Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

ҰСТАЗДАР «ҮНДЕУГЕ» ҚАРСЫ

Осыдан екі күн бұрын редакциямызға Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ауылының орта білім беретін М.Мәметова атындағы мектептің мұғалімдері хабарласты. Тұтқаның арғы жағынан: «Еңбекақымызды бермей жатыр. Көпшілігіміздің басымызда азды-көпті несиеміз бар. Біз жалақымызды кешіктіргендерді кешіргенімізбен, банктер бізді кешірмейді. Әсіресе, ипотекалық несие төлеп отырған мұғалімдерге қиын болды…» деп шыр-пыр болған ұстаздар бізге шарасыздықтан қоңырау шалып отырғандықтарын айтты. Өз кезегінде біз мәселенің мән-жайын қағазға түсіріп, редакцияға жолдау керектігін түсіндірдік.

«Бақсақ, бақа екен» демекші, мектеп мұғалімдерінің наразылығын тудырған мәселе тек бұл емес. Анығында, ұстаздардың ашуына Қарасай аудандық Мәслихаты депутаттарының аудандық «Заман жаршысы» газетінде (29.03.2019 жыл, №13) жариялаған үндеуі себеп болған.
«Құрметті қарасайлықтар!» деп басталатын үндеуде: «…1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа қатысып, жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлер қатарында 7997 жерлесіміз болды. Олардың 3290-ы майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Біз Ұлы Жеңістің 74 жылдық мерекесіне орай, баршаңызды біркүндік еңбекақыларыңызды жинақтау қорына аударуға шақырамыз. Бұл қаржы ауданымыздың соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне нақты көмек көрсетуге жұмсалады. Сіздердің ізгі ниетті қолдауларыңыз ардагерлеріміздің әрқайсысының жүрегіне жылылық сыйлайтынына сенімдіміз» деп жазылыпты. Үндеуге сай, қарасайлықтар біркүндік жалақыларын «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Қарасай аудандық филиалының» есепшотына аударуы тиіс болса, бүгінгі таңда бұл шараға аудан мұғалімдерін бір кісідей атсалысуға «үгіттеу» науқаны қызу жүріп жатқан көрінеді. Дәлірек айтсақ, біз мұны «үгіттеу» емес, мәжбүрлеу ме деп қалдық.
Өйткені, 9 сәуірде аталған мектеп ұжымының жалпы жиналысының күн тәртібінде «Заман жаршысы» газетінде жарияланған аудандық мәслихат депутаттарының үндеуі қаралып, оны мектеп кәсіподақтар ұйымының мүшесі Г.Алдабергенова ұжымға оқып берген. Нәтижесінде, мәслихаттың Ұлы Жеңістің 74 жылдығына орай аудан тұрғындарының біркүндік жалақыларын аудару туралы ұсынысы ұстаздар тарапынан қолдау таппай, ұжым бірауыздан одан бас
тартқан. Осылайша, мұғалімдер жиналыс хаттамасын мектеп директоры Ғалия Тахирқызының қолына тапсырып, тарқасыпты. Алайда, жалпы жиналыста нүкте қойылған мәселе ұстаздар айлық алатын күні алдарынан тағы шығады. Бір жағынан дер кезінде еңбек ақылары қолдарына тимей, екінші жағынан банк қызметкерлері мазасын алған ұстаздар: «бухгалтеріміз «осы айда тексеріс келіп, құжаттарды дайындап жатырмыз, сол себепті айлықты келесі аптада жібереміз» деді. Бұл уақытта банктер біздің есепшотымызды бұғаттап,
несиені кешіктірген әр күнімізге өсімпұл өндіріп, «қара тізімге» кіргізіп жібереді» деп алаңдаулы. Сондай-ақ, арыз иелері «…Бірақ біздің директор Ғалия Тахирқызы ертесіне ұжымның біраз мұғалімдерін жеке-жеке қабылдауына шақырып, «өз еркімен» біркүндік
жалақыларын беруге көндіріпті. Ал, біраз мұғалімдер әлі де қарсылық танытып отыр. Сол себепті, кесте бойынша айдың 13 күні алатын жалақымызды бермей жатыр» дей келе, мектептің есеп-қисабын жүргізетін бухгалтердің жұмысына да көңілдері толмайтынын жазыпты. «Еңбек демалысымыздың да дұрыс есептеліп жатқанына күмәніміз бар. Сондықтан, тиісті органдар тексеріс жүргізсе» деген өтініштерін де жеткізді.
Осы орайда, біз мектеп директоры Ғалия Тахирқызына қоңырау шалып, қоластындағы ұстаздардың наразылығы жайлы айтқанбыз. «Ешкімді мәжбүрлеп жатқан жоқпыз. Ұстаздардың айлық мәселесінің үндеуге еш қатысы жоқ» деп қысқа қайырды. Аудандық мәслихат хатшысы Айтбай Көшімбаевпен Талдықорғанға кеткендіктен тілдесу мүмкін болмады. Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов жайлы да «әкімдікке жиналысқа кетті» деген жауап алдық.
Қалай десек те, жергілікті билік пен халық арасын жалғауы тиіс мәслихат депутаттарының үндеуі қарапайым мектеп мұғалімдерінің қалтасын қағатын түрі бар. Сондай-ақ, мәслихат депутаттарының Ұлы Жеңісті желеу етіп халықтың біркүндік жалақысын сұрауы биыл ғана емес екен. Рас, бір есептен мұндай игі шараға ұйытқы болған депутаттарға алғысымызды жаудырып, әрекеттерін «ерлікке» балауымыз керек шығар. Алайда, сандарды сөйлетсек, ардагерлерді бетке ұстап тұрғындардан ақша жинау ақылға сыймайтын қадам екеніне көз жеткізесіз. Енді есептеп көрейік. Қарасай ауданында барлығы 51 мектеп бар. Аудандағы жалпы мұғалімдердің саны 4285-ті құрайды. Ал, бізге шағымданған Көксайдағы М.Мәметова атындағы орта мектепте барлығы 138 ұстаз білім береді. Демек, бұл мектеп мұғалімдердің орта есеппен бір күндік жалақысын 6 мың теңге деп алсақ, аудан мұғалімдерінен 25 миллион теңгенің үстінде қаржы жиналады деген сөз. Аз ба, көп пе? Ол жағын оқырман қауым өзі таразылай жатар. Бізді таң қалдырғаны, Қарасай ауданындағы ардагерлердің саны. Жоғарыдағы үндеу хатқа көз жүгіртсек, ауданнан майданға аттанған 7997 адамның 3290-ны оралмаған. Сонда елге аман оралғандары бес мыңға жетпейді. Өткен жылғы деректерге сәйкес, Қарасай ауданында барлығы 1200-ден астам ардагер тіркелсе, оның тек төртеуі Ұлы Отан соғысына қатысқан. 77-сі тыл ардагері. Ал, қарттардың қатары күн сайын азайып бара жатқанын ескерсек, мәслихат депутаттарының осынша қаржыны қайда жұмсамақ болып отырғаны күмән туғызады.
Камила ӘКІМБЕКҚЫЗЫ,
«Заң газеті»

Комментарий