Қоғам | Общество

Тексерілмеген ақпаратты тезге салайық

Еліміздің дін туралы заңдары зайырлылық ұстанымдарын ескеретіні мәлім. Алайда, зайырлылық түсінігін әркім өзінше түсінеді Түсінбестік кесірінен кейде адамдар арасында іріткі пайда болуы мүмкін – елімізде 130 ұлт өкілі қоныстаған, 18 заңды тіркелген діни конфессиялар өз уағызын жүргізіп жатыр. Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай «Жардың шашы сансыз көп‚ ол санауға келмей тұр. Анық нұры осы деп, әркiм бiр тал ұстап жүр… Жердiң жүзiн дәл тауып‚ ешбiр дiн жоқ орныққан. Бәрiнде де бар қауiп‚ дiн көбейдi сондықтан.»

Зайырлылық қағидасы бойынша мемлекет діни бірлестіктердің әрекетіне араласпауы тиіс. Дегенмен, діни саладағы әлеуметтік қозғалыстарды  бетімен жіберсек  оның соңы дінаралық қақтығыстарға, тіпті соғысқа әкеліп соғу қаупі бар. Сол себепті 2018 жылы наурыз айында бекітілген «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018 – 2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бойынша халық арасында мемлекеттің дін саласындағы саясатын ақпараттандыру және түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Халық пен мемлекет арасында коммуникацияның кемшілігі кесірінен түсініспестік пен наразылықтар туындайды. Кейбір ұждансыз саясаткерлер осындай түсінбеушілікті пайдалана отырып өздерінің арзан танымалдыққа құмар идеяларын кеңінен таратуы мүмкін. Оған қоса, заманауи технологиялар арқылы ешқандай факт-чекингсіз, тексерілмеген ақпарат ғаламшардың бір жерінен басқа жерге  қазір бір  секундта жетеді. Ақталып үлгермеген мемлекеттік қызметкер бір сәтте «халық жауына» айналады.

Дін саласында да осындай құбылыстар болып тұрады. Мемлекеттік, ресми, «құрғақ» тілмен жазылған мәтіндер, айтылған сөздер қалың жұртқа түсініксіз болып мемлекет саясатына қарсы пікір қалыптастыруы мүмкін. Осыны ескере отырып Алматы қаласының Қоғамдық даму басқармасы тапсырысымен Мониторинг және талдау орталығы мемлекеттік мекемелерде, оқу орындарында, денсаулық сақтау мекемелерінде, сауда орталықтарында және мешіттерде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып отыр. Қарапайым халыққа түсінікті тілмен дінтанушылар, теологтар, заңгерлер, саясаттанушылар, әлеуметтанушылар және басқа қоғам қайраткерлері мемлекеттің дін саласындағы саясатының  негізгі бағыт- бағдарын түсіндіріп береді.

Алматы қаласы еліміздің мәдени орталығы ретінде алуан түрлі өмір салттарының тоғысу орны екені жасырын емес. Қаламызда 17 конфессия, 180 діни бірлестік, 113 діни ғимарат және өз діндеріне шақырып жүрген 112 діни миссионерлер бар. Қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналатын жерде – базарларда, сауда және ойын-сауық орталықтарында , вокзалдарда заңды түрде тіркелген 8 намазхана өз қызметін  көрсетуде.  Нұр-Мүбәрак университеті ислам мамандарын даярлаумен қоса,  имамдардың біліктілігін жетілдіру курстарын жүргізіп жатыр. Республика бойынша діни бірлестіктердің жағдайын жақсарту үшін «Уақып» қайырымдылық қоры қызмет етуде.

Бір қауырт жағдай бола қалса барлық осындай жұмыстарды «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей жағдай болмас үшін осы жылы қаламызда 600-ден астам алдын алу іс-шаралары  өткізіліп, 100 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр. Аталмыш шараларға 64 арнайы маман жұмылдырылған.

«Ынтымақ жүрген жерде, ырыс бірге жүреді» дегендей ел болып бірігіп деструктивті діни ағымдардың ақпараттық әсеріне қарсы тұруымыз қажет. Адамды мақтаудан гөрі даттау жеңіл. Хәкім Абай айтпақшы, «қазақтың тірісінің өсектен аманы жоқ, дүниеден өткенінің жаманы жоқ». Іріткі салушылар  негативті ақпараттарды  жинап жарияласа, біз оған қарсы елімізде болып жатқан жақсы жаңалықтарды  жұртқа жеткізіп отырайық.

 

                       Нұрболат АЙЕКЕШОВ,

Алматы қалалық  Қоғамдық даму басқармасының

«Мониторинг және талдау» орталығы  директорының орынбасары

 

 

Комментарий