Экономика

БӨЛІНГЕН ӘР ТЕҢГЕ БАҚЫЛАУДА

ЕЛБАСЫНЫҢ ТӨРАҒАЛЫҒЫМЕН ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІНІҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ. БҮГІНГІДЕЙ СЫН САҒАТТА
ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ ЕКЕНІН ІСІМЕН ДӘЛЕЛДЕГЕН НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ КӘНІГІ САЯСАТКЕР, КӨРЕГЕН ТҰЛҒА РЕТІНДЕ ПІКІР АЙТЫП, БАҒЫТ СІЛТЕП, ҚОЛДАУ БІЛДІРУІ ЕЛ ҮШІН ҚАШАНДА МАҢЫЗДЫ.
АТАЛМЫШ ОТЫРЫС ТА СОЛ ҮДЕДЕН ШЫҚТЫ.

Бейнеконференция режимінде ұйымдастырылған бұл кездесуде көтерілген мәселелер ауқымды. Оның ең бастысы коронавирус індетіне қарсы күрестегі стратегиялық мәселелер мен дағдарыстан кейінгі кезеңдегі
даму жоспарын өзек еткен. Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей жаһандық қауіп-қатер төңірегіндегі жағдай алаңдатпай қоймайды. Себебі халықаралық сарапшылар қазіргі карантинді өткен ғасырда болған Ұлы депрессиямен салыстыруда. Болжамдары да көңіл қуантпайды. Экономикасы әлсіз елдер көбірек зардап шегетінін көрсеткен мамандар пандемия мен дағдарыстың шарықтау шегі қатар келеді деген пікірде. Ал, сарапшылардың негізсіз болжам жасамайтыны анық. Бұл тұжырымдардың артында үлкен ізденіс, терең сараптама жатыр. Ендеше, өркениетті елдердің өзінің етек-жеңін жинатқан бүгінгідей қиындыққа Қазақстанның салғырт қарамағаны, дағдарыстың алдын алуға қам жасағаны абзал.

Қауіп қайдан?
Отырыста мұнай бағасының түсіп кеткені, мұның соңы азық-түлік дағдарысына айналуы мүмкін екендігі айтылды. Жамағатқа жағымсыз естілсе де, шындықты айтқан, соған сай әрекеттер жасаған дұрыс. Расында
мұнайға сеніп келген біз секілді шикізатқа бай елге қазіргі қалыптасқан жағдайдың оңай соққы болмайтыны
түсінікті. Енді не істеу керек? Елбасы өткізген отырыстан кейін бұл мәселе көпшіліктің қызу талқысына түсті. «Тәуелсіздіктің отыз жылында неге өндіріс ошақтарын салмадық? Әлі күнге дейін шикізатқа байланып отырғанымыз қалай?» деген сауалды бүгінде екінің бірінің жанарынан оқуға болады. Алайда, бұл бір адамның қалауындағы мәселе емес. Экономиканы ілгерілетуге, ауылшаруашылығын дамытуға, ғалымдардың озық идеяларын тәжірибеге енгізуге, кәсіпке икемі барларды қолдауға мемлекет тарапынан аз қаржы бөлінген жоқ. Бірақ, сол миллиондар ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Елбасы ашқан талай зауыт-фабрика, өндіріс орындарының жылға жетпей жабылуы жауапсыздық пен қырсыздықтың салдары. Өкініштісі, бізде жеңілдетілген несие берудің, кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің тетігі жасалғанымен, оларға бақылау орнатудың, мемлекет қаржысын талан-таражға салғандарды жауапқа тартудың механизмі дұрыс жұмыс істеп жатқан жоқ. Мұнайға байланудың бір себебі де осында.

Дағдарыс – дамуға бастар жол
Дағдарысты дамуға апаратын баспалдақ деуге де болады. Мұның өзі қиындықты қай елдің қалай қабылдауына байланысты. Осыған орай Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы күрделі кезеңді табысты еңсеруге көмектесетін іс-шараларды қазірден бастап қолға алуға шақырды. Әрине, төтенше жағдайға орай жарияланған карантин елдегі жұмыссыздар санын көбейтті. Алдағы уақытта да екі қолға бір күрек
табу оңайға соқпайын деп тұр. «Қазақ халқы мұндай ауыртпалықтың талайын басынан өткерген. Бұл құқайды
да көріп алармыз» деп арқаны кеңге салатын кез емес қазір. Дегенмен, дәл осындай сәтте мемлекеттің шұғыл шешім қабылдап, жұмыс орындарын ашуға бел шеше кіріскені абзал. Жұмыс орны – халықты аш қалдырмаудың амалы ретінде қарастырылмауы керек. Үкімет, әкімдіктер жаңа ашылған жұмыс орындары әр адамды тұрақты табыс көзімен қамтамасыз етудің, сол арқылы отбасы берекесін сақтаудың кепілі болуы тиіс. Мұндай сәтте сыбайластыққа, көзбояушылыққа жол берілмеуі шарт. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы мемлекет пен қоғамда болатын өзгерістерге де тоқталды. «Біріншіден, барлық ел өздерінің экономикалық стратегияларын қайта қарап жатыр. Мұнда өзін-өзі қамтамасыз ету, өзіне тиеслі ресурстарға үміт арту, өндіріс пен қаржылық тізбектің сенімділігі алғашқы орында болады. Екіншіден, жаңа салалық басым бағыттар қалыптасады. Тиімсіз секторлар мүлде жойылып кетеді. Экономикалық өсімнің көшін тың салалар бастайын деп тұр. Олар экономиканы ілгерілетіп, адамдарды жұмыспен қамтиды. Үшіншіден, барлық ауқымды
дағдарыстар технологиялық және экономикалық әлемдік тәртіптің циклдік өзгеруімен байланысты. Қазір ескі
модельдің күйрегенін көріп отырмыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қордағы қаржы шексіз емес
Елде қаржылық қиындық бола қалса, алдымен сөз ететініміз Ұлттық қор. «Үш күндігін ойламаған әйелден без,
үш жылдығын ойламаған еркектен без» дейді бабаларымыз. Бұл енді шағын мемлекет саналатын отбасындағы жауаптылыққа қатысты айтылған сөз. Ал, бүкіл бір елді ұйытып, бүтін бір мемлекетке басшылық етіп отырған азаматтардың жауаптылығы жылдармен емес, ғасырлармен өлшенеді. Тәуелсіздік алған сәттен бастап жинақталған Ұлттық қорға да қатысты осыны айтуға болады. Шындығында бүгінгі күнге дейін Ұлттық қорға қомақты қаражат жиналды. Үкімет жалпы дағдарыстан шығу үшін 4,4 триллион теңге (10 млдр доллар) бөлді. Бұл қаржының 1,8 триллион теңгесі Ұлттық қордан алынбақ. Жалпы, шағын отбасының өзі жылдап жинағанын бір сәтте жоқ қыла салмайды. Есеппен, жоспармен қаржысын басқарады. Халыққа ортақ қаржыға да осындай жауаптылықпен, асқан кірпияздықпен қараған жөн. Осы ретте Елбасының «Қордағы қаржы
шексіз емес, оны үнемді және ең қиын жағдайда ғана пайдалану керек» дегенін ескерген артықтық етпейді.
Кез келген дағдарыс – жаңа мүмкіндік. Дағдарыстан бірлігі мықты ел, білігі күшті ерлер қорықпайды. Содан
болар, Елбасының отырыста айтқан «Елге – экономиканы қалпына келтіру, жұмыссыздықты азайту, халықты
азық-түлікпен және қажеттінің бәрімен қамтамасыз ету үшін тиімді әрі батыл шешім қабылдай алатын менеджерлер керек» деуінің жөні бар. Шындығында, «Ер жолдасы – тәуекел» дегендей бізге тәуекелшіл жандар жетіспейді. Ал, «Тәуекелдің тау жығатынын» дәлелдеу артық.
Нұрлан ШЫНТАЕВ

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий