Қоғам | Общество

Елімізде аяғы ауыр 37 және жас босанған 12 келіншек коронавирусқа шалдыққан

Алайда, жаңа босанған жас аналарды шығарып алуға гүл мен шар ұстап келгендер перзентхана маңында толып жүр.
Алматыда №2 перзентхана аяғы ауыр келіншектерді қабылдауды тоқтатты. Өйткені, осында босануға келген келіншектен коронавирус анықталған. Сондықтан жас босанған аналарды қазір жаппай өзге перзентханаға көшіріп жатыр, деп хабарлайды КТК телеарнасы.

Жалпы, ел бойынша аяғы ауыр 37 келіншектен вирус анықталыпты. Сондай-ақ, енді босанған 12 жас анадан індет табылған. Ал Алматыдағы жағдайдан кейін дәрігерлер мен сондағы жас аналар толық тексеруден өткізіліпті.

Алайда, жаңа босанған жас аналарды шығарып алуға гүл мен шар ұстап келгендер перзентхана маңында толып жүр. Халықтың бейқамдығынан Алматыдағы ауру жұқтырғандар саны мың адамға жақындап қалды. Соған қарамастан, қаланың бас санитар дәрігері жақында жұқпалы дерттің «таралуы азаяды» деп сендірді.

«20 сәуір күні тәуліктік ауру жұқтыру көрсеткіші 15,6 пайызға жетті. Ал өткен сенбіде 2 пайыздың төңірегінде болды. Орташа есеппен соңғы 8 күнде тәуліктік өсім көрсеткіші – 6,6 пайыз. Жақын күндері аурудың таралу қарқынын мейлінше азайтамыз деп ойлаймын», – дейді Жандарбек Бекшин.

Комментарий