Бас тақырып | Тема дняҚоғам | Общество

«ӨТКЕЛДЕ АТ АУЫСТЫРМАЙДЫ»

КОРОНАВИРУС ЖҰҚТЫРҒАНДАР САНЫ КҮН САНАП ӨСУДЕ. ЖАҚЫН КҮНДЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ ЕЛЖАН БІРТАНОВ АЙТҚАН МЕЖЕГЕ ДЕ ЖЕТІП ҚАЛАМЫЗ. БІРАҚ, СӘУЕГЕЙЛІК ТАНЫТУҒА ШЕБЕР МИНИСТРЛІКТІҢ «ҚАТЕРГЕ САҚАДАЙ САЙМЫЗ» ДЕГЕНІ КҮН ӨТКЕН САЙЫН КҮДІКТІ ҚОЮЛАТУДА. НЕГЕ?

Біріншіден, індеттің алдын алуға тиіс министрлік өз дәрігерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмады. Медициналық сауаты төмен қарапайым азаматтарды айтпағанда, адам денсаулығына жауапты жандардың
дертті болуы саладағы біраз түйткілді аңғартса керек. Екіншіден, бұл мекемеде істен гөрі сөздің көп екенін көрсетті. «Сақтандыру шаралары жасалды, медицина қызметкерлері қорғаныс киімдерімен толық қамтылған» деген сөздер енді ешкімді сендірмейді. Қарапайым маскаға зәру еткен құрылымда басшылардың да бақылауы әлсіз. Үшіншіден, министрлік жұмысында жүйе жоқ. Сол жүйені жолға қоятын маман тапшы. Кадрлық аштық, қысқасы. Төртіншіден, басшылық тарапынан қарауындағыларға сенім арту, қолдау әлсіз. Өз басын қорғау үшін «лайықсыз» кадрлардан тезірек құтылу жиілеп барады. Енді осы мәселеге кеңірек тоқталайық. Медицина саласы сыннан көз ашпай келе жатқан құрылымның бірі. Тіпті бүгінгідей қарбалас кезең де дәрігерлерге деген ыстық ықыласты толық қалыптастыра алған жоқ. «Ақ халатты жандардыкі ерлік», «Дәрігерлерге ескерткіш қояйық» деген ұсыныстар айтылғанмен, бір-бірінің былығын шығарып, кемшілігін жария еткен дәрігерлер көпшіліктің қолдауына қайдан ие болсын! Шындап келгенде коронавирус – төмендеген   беделді, азғантай абыройды қалпына келтіруге тамаша мүмкіндік еді. Әрі бұл тәжірибелі, елге
танылып қалған дәрігерлердің еңбегін тиімді пайдалануға таптырмас кез болатын. Бірақ, Біртанов олай етпеді. Алдымен бүгінге дейін нешеме рет сыналып, қаншама рет үстінен арыз жазылса да басшылық қызметте мызғымай келе жатқан Жандарбек Бекшин қызметінен кетті. Бас санитардың түбіне жеткен – «Наконец-то»! Бұл кісі коронавирустың келуін жұлдызды сәттің тууы деп күткен секілді. Осылайша абайламай
сөйлеген басшы бір сәтте әжуаның нысанына айналды. Ол аздай, 2011 жылдан бергі ғұмыры санитарлық қызметпен байланысты болған Бекшиннен Біртанов та бас тартты. Министрліктің айналасында жүргенімен, бас санитар қызметіне қайта-қайта айналып соғатын Жәкеңнің орны аяқ астынан Айжан Есмағамбетоваға бұйырды. «Өткелде ат ауыстырмайды» деуші еді қазақ. Осы сөзді Біртанов естімеген секілді. Өйткені, дәл осындай сын сәтте басшыны ауыстыру жұмысты ақсатумен пара-пар. Бұл ең алдымен санитарлық салада індетке қарсы іс-шаралар жоспарын түзіп, мақсатты еңбек еткен Бекшин командасын бағаламау. Сонымен қатар, құлшынып іске кірісіп кеткенімен, Есмағамбетованың жұмыс ретімен танысып, қарауындағылармен тіл табысуына да аз уақыт кетпесі анық. Бұл да жұмысты тежейтін тетіктің бірі. Дегенмен, Жандарбек Бекшин де «далада қалмады». Ол бүгінде Алматы қалалық санитарлық дәрігерінің орынтағына жайғасқан. Бұған дейін бұл орын аты шықпаған соң ара-тұра «жер өртеп» жүретін Айзат Молдағасымоваға тиесілі еді. «Мені көлден айырған лашын құстың текпіні» дегендей, Молдағасымованы қызметтен айырған Орталық клиникалық аурухана дәрігерлерінің арызы. Жаппай індет жұқтырған дәрігерлердің ашу-ызасынан кейін де қозғала
қоймаған Айзат Балтағұлқызы министрліктен пәрмен болмаса әлі де отыра берер ме еді, кім білсін. Әйтеуір кетті. Біздіңше, бұл жаңалыққа бір қуанса арызданған дәрігерлер қуанды. Ал, кадрлық өзгеріс тұрғысынан алғанда Бекшиннің ұпайы түгел. Жарайды, Бекшин құтты орнын тапты, Молдағасымованың да аса өкініші жоқ делік. Қанша дегенмен Айзат ханым бұл қызметте жылға жуық тер төкті ғой. Ал, былтырғы жылдың соңында Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасына басшы боп тағайындалған Тілеухан Абилдаевты орнынан қозғаудың қандай қажеттілігі болды екен?

Бас-аяғы төрт айдың ішінде басқарма жұмысын бір арнаға түсіріп келе жатқан мықты маманды қызметтен кетіру кімге тиімді? Дәрігерлердің жаппай індет жұқтырғаны үшін бір адамды жұмыстан шығару керек болса, ол табылған. Әріптестерінің қолдауына қарамастан 12 орталық клиникалық аурухананың бас дәрігері Алмаз Джувашев қызметінен өз еркінен бас тартқан болатын. Бірақ, бәрі біз ойлағандай қайдан болсын… Өкініштісі, Біртанов осы бір азғантай уақыт ішінде кадрларды пешкідей ауыстырды. Абилдаевты алды, оның орнына вице-министр болып қызмет еткен Камалжан Надыровты әкелді. Енді қызметке кірісем дегенде Надыровтың коронавирус жұқтырғаны анықталды. Осыдан кейін министр Абилдаевты қайта қызметке алдыруға мәжбүр болды. Түптеп келгенде бұл жағдай аурудан бұрын, «жаңа басшы қандай жаңалық әкелер екен?» деп алаңдаған дәрігерлердің сезімімен ойнау ғой. Бүгінде Денсаулық сақтау вице-министрінің жылы орнына Людмила Бюрабекова жайғасқан. Ол атқарған бас мемлекеттік фармацевтикалық инспектор лауазымын қазір Тимур Сұлтанғазиев иеленді. Сұлтанғазиев жетекшілік еткен Солтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінің де уайымы аз емес. Олар да жаңа басшының алыстан емес, өз араларынан таңдалғанын тілеп отырған болар. Айтпақшы, індетке қайрат көрсетер кезде Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әнуар Сағымбаев да өз еркімен қызметінен кетті. Сын сағатта осылай кадрларды ауыстыра берер болсақ, білікті басшы табу оңай болмас. Жоғарыдағы ауыс-түйіс кейіпкерлерінің көбі былтырғы жылдың ішінде тағайындалған. Соған қарап, Біртанов кадр ауыстыруға құмар ма деп қаласың.

Н.ШЫНТАЕВ

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий