Қоғам | Общество

Түркістан облысында су тасқыны аймағынан көшірілген 3000 адам мектептерге орналастырылды

Түркістан облысында су тасқыны аймағынан көшірілген 3000 адам мектептерге орналастырылды. Қазіргі таңда аталған аймақта 4 елді мекеннен 5400 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Түркістан облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Тұрғындардың біразы туыс-туғанына кетсе, үш мыңға жуығы Мақтаарал ауданы, Атакент кентіндегі 10 мектепке бөліп орналастырылды. Азық-түлік, ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Жетісай ауданындағы инфекциялық ауруханада облыс бойынша 32 науқас ем алып жатса, Мақтаарал ауданының ауруханаларында бірде-бір науқас жоқ.

Дәрігерлер індеттен сақтау бойынша барлық шараны қолға алды. Халыққа антисептик, бетперде, қолғап тегін таратылып, әр азаматтың дене қызуы тепловизормен тексерілуде.

Еске салайық, 1 мамыр күні Сардоба су қоймасы бөгетінің шайылуы салдарынан Өзбекстанның Сырдария облысындағы елді мекен су астында қалды. Облыс басшылығының шешімімен су қоймасында су мөлшерін азайту жұмыстары жүргізілді.

 

Комментарий