Құқық | Право

Қатыгез өгей анаға қатысты жаңа мәліметтер шықты

Түркістан облысында өгей анасынан қорлық көрген бір үйдің үш қызына қатысты жаңа мәліметтер пайда болды. Қатыгез ана үйдегі ыдыс-аяқты шағып, қыздарды сынықтардың үстінде билеуге мәжбүрлеген. Ең кішісі 12 жастағы қыздар одан қорыққаны сонша, денесіндегі жараларды айналасындағылардан жасырып келіпті. Олардың туған әкесі де сұмдық жайттан бейхабар болғанын айтып отыр.

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «31 арнаға» сілтеме жасап хабарлайды.

Сұмдық әрекеттері әшкере болған өгей ана қыздардың әкесімен 3 жыл бұрын бас қосқан екен. Көршілерінің айтуынша, олар қыздардың қиналып, айқайлап жатқанын естіген. Сол кезде  полиция шақыратындарын айтып, әйелді сабырға шақырмақ болыпты. Алайда қыздардың үлкені бұл өз отбасындағы мәселе екенін айтып, араласпауын сұраған.

«Жазда далада ойнап жүргенде мойны көгеріп қалғанын көргенмін. Оны өгей анасы бір жерге апарып, қорқытып, ұрып-соғып, артынша қайтып алып келетін. Көршілер бәрін көріп жүрді. Оған ескерту жасады», – дейді көршісі Сәрсенгүл Нұрмаханова.

Өгей анасы өзінің әрекеттерін бір дәптерге жазып жүрген. Онда қыздарға күнделікті берілген тапсырмалар мен ережелер да бар. Қыздар оның айтқанын бұлжытпай орындауы тиіс. Керісінше жағдайда, ұрып-соғады.

Үш қыздың туыстарының сөзінше, өгей ана күйеуі жұмысқа кеткеннен кейін қыздарға сұмдық әрекеттер жасап келген. Тіпті, ыдыс-аяқты шағып, қыздарды сынықтардың үстіне шығарып, билеуге мәжбүрлепті. Үйдегі көрпеде қанның ізі әлі жатыр.

Өз сөзінде қыздардың әкесі ештеңені білмегенін айтты. Үнемі жұмыста болғанын жеткізген әкенің сөзінше, қыздары ештеңеге шағымданбапты.

«Мен байқамадым. Қыздарым ұзын киім киіп, қол-аяғын жауып жүретін. Оларды құшақтап: «Бәрі жақсы ма?» – деп сұрадым. Олар жақсы екенін айтатын. Содан кейін ұйықтап қалатынмын», – дейді қыздардың әкесі.

Қыздардың өгей анасынан қорыққаны сонша, үнемі ұзын киім киіп, денесіндегі жараларды көрсетпеуге тырысқан. Сонымен қатар көгерген жерлеріне рең беретін иісмай жағып, жасырады екен.

Бірде қыздардың үлкені мектепке медициналық маска киіп келген. Оның бетінің көгергенін байқамау мүмкін болмапты. Сол кезде мұғалімі дабыл қаққан.
«Өзін жеке шақырып алып сөйлестім. Сол кезде ол көңіл-күйі жоқ екенін айтты. Артынша оның бетіндегі масканы шешіп, ернінің жыртылып кеткенін көрдім. Сонымен қатар жағы көгеріп қалған. Артынша не болғанын сұрай бастадым. Ол жылап жіберіп, болған жайт туралы айтып берді», – дейді мұғалімі Айғаным Төрбаева.

Сонымен қатар өгей анасы қыздарды еденді тілімен жалауға, ыдыс жууға арналған құралды ішіуге, қатты ыстық немесе суық суда отыруға мәжбүрлеген. Мұның бәрі оның 2 жасар баласының көз алдында болыпты.

Бүгінде 28 жастағы әйел екінші сәбиіне жүкті. Ол қамауға алынған.

Белгілі болғандай, қыздардың туған анасы бес жыл бұрын оларды тастап кеткен. Осыдан кейін әкелері инсульт алған екен. Сондықтан қыздар көрген қорлықтары туралы әкесіне айтуға қорыққан көрінеді. Ендігі ер адамның өзі ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жетісай қаласында өгей ананың үш қызына қорлық көрсетіп келгенін хабарлаған едік.

Комментарий