Бас тақырып | Тема дняҚұқық | Право

Митинг туралы заңнан не күтесіз?

Жақында Мәжіліс депутаттары бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа заң қоғамның талабына қаншалықты сай? Митинг туралы заңнан не күтесіз?

Толғанай Үмбеталиева, саясаттанушы, демократияны дамыту бойынша Орта Азиялық қордың директоры:

  • Қанша өзгерістер енгізілді дегенмен жаңа заң жобасының ішінде де шектеулер өте көп. Сол шектеулердің барлығын алып тастау керек. Егер өзі сүріп отырған қоғамына көңілі толмаса, кез келген азамат шығып ойын ашық айта алатындай заң жобасы қажет. Мәселен митингке шығушылар бірдей болып киінсін, бейбіт шеруге шығар алдында бір апта бұрын ескертсін, шеруге қанша адам шығатын санын да ескерту керектігі, өтетін орнына қатысты шектеулердің барлығы митингке шығушылардың құқығын бұзып тұр. Мәселен қандай да бір зауыттың жұмысына наразы адамдар неге зауыттың алдына барып бейбіт шеру өткізе алмауы керек?! Немесе әкімдік жұмысына наразы болса оны неге Сарыарқа кинотеатрының алдына барып өткізуі керек? Шерудің өтуі оның өтетін жеріне тікелей қатысты болуы керек. Яғни бейбіт митинг өткізушілерге өтетін жеріне қатысты шектеу енгізілмеуі керек деп санаймын.

Митинг өткізушілердің киіміне қатысты да тәртіп керек емес. Сонда бейбіт шеруге мың адам шығатын болса, солардың бәрі бірдей қылып киім тіктіріп жүруі керек пе?! Немесе бірдей қылып сатып алуы керек пе? Бұл деген артық шығын емес пе! Полиция оларды басқалардан ажыратуы үшін ғана бірдей киінсін деген талабы өте артық. Сондай-ақ бейбіт шеруге шығатын адамдардың тізімін алдын ала өткізу керек, бекіту қажет деген талаппен де келісе алмаймын. Сонда біреу аяқ асты қосылатын болса ол үшін митингке бастамашы болып жүрген азамат жауапты болып қала ма? Немесе 100 адам шығады деп саны бекітілсе, ол жерде 101 адам шыға қалса да митинг ұйымдастырушысы жауапқа тартылуы мүмкін. Бұл деген сұмдық қой. Халқымыздың сана сезімі толыққан, өзіндік пікірі қалыптасқан. Сондықтан басқарушы орындар басқалармен санасуы, пікірлерін сыйлауы керек емес пе?!

АҚШ-та тура Ақ үйдің алдына барып-ақ өздерінің ой-пікірлерін, ұстанымдарын кез келген азамат ашық білдіре береді. Шатыр тігіп алып бірнеше күн қатарынан шеру өткізіп жатады. Ол үшін оған ешкім келіп ол жердің ажарын бұздың деп әңгіме айтпайды. Ереже бойынша егер шатыр бос қалса ғана полиция қызметкерлерінің оны алып тастауға құзіреті бар екен. Соңғы бір адам қалса да шатырға тиіспейді. Бір адаммен болсын санасады. Тура Ақ үйдің алдындағы ондай әрекеті үшін ешкім оларды жазғырмайды, тиіспейді де. Германияда да болдым, орталық алаңда әуендетіп, өлең айтып бейбіт шеру өткізіп жатады. Полиция қызметкерлері қайта митинг өткізушілерге басқалар кедергі жасамасын деп олардың қауіпсіздігін бақылап тұрады. Бізде митинг өткізушілерге қылмыскер ретінде қарайды. Сонда мемлекет өз азаматтарына, халқына сенбей ме?! Сондықтан жаңа заң жобасында жоғарыдағыдай шектеулер болғанын қаламаймын.

Кәрібай Тасшабаев, адвокат:

  • Бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне енгізілетін өзгерістерді қоғам көптен күтті. Сондықтан өз басым халықтың сол күткен сенімі алдамай, мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейтуге ықпал ететіндей құжат болса екен деп тілеймін. Қоғамда кез келген азамат мәселені ашық және еркін жеткізе алса ғана қоғам дамиды. Осы орайда жаңа құжатта ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қаралып, журналистердің құқықтары мен міндеттері белгіленгені көңілімнен шықты. Әрқайсысының міндеттері мен жауапкершіліктері нақтылап көрсетілгендіктен алдағы уақытта аса көп мәселе туындамауы керек. Бұрын митинг кезінде әрқайсысының жауапкершілігі айқындалмағандықтан түсініспеушіліктер жиі кездесетін. Бұл жерде  «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы заман сұранысына сай толықтырылды деп ойлаймын. Өйткені қолданыстағы бейбіт жиналыстар мен митингтер өткізу тәртібі туралы заңның қабылданғанына 25 жыл өткен болатын. Осы жылдар ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласында үлкен өзгерістер болды, азаматтық қоғамның ұстанымдары айқындалды. Сондықтан азаматтардың өз ұстанымын бейбіт жиналыстар арқылы білдіру мүмкіндігін арттыру қажеттілігі сезіліп отыр. Демек сол күткенімізге сай заң жобасы болуы керек.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көптеген елдері бейбіт митингті ұйымдастыру және өткізуде басты басымдықты қоғамдық қауіпсіздікке аударатынын байқап отырмыз. Сондықтан АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Сингапур, Жапония, Швеция секілді елдердің митинг өткізу мәдениетін мұқият зерделеген бұл заң жобасынан қауіпсіздік мәселесіне аса мән бергені байқалады. Осы тұсы көңілімнен шықты. Яғни митинг өткізушілердің де қауіпсіздігі ескерілсе, басы көзге қарамай таяқтап қуалай беру немесе көлікке тиеп, қолын қайырып алып кете бермей олардың айтарына көңіл бөлсе деп тілеймін. Полиция қызметкерлері бейбіт шерушілердің де қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек. Бейбіт жиынды ұйымдастырушылар үшін барлық жағдай жасалуы керек. Ешбір себепсіз бейбіт шеруге рұқсат бермей қайтара беру әрекеті тоқтатылуы керек. Бізде 40 шақты рет митинг өткізуге рұқсат сұрап, сонша рет бетін қайтарып тастай беретін жағдайлар кездеседі. Бұл дұрыс емес. Мемлекет басшысының өзі «егер көшеге шыққандар заң бұзбаса, қоғамдық тәртіпті бұзбаса және азаматтардың тыныштығына кедергі жасамаса митинг жасай берсін» деп ескертті ғой. Демек сол сөз заңда көрініс табуы керек. Әрбір наразылық тыңдалуы керек. Өйткені қоғамның үнін тыңдамасақ, ол бір күні әйтеуір бітеу жара болып жарылады. Сондықтан қалаған адамға ойындағысын айтқызып, оған құлақ асып үйренуіміз керек. Бейбіт жиын өткізу туралы хабардар ету мерзімін де қысқартып, митинг өткізушілерге жағдай жасауымыз қажет.

Жалпы митинг мәдениетін қоғамдық санаға сіңіретін уақыт жетті. Митингке рұқсат бермеу, немесе таратуға тырысып, күш қолдану қарсылықты одан сайын күшейтеді.

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Әлсіз | СлабоОнша емес | Так себеЖарайды | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично Баға беріңіз | Оцените

Загрузка...

Комментарий