Қоғам | Общество

ТЕРМИНОЛОГИЯ КОМИССИЯСЫНА ТИІСТІ МӘРТЕБЕ БЕРІЛУІ КЕРЕК

ШЕТТЕН ЕНГЕН ТЕРМИНДЕР ҚАЗАҚТЫҢ СӨЗДІК ҚОРЫН ШҰБАРЛАМАЙ, ОНЫ БАЙЫТУҒА ТИІС. ЯҒНИ, ОЛАР ТӨЛ ТІЛІМІЗДІҢ ЗАҢДЫЛЫҚТАРЫНА САЙ ӨЗ БАЛАМАСЫН ТАУЫП, ҰЛТТЫҚ РЕҢК ИЕЛЕНУІ КЕРЕК. ТАЯУДА ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНДЕ «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» ТАҚЫРЫБЫНДА ӨТКЕН КОНФЕРЕНЦИЯДА ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНА КЕДЕРГІ КЕЛТІРІП ОТЫРҒАН БІРАЗ МӘСЕЛЕ КӨТЕРІЛІП, ОЛАРДЫ ШЕШУДІҢ ЖОЛДАРЫ АЙТЫЛДЫ.

Жалпы, еліміздің терминқорындағы сөздер саны – 333 000 болса, оның ішінде халықаралық терминдер – 33 479, ұлттық тіл негізінде игерілген халықаралық терминдер – 6 317, өзге тілді терминге ұлттық тіл қосымшалары жалғануы арқылы жасалған терминдер – 293 204 екен. 90 жылдардан бастап терминқорымыздың ұлттық сипатын арттыру мақсатында уақытында орыс тілінен аударылмай, өзгеріссіз қабылданған көптеген терминнің қазақша баламалары жасалып, қолданысқа енгізіліпті. Өкінішке қарай, жұртшылық санасына сіңіп, тілдегі қолданысы енді тұрақтай бастаған олардың бірқатары қайта қаралып, бастапқы қалпына келтірілген. Мысалы, аукцион – бәссауда – аукцион (2014), гимн (1992 жылға дейін) – әнұран (1992) – гимн (2014), музей (1998 жылға дейін) – мұражай (1998) – музей (2014) және тағы басқа сөздер бүгінде “төркінін” тапқан. Қазақы ұғымға сай келіп, естілуі де, айтылуы да өзара сәйкесіп тұрған осындай сөздерді неге жатсынғанымыз түсініксіз. Жиында сөз алған ҚР БҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің айтуынша, халықаралық тәжірибеде терминологиялық бағыттардың ұзын саны 120-дан асса, Қазақстанда былтыр ішінара іріктеу және кейбір салаларды біріктіру нәтижесінде алғаш рет 50 терминологиялық секция жасақталыпты. Әр нақты бағытқа тиесілі кемінде 10 мың терминдік бірлік керек екен. Бұл, ғалымдардың есептеуінше, нақты саланың ұлттық тілде еркін дамуы үшін қажетті минимумдық мөлшер. Аталмыш 50 өндіріс пен ғылым бағыты елімізде толыққанды жұмыс істеуі үшін, дәлірек айтсақ, мемлекеттік тіліміз Қазақстанда кең етек жаюы үшін бізге кемінде 500 мың термин керек. Ал, бүгінге дейін ресми бекітілген термин саны әлі 30 мыңның аржақ, бержағында екен. Филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлының айтуынша, терминологияның талапқа сай дамымауы ғылыми кадрлардың, олардың ішінде, термин жасауға машықтанған, терминологиялық жұмыстарды кәсіби тұрғыдан жүргізуге құзыретті практик терминші мамандардың жеткіліксіздігінен және бар мамандардың өздері маманданған іспен тікелей айналыспауынан. Бүгінгі таңдағы жұмыстар бірбірімен байланыссыз жүзеге асып жататындықтан, үйлесімсіздік, бірінің істегенін екіншілерінің қайталауы, реті мен маңыздылығы тұрғысынан кейін жасалуға тиісті жұмыстарды алдымен қолға алу сияқты кемшіліктер көп. Терминологиялық жұмыстарды жүргізу кезінде баршаға ортақ ұстанымдар мен қағидаттар басшылыққа алына бермейді. Сондықтан, бұл істің республикалық деңгейде жүйелі түрде жүргізілуін үнемі қадағалап отыратын, терминологияның бағыт-бағдарын белгілеп, білікті мамандар шоғырландырылған
арнайы мекеме құру қажет. Бұл мәселенің өзектілігін жиында сөз алған Жоғарғы Сот
судьясы Бағлан Мақұлбеков те ортаға салды. Ол заң терминдері өзінің мағынасында, негізді қолданылмайтынын жеткізді. Оның сөзінен түйгеніміз, соңғы жылдары қабылданған заңнамалардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерінде ұзақ жылдар қолданыста қалыптасып кеткен кейбір заң терминдері өзгертіліп, жаңаша мазмұн, сипатқа ие болып отыр. Бұл ретте ол ҚР Азаматтық процестік кодексіндегі 8-баптың 5-тармағында «талап қою (арыз)…..» деген ұғымдарды мысалға келтірді. «Талап қою» деген сөз тіркесі процестік құжаттың нысанын емес, субъектінің іс-әрекетін білдіреді. Заң шығарушы «талап қою» деген тіркестен кейін жақша ішінде «арыз» деген сөзді бекер келтірген жоқ. Шын мәнінде процестік құжаттың нысаны талап қою емес, арыз болып танылады. Осы баптың орысша мәтінінде «иск» (заявление) деген тіркес талданып отырған құқықтық ұғымның толық мазмұнын ашады. Ал, «талап қою» деген тіркесті қолдану арқылы біз талаптың (арыздың) мазмұнын өзгертіп, қателікке жол береміз. «Талап қою» деген тіркес орыс тіліне аударғанда «предъявление иска» деген әрекетті білдіреді. Азаматтық процеске қатысушы негізгі екі тұлға – талап қоюшы
және жауапкер. Бұрын қолданыста болған Кодексте және оған дейінгі заңнамаларда талап қоюшы «талапкер» деп айқындалған. Жаңа Кодексте осы «талапкер» деген термин неліктен «талап қоюшы» деп алынғаны түсініксіз.
Парламент Мәжілісінің редакциялау және аударма бөлімі меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлының сөзінше, бұл терминді, атау сөзді аударған кезде оның кез келген сөз тіркесіндегі әмбебап мағыналық принципіне, яғни, терминнің аудармасына деген академиялық көзқарастың сақталмауынан. Осы орайда мемлекеттік терминология комиссиясына тиісті мәртебе берілсе, ресми құжаттар мен баспа басылымдарда бұрыннан екшеліп, қалыптасқан сөздер мен тіркестерді әркімнің өз бетінше бұрмалап жазуына жол берілмес еді. Қазіргі мемлекеттік терминология комиссиясын білікті аппараты, қажетті қаржысы бар тұрақты жұмыс істейтін мемлекеттік органға айналдыратын кез келді. Осындай жағдайда ғана бұл ұйымнан нәтижелі жұмыс талап етуге болады. Ал, оның консультативтік кеңесші орган ретіндегі қазіргі жағдайымен ұлттық терминдерімізді қалыптастыру сияқты үлкен жұмысты тиянақты
жүргізу әсте мүмкін емес. Иә, терминдер тіліміздің тынысын тарылтпай, қайта оны байытып, дамыту керек. Бұл үрдісте жалтақтыққа жол беруге болмайды. Мәселе тек ұлттық мүдде тұрғысынан шешілуі керек. Біліктілікпен батыл қадамдар жасап қана сөздік қорымыздың заманмен үндестігін қамтамасыз ете аламыз.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА,
«Заң газеті»

Комментарий