Судья мінбері | Судебная система

IT жобалар әлемдік стандарттарға сай жүзеге асуда

Заманға сай соңғы жылдары сот жүйесінде ғылым мен техниканың жетістіктері, соның ішінде ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылуда. 2014 жылы Жоғарғы Сот сайтында «Сот кабинеті» сервисі іске қосылып, азаматтар сотқа талап арыз-шағым, өтініш, пікір, қарсы талап арызды электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режімде төлей бастады. Ал, «100 нақты қадам» ұлт жоспарының 20-қадамын орындау мақсатында Республика соттарында аудио-бейнетіркеу жүйесі іске қосылды.

Дыбыс және бейне жазбалардың қолданылуы, саладағы ашықтықты одан әрі қамтамасыз ете түсті. Сот процесінің бейнетаспаға бастан-аяқ жазылуы сотқа қатысшылар тарапынан туындап жататын, яғни, судья тараптарға бірдей тепе-теңдік сақтамады секілді наразылықтарды түбегейлі жойды. Сот кабинеті, Төрелік ақпараттық жүйелерінің енуі сот өндірісінің мөлдірлігін арттырды. Тараптарды сот құжаттарымен таныстыру, істерді қарау тізімі, сотқа шақыру қағазы, т.б. қызметтер сала жұмысын барынша оңтайландырды. Осылайша азаматтардың еркін түрде кез келген қызметке қолже­тім­ділігін қалыптастыру, үйден шықпай сотқа арыз-шағым беруі немесе сот отырысына қатыса алуы, тіпті, істерді ғаламтор арқылы бақылау мүмкіндігі сот билігіне деген сенімге оң көзқарас қалыптастырды.
Мемлекет басшысы Республика судьяларының VI, VII съездерінде соттардың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуде бірқатар тапсырма жүктеді. Соған сай, енгізілген электронды сот төрелігі сот өндірісінің жаңа қарқында дамуына ықпал етті. Саланың ашықтығы мен қолжетімділігін жаңа деңгейге көтеріліп, жоғарыда айтқанымыздай, сот жүйесінің жетілдірілген интернет-ресурстары, тараптарға SMS-хабарлама жолдау, электрондық пошта арқылы хабардар ету, «Сот құжаттарымен таныстыру», «Істерді қарау тізімі», «Сот кабинеті», «Сотқа шақыру қағазы» сервистері, сот органдарының бірыңғай 1401 нөмірі бар Call-орталығы, т.б. оң өзгерістер тиімділігін дәлелдеді.
Қазақстанның сот жүйесін дамыту бойынша айқындалған жеті басым бағыттың бірі – «Е-Сот» жобасы. Яғни, «SMART соттың» негізгі мақсаты соттағы IT қызметтерін халықпен қолданылуын жоғарғы деңгейге жеткізу. Бүкіл саланы цифрландыру – жаңғыру мен жаңарудың кепілі десек, Елбасының Қазақстан халқына арнаған жолдауында үшінші жаңғыру жөнінде басты бағыт бере келіп, бұл жаңғырудың негізі цифрландыру екенін атады. Цифрлы технология барысы елімізді әлемдегі озық отыз мемлекеттің қата­рына қосатын негізгі жолға айналды. Сот процестерін қашықтықтан бейнеконференц байланыс арқылы өткізу, өз кезегінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға серпін берді. Халықпен жұмыс істеуде перспективасы зор жаңа технологиялар сот қызметкерлерін қағазбастылықтан арылтты. 2017 жылдан сот процестерін бақылайтын ахуалдық орталық іске қосылды.
Елбасы бастамалары аясында халықтың әділ сотқа қолжетімділігі артуда. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да сот жүйесін одан әрі жаңғырту мәселелеріне баса назар аударды. Біріншіден, сот жұмысының заманауи форматтары мен озық электронды сервистерді одан әрі енгізуді жалғастыруды тапсырды. Себебі, азаматтар құқықтарын жаңа технологиялар арқылы қорғау басы артық жұмыстан арылтып, адам факторын, сондай-ақ, ретсіз шағымды азайтады. Өз кезегінде бұл игі істер халық сеніміне толықтай ие болу мүмкіндігін арттырды. Сот жүйесіндегі игі бастамалардың барлығы азаматтардың әділсот шешімдеріне әлемдік стандарттарға сай қол жеткізуінің бірден-бірі тиімді тетігі екенін уақыттың өзі көрсетіп отыр.

Қанат Утеубаев,
Алмалы аудандық №2сотының судьясы
Алматы қаласы

Комментарий