында Өзбекстан, Тәжікстан азаматтары да бар екен. Азаматтарынан, туыстарынан айырылған отбасыларға қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.
Астанадағы автобус апатын әлі жұрт ұмыта қойған жоқ еді. Жыл бойы осы жолаушы тасымалдайтын көліктердің қатысуымен қаншама апаттар орын алып, қаншама отбасы аяулы азаматтарынан айырылды. Ең қорқыныштысы, өткен жылғы мәлімет бойынша, Қазақстан жол апаты бойынша әлемде бірінші орында тұр екен. “Ортақ жол” жол қозғалысы қауіпсіздігі қауымдастығының бас хатшысы, «За рулем» Қазақстан журналының бас редакторы Алексей Алексеевтің айтуынша, әлемде автокөліктен жылына 1 млн 240 мың адам қаза табатын болса, Қазақстан жолдарындағы апаттардан жыл сайын 3 мыңнан аса адам қаза табады. Тағы 3,5 мың адам жарақат алады. 2018 жылдың алты айында елімізде 6703 жол оқиғасы болып, 780 адам қаза тапқан. Алты айдың ішінде ғана! Бір жылда 3 мың адамды жоғалтсақ, бар жоғы 18 милллион халқы бар Қазақстан үшін бұл сұмдық қой! Соғыс болып жатқан елдер мұндай қазаға ұшырамайды.
Құзырлы органдар жұмыс істемейді деген сөз.
БІРІНШІДЕН, еліміздегі техниканы бақылаудан өткізу тәртібін түгелдей қайта қарау керек.
ЕКІНШІДЕН, Жолаушы тасымалдайтын көліктердің техникалық жарамдылығы мен жүргізушілерді таңдау және олардың денсаулығын тексеруге жаңа тәртіп керек.
ҮШІНШІДЕН, Жол полициясын қайта жарақтап, күшейту қажет,
ТӨРТІНШІДЕН, көлік жүргізушілерін даярлайтын оқу орындарының жауапкершілігін күшейту қажет.
Ең бастысы, құзырлы органдар осынша адамның қаза болу себептерін ғылыми тұрғыда зерделеп, аналитика жасау керек.
Осындай зерттеу бар ма? Сол зерттеу негізінде қандай да шара қолға алынды? Әлде тек қаза болғандардың мәліметін тіркеуден, көшелер мен даңғылдар бойына камералар орнатып тастап, айыппұл жинаудан аса алмай отырмыз ба?
Егер соғыс жағдайында осынша адам қаза табуына жол берсе, ол генерал атылып өлер еді. Бізде біреу жауап бере ме?
Тағы бір айтарым, айналайын бауырларым, көлігі бар азаматтар, неге жол жүру мәдениетін сақтамайтын болдық? Астымызға көлік бітсе ұшқалақтанып, мақтан қуып, жол ережесін дөрекі бұзып жүретін болдық? Әрқайсымыз түзелейік. Сабырлы болайық. Жазықсыз адамдардың қазасына себепкер болмайық. Өзімізді де Құдай сақтансақ сақтайтынын ұмытпайық. Әр қазақ жалғызым! Қайтсек көбейеміз дейміз.Сөйте тұра жыл сайын 3 мың адамнан айырыла берсек неміз қалады? Бұл – билік ерекше назарға алатын мәселе деп ойлаймын.

ӘДІЛБЕК ҚАБАЕВ

Фейсбуктегі парақшасынан

Комментарий