Қоғам | Общество

ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ БЫЛЫҚҚА ЖОЛ БЕРГЕН КІМ?

Халқымызда «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген тәмсіл бар еді. Ал, Павлодар облыстық қарттар үйінің басшылары бұл құндылықты жиып қойып, ҚР заңдарынан да айылдарын жимаған. Бұл жайсыз хабар БАҚ-та жарияланғанда, осынша азғындыққа барғандардың мейірім көрсетуі тиіс орталықтан шыққанына тіксінгендер көп болды. Павлодар облысы қарттар үйінің қызметкерлері қариялардың зейнетақысы мен жәрдемақысынан ұсталатын күтім ақысын астыртын қолданып келген. Бұл алаяқтық әрекет қарттар дүниеден озғаннан кейін белгілі болған. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жергілікті департамент өкілдері жалғыз бұл емес, өзге де құқық бұзушылықтарды әшкерелеп, бірқатар былықтың бетін ашты.

Павлодардағы қарттар мен мүгедектерге арналған Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 300-ге жуық тұрғын бар. Өткен жылы 40-тан астам қарияның өмірден озғанына қарамастан, оларға зейнетақы жазылып, жәрдемақы тағайындалған. Яғни, марқұмдардың есеп-шотына қаражат аударылып, тұрғындардың күтіміне арналған қосалқы ақыны басшысы Нығмат Көбенов қызметкерлерімен сыбайласа заңсыз пайдаланып келген. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Қанат Қасымов мәлім етті. Оның айтуынша, қарттар үйіндегі қайтыс болған адамдарға бірнеше ай бойы жүйелі түрде зейнетақы мен жәрдемақы, оған қосымша, жаялық сияқты басқа да тұрмыстық және дәрілік заттар пайдаланылып отырды-мыс деп құжаттар толтырылып, жұмсалған қаржыны қалталарына басқан. Тіпті, көз жұмған адамдар тіс дәрігерінің қызметіне де жүгінген деп құжат толтырып, қаржы жұмсаған. Әзірше, мұндай 38 дерек анықталып отырғанын айтты Қанат Қасымов.
Оның сөзін келесі бір құқық қорғау органының бас маманы растай отырып, тағы да қосымша деректерді жария етті. Нақтырақ айтсақ, өңірдің Сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының бас маманы Нұржан Толыбаев «Атап айтатын болсақ, облысымыздың қарттар үйінде қамқоршылықта болған тұлғалардың қайтыс болған күндерінен бастап 3 ай уақыт мерзімінде сол қаза болған адамдардың зейнетақы карточкаларын қызметкерлердің пайдалану мүмкіндіктері болған. Және, марқұмдардың алтын бұйымдарын жою тәртібі қарастырылмаған, мұның бәрі жемқорлық тәуекелдері болып саналады», – деді. Мына дерек еліміздің қамқоршылық үйлеріндегі былықтардың бұдан да күрделі екенін байқатады. Себебі, әр істің заңдық шешімі болмаған жерде заңсыздыққа жол берілетіні белгілі. Қарттар үйіндегі қатардағы мамандардың қарттар мен мүгедектерге күнделікті тұрмыстық қызмет көрсету барысында жіберген кемшіліктері анықталып, оны олар өздері де мойындап отыр. Мәселен, осы қарттар үйінің әлеуметтік қызметкері Гүлжанат Саматқызы «Алдыңғы тексеріс бойынша 38 адам анықталды. Оның 16-сы нақты дәлелденді. Дәлелденген 184 мың теңге шығынды кінәлілер қайтарады. Бұл бірінші кезекте мамандардың салғырт не үстіртін қарауынан болуы мүмкін», – деді бұл жайлы.
Ең «қызығы», Павлодардағы қарттар мен мүгедектер үйіндегі осынау заңсыздықтардың ұйымдастырушысы болған, 1 жыл бұрын ғана тағайындалған басшысы Нығмат Көбенов 2001 жылы сыбайлас жемқорлыққа байланысты жауапқа тартылған екен. Ал, мұндай адамды жауапты қызметке кім тағайындағаны белгісіз. Жалпы, бұл заңсыз істе әлі көп мәселенің беті ашылған жоқ. Сондықтан, Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бұған алдағы уақытта өзі араласып, БАҚ-қа анық-қанығын мәлімдейді деген сенімдеміз.
Нұрболат АБАЙҰЛЫ,
«Заң газеті»

Комментарий