Құқық | Право

ЗАҢДАРДЫҢ АУДАРМАСЫНА КӨҢІЛІҢІЗ ТОЛА МА?

Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтаса да, өз заңымызды қазақша сөйлете алмай келеміз. Термин сөздердің де аудармасы оңып тұрған жоқ. Оларды жалпыға түсінікті тілде аудару кәсіби аудармашылардың өзінің қолынан келе бермейтін іс. Сондықтан, заңдарымыздың қазақшасы көңілден шыға ма деген сауалды қаузап көрген едік.

Есберген АЛАУХАНОВ, заң ғылымдарының докторы, профессор:
– Бұл мәселе тек заң саласына ғана емес, барлық салаға ортақ. Экономикалық терминдерді де мемлекеттік тілге аударуда қиындық жетеді. Қазір көбіне аудармашылардың бірі жолма-жол аударса, екіншісі мағынасын қуып тәржімалайды. Белгілі бір қалыптасқан жүйе жоқ. Терминкомдағы мықтымықты мамандар неге осыған мән бермейді. Заңдарымыздың қайсысын алып оқысаңыз да, қатеден көз сүрінеді. Өз басым, халықаралық терминдерді аудару дегенге қарсымын. Олар сол күйінде қалып, сол терминдерге дұрыс анықтама берілуі керек. Бұдан ұтылмаймыз. Жалпы, салалық аудармалар бойынша жұмыс тобын құрып, еліміздегі аудармалардың жай-күйін сүзгізден өткізу қажет. Әсіресе, заңдарымызды. Мысалы, бір заңда «ходатайство» «қолдаухат» деп берілсе, басқа заңда ол «өтініш» делінген. Сол сияқты, «кража» мен «хищение» сөзін «ұрлық», «талан-таражға салу» деп аражігін ажыратып берген дұрыс. Сондай-ақ, нормативтік актілерде пайдаланылатын «правовое поле» терминін «құқықтық өріс» деу сөздің қаншалықты мағынасын ашып тұр?
Бұл арада мәселе заңдарымыздың ресми тілде жазылып, одан кейін асығыс-үсігіс қазақшаға аударылатынында жатыр. Заң жобасын дайындаудан бастап, оны Парламенттің қарауына жіберуге дейінгі жұмыстардың барлығы ресми тілде жүргізіледі. Бәрі дайын болған соң әлгі заңды төртбес аудармашыға беріп, олар оны асығыс аударып шығады. Осылайша, не мағынасы жоқ сөзі түсініксіз заңдар басылып жатыр. Бұл өте үлкен проблема. Алдағы уақытта заңдарымыз алдымен қазақ тілінде жазылады дегенге өз басым сенбеймін.

Абзал ҚҰСПАНОВ, адвокат:
– Негізі, бәрін қазақшалау қажет. Қашанғы біреудің жетегінде жүре береміз. Бірақ, кейде «артық қыламыз деп, тыртық қылып», күлкіге қаламыз. Сонда да шамамыз жеткенінше барлық саланы қазақша сөйлетуіміз керек-ақ.
Заңды қазақшалауға келсек, заңдарымыздың түпнұсқасы қазақша дайындалмайынша, жағдайымыз еш оңалмайды. Мысалы, біз тәуелсіздік алғалы екі-ақ заң мемлекеттік тілде дайындалыпты. Бірі «Тіл туралы», екіншісі «Көші-қон туралы» заң. Бұл сырт көзге ұсақ-түйек мәселе болып көрінгенімен, астарында ұлттық, елдік мүдде жатыр. Заң – мемлекеттің негізі, қабырғасы. Егер заңдарымызды орыс тілінде жазуды жалғастыратын болсақ, ол мемлекет ретінде қалыптасуымызды тежейді. Сондықтан, аударма мәселесіне салғырт қарамауымыз керек. Заңгер ретінде мен бұған күн сайын көз жеткізіп жүрмін. Өзім қазақтілді адвокат болсам да, тәжірибемде заңдардың орыс тіліндегі нұсқасын көбірек қолданамын. Себебі, заңдардың қазақ тіліндегі нұсқасын халық тұрмақ, заңгерлердің өзі түсінбейді. Қазақшасы мен орысшасын салыстырсаңыз, тіптен шатасып кетесіз. Тіпті, бір-біріне қарама қарсы ұғымдарды да кездестіруге болады. Соңында қазақшасын жауап қойып, орысша нұсқасын парақтауымызға тура келеді. Өйткені, заң баптары адам тағдырын шешеді. Оны дұрыс қолданбау сол адамның тағдырына балта шабумен бірдей. Құқықтық терминдерді де аударуға келетін, сөздің мағынасын дөп ашып беретіндей жағдай болса, неге аудармасқа. Бұл мәселеде мен «елу де елу» қағидасын ұстанамын. Егер термин сөз халықтың санасына сіңген, түсінікті болса, оған балама іздеудің қажеті жоқ.

Комментарий