Аптадағы сұхбат | Интервью недели

Алмасбек САДЫРБАЕВ, «Шопан ата» қойшылар қауымдастығының төрағасы: «ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚ пен БЮРОКРАТИЯ ТҮБІМІЗГЕ ЖЕТЕДІ»

  • Карантин кезінде шаруалардың емін еркін жүріп тұруын қамтамасыз ету үшін іс жүзінде әрекет етіп, әлеуметтік желі арқылы көп еңбек сіңірдіңіз. Осы орайда аға, әлеуметтік желі халықтың үнін жоғарыға жеткізуде қозғаушы күш бола алып отыр ма?
  • Шыны керек, қазір әлеуметтік желінің әлеуеті күн санап айқындалып келе жатыр. Халық тарапынан айтылған біршама ойларымыз, ұсыныстарымыз әлеуметтік желілер арқылы дер кезінде тиісті жерлерге жетіп жатыр. Соның арқасында қоғамдағы мәселелер де тез шешіліп жатыр. Жалпы соңғы кездері Үкімет өз тарапынан, кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі «Атамекен» ұлттық палатасы өз тарапынан түрлі ұсыныстар дайындап, орта және шағын бизнесті, ауылдағы фермерлерді қолдаудың бағдарламаларын түзіп жатыр. Яғни, «Халық үніне құлақ асатын үкімет» жобасы жұмыс істей бастағанын көріп отырмыз. Оның басы, қасында өзіміз де жүрміз. Фермерлер атынан ұсыныс, пікірлерімізді айтып, енгізуге тырысып бағудамыз. Бұл мақсатымыз әлеуметтік желідегі видеоұндеулер арқылы да шешімін тауып жатыр. Онлайн өмір уақыт сұранысы екенін сезініп келеміз. Сондықтан бір мәселеге жұртшылықтың көңілін аударғың келсе, өзіңе пікірлес адамдарды жинағың келсе немесе қоғамда азаматтық ұстаным дамысын десеңіз заманауи құрылғылардың көмегімен өз ойыңды дәлелдеп шығуға мүмкіндік бар деп айта аламыз.
  • Блок бекеттерде кедергісіз өту туралы ұсынысыңыз да жетер жеріне тез жеткен секілді…
  • Иә, тез шешім қабылдағаны үшін тиісті орындарға алғысым зор. Қазір коронавирустың одан әрі таралуын шектеу үшін карантин шаралары күшейтілді, ол қауіпсіздік үшін дұрыс. Әйтсе де, қазір жергілікті өңірлерде полиция қызметінің тосқауылы фермерлердің шаруасына кедергі келтірмеуі тиіс. Мал төлдеп жатқан шақ. Ауылдағы шарауаның ары-бері шапқылайтын кезі. Мысалы, ірі сиыр шаруашылықтарына бұқа қажет. Ол бұқаны ауыстырып отыру үшін басқа жерден көлікке тиеп жеткізу қажет. Міне, осындай қозғалыстар шектелмеуі үшін шырылдағам. Жоғары жақта отырғандар ол мәселенің бар екенін атүсті білгенімен, ішкі қайшылықтарға, ұсақ мәселелерге мән бермеуі мүмкін. Ал соны ашып көрсете алсаң, жергілікті атқарушы биліктегілерге де, Үкіметке де мәселені жеткізуге, шешімін табуға болады. Әсіресе карантин кезінде онлайн өмірдің мүмкіндігі зор екеніне көзіміз жетіп жатыр. Блок бекеттерден тікелей эфирге шығып шаруалардың бекеттерден өту кезінде туындап жатқан мәселелерін біз онлайн көрсетудің нәтижесінде мәселеге басқалардың назарын аударып, шаруалар мен фермерлердің мәселесін тез шешуге ықпал еттік. Әлеуметтік желі бүгінгі өмірдің бір қыры. Көктемнің бір күнінің өзі шаруалар үшін берекелі, олар қарап отырғысы келмейді. Дер кезінде дәнін сеуіп, күн қызып кеткенше шаруаларын реттеп алса бастысы сол. Немесе қазір мал жаппай төлдеп жатқан кезеңде шаруалардың емін еркін жүріс тұрысын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл бір ғана аймаққа немесе белгілі бір өлкенің ғана мәселесі емес, жаппай республиканың түкпір түкіпіріндегі барлық шаруаларға ортақ мәселе. Мен Қазақстан фермерлер одағының мүшесімін, «Шопан ата» қой өсірушілер қауымдастығының төрағасымын. Ортақ байланыс жүйеміз бар, республика бойынша осы салада жүрген кәсіпкерлердің бәрі бір бірімен тығыз байланыста. Яғни олардың әрбірінің күнделікті өмірде кездесіп жатқан барлық мәселесімен мен таныспын, бір бірімізді дер кезінде құлағдар етіп отырамыз. Мәселен жаңа ғана Сіздің алдыңызда Қарағанды облысы, Шет ауданынан хабарласқан шаруалар өз мәселелерін, Қызылорда облысының күрішшілері өздерінің кездескен қиындықтарын жайып салып жатыр. Жалпы Үкімет тарапынан шаруалардың блок бекеттерден емін еркін өтуіне, ауылшаруашылығына қолбайлау болатын барлық мәселені реттеу туралы тапсырмалар берілгенімен қағазбастылық, жергілікті атқарушы билік тарапынан бюрокартиялық жағдайлармен фермерлерге қиындықтар туындаған. Бір ауданның әкімі, облыс әкіміне хат жазып, ол Төтенше жағдайға орай құрылған штабқа хабарласып, одан әрі жоғары жаққа хабар беріп жүрем дегенше көктем аяқталуы мүмкін. Көктемнің әрбір күні қымбат, жылға азық. Ертең тұқым уақытылы себілмегені үшін, тыңайтқышы дер кезінде жеткізілмегені үшін ақталып отыратын уақыт жоқ. Шаруалардан тек нәтиже сұралады. Сондықтан «Ауыл» партиясындағы әріптестерімізбен, Фермерлер одағымен ақылдасып отырып, Президентке Үндеу жасауға мәжбүр болдық. Сол күні түнде Президент тарапынан кері байланыс жасалып, ертеңіне шаруалардың мәселесін шешудің алгаритмі жасалып, дер кезінде мәселені шешіп алдық. Жеріміз үлкен, ақпараттың дер кезінде жетуі қиындау. Сондықтан барынша осы ақпаратты таратып, репсублика бойынша шаруалардың емін еркін қозғалу алгоритмімен бәрін құлағдар етіп үлгеруіміз керек. Қазір шаруалар Салық Комитеті тарапынан берілген шаруа екенін айғақтайтын куәлігі мен жеке басын айғақтайтын куәлігімен барлық блок бекеттерден емін еркін өтуіне жағдай жасалған. Оның алдында түрлі құжаттар талап етіп, блок бекеттер әбден әуреге салды, шаруалар не істерін білмей басы қатты. Шын мәнінде өзіңнің кім екеніңді дәлелдей алсаң, шаруа екеніңді ресми органнан берілген куәлік растаса болды емес пе?! Жоооқ бізде, андай анықтама керек, мынандай анықтама жасайық, сайт жасайық, енді біреулер айтады, телеграм ботт жасайық деп, ақырында жағдайды барынша қиындатты. Кейін біз айтқан нұсқаны «Атамекен Кәсіпкерлер палатасы» қолдап, депутатар қолдап, Үкімет тарапынан сан түрлі басқа құжаттар қысқартылды. Тек енді алаңсыз жұмыс істеу, көктемнің шуақты күндерін тиімді пайдалану ғана қалды.
  • Қазір шаруалар карантин кезінде емін еркін жүруі үшін нақты қандай құжаттары болуы керек?
  • Шаруа қожалығына ауылшаруашылығымен айналысуға рұқсат етінде Салық Комитеті тарапынан берілген куәлік. Ол барлық шаруаларда бар. Және жеке төлқұжаты болса болғаны блок бекеттерге де, сыртта кездескен басқа учаскелік полиция қызметкерлеріне де көрсетіп жүре беруіне болады. Оның алдында осы мәселе үшін шаруалар әкімдіктерде төбелеске дейін барды ғой.
  • Ауылшаруашылығының қазанында қайнап келе жатқан мамансыз ғой, тәжірибеңіз де аз емес. Айтыңызшы, осы біз агромемлекетке айналып, табиғи таза өніммен жан жағымызды қамтамасыз етіп, ауылшаруашылығы өнімдерімізбен кеңінен таныла аламыз ба?
  • Бір жағынан кесірі тигенімен, екінші жағынан коронавирус пандемиясы біздің қоғамды да, үкіметті де басқаша ойлауға үйретіп жатыр. Адамға ең алдымен денсаулық керек екенін, екіншіден тамақ қажет екенін түсіне бастадық. Неше жылдан бері мұнайға әбден сеніп алғанымыз соншалық, ата бабамыздың мал шаруашылығы ата кәсібі болса да, ешкім мал баққысы келмейді. Осынша кең байтақ жеріміз бола тұра, жерді күтімсіз тоздырып, егін де еккіміз келмейді. Бұл өте ұят нәрсе. Ауылшаруашылығы өнімдерін тасымалдауға ыңғайлы теңізге шығатын жол жоқ деген де сылтаулар айтылып жатыр. Ештеңе істегісі келмейтін адамның сылтауы көп. Коронавирустан құтылған соң, осы вирусқа алғыс айтамыз. Біз осы короновирустың арқасында ауылшаруашылығына көңіл бөліп, мұнайға сеніп отыра бермей қолда бар басқа дүниелерімізге де көңіл бөлуіміз керек екенін түсіне бастадық. Үкіметтің де, қоғамның да көзі ашылды. Бьюти блоггер, той, әнші дегеннің бәрі уақытша, бізді асырайтын ауыл шаруашылығы екенін кеш те болса түсініп жатырмыз. Өмірде аса маңызды сала екенін ұғынғандықтан төтенше жағдай кезінде де ауылшаруашылығына мамандарының аяғына тұсау салынбады. Сондықтан жастар да егін егуге, бос жатқан жерлерді игеруге, мал бағуға, құс өсіруге, өзіміздің ауылшаруашылығы өнімдерін тұтынуға ден қоя бастайды деген үмітім зор. Қазір вирустың салдарынан шекараны әзір ашпай қоя тұру маңызды екені айтылуда. Шекара жабылса, өзіміздің Отандық өнімді тұтынуға бет бұрамыз. Сұраныс бар жерде, шаруалар тарапынан да бәсекелестік, ұсыныс тоқтамайтыны анық. Қазақтың шаруасы деген ұғымның жандануына коронавирус ықпал етті. Денсаулық пен ішер асымыз бар болса қалғаны бос нәрсе екеніне көзіміз жетіп келеді. Президентіміз Қасым Жомарт Тоқаевтың да осындай кезеңде ауылшаруашылығы саласын дамыту үшін қосымша 600 млрд қаржыны неселеу үшін бөлуі де саланы дамытуға ықпал етеді деген ойдамын. Бұл қаржы әлі жететін жеріне жеткен жоқ. Бірақ ауылшаруашылығы саласын дамытуды көздейтін, қолынан іс келетін шаруалар осы қаржыны асыға күтіп отыр. Жолдан қолды болмай, әлдекімдердің құлқынына түсіп кетпей жетер жеріне жетсе салада талай іс бітер еді. Шынымен келешекте шекараны ашу, басқа елден азық-түлік жеткізу мәселеге айналған тұста ауылшаруашылығы саласына көңіл бөліп, Отандық өнімге бет бұрудың маңызы зор. Қаржы бөлуін бөлді, енді сол қаржының нағыз қолынан іс келетін шаруаны тауып баруының тетігін қарастырса тіпті дұрыс болар еді.
  • Кеңес Одағы кезінде елімізде «миллионер» ауылдар болғаны, олардың миллиондап өнім өндіріп, табыс табудан сайысқа түскені, ауылдың қаланы ғана емес жалпы елдің экономикасының қайнар көзі болғаны рас. Бүгінгі күні ауылдарымызға жан бітіріп, саланы ғана емес, ауылдарымызды көркейтуге, жұмыс көздерін ашуға не кедергі?
  • Дәл қазір ел дамуы үшін ауылшаруашылығын көркейтуден басқа жол жоқ. Осыны түсінсек болғаны. Мұнай да таусылады, тау-кен өндірісі де уақытша. Маған мұнайдың құлағын ұстап тұрған басшылар, әкімдер, мемлекеттік қызметкерлер жиі хабарласады. Олар ауылға қайтқысы келеді, ауылшаруашылығымен айналысқысы келеді. Неден бастауға болады, төрт түліктің ішінде не өсірген тиімді, егін егу үшін не керек, ет күн өткен сайын қымбаттап барады, шекара асып келетін азық-түлік өнімдерінің сапасы күмәнді деген сұрақтарын қояды. Демек Отандық ауылшаруашылығын дамыту арқылы пайдаға да кенеліп, шетелге шығару арқылы да елге көмегін тигізуге болатынын түсінетін азаматтардың қарасы көбейіп келеді. Сол азаматтарға көмек берсек, ауыл шаруашылығы саласы дөңгеленіп жүре берер еді. Ауылды бос қалдыруға болмайды. Ауылдағылардың қалаға ағылуының зардабын біраз тарттық. Енді ауылға жағдай жасап, инфрақұрылымын дамытып, жоғары жиілікті ғаламтор апарсақ ауылдарымыз көркейер еді. 2700-ге жуық ауылдарымыз бар, соның 1200-дейі ғана ауылдар, қалғаны солардың құрамындағы ауылдық округтер. Соларды ірілендіріп, әр ауылға айналысуыға ауылшаруашылығының әр түрін бөліп беріп, әрі қарай дамытуларына жағдай жасап беруіміз керек. Ауылдарды дамыту, ауылшаруашылығын жолға қоюға тырысуымыз керек. Жалпы ауылшаруашылығына несие бөліп, қаржы құйса талай ел ауылға ағылар еді. Маған осыны айтып хабарласатын азаматтар өте көп. Соған қуанамын. Ауылды бос қалдыру біздің ең үлкен қателігіміз болды. Енді ауылға халықты тартудың жолдарын қарастыруымыз керек.
  • Аға сонда бұрын ауылшаруашылығына осы уақытқа дейін көп қаржы құйылмады ма?
  • Басқа елдермен салыстырғанда өте аз бөлінді. Дамып кеткен талай елде ірі қалалардың маңайында, ауыл деуден гөрі қалашық деуге келетін ауылдарында ауылшаруашылығының түр түрі дамып жатыр. Бізде қойшы десе шалғай бір ауылда, инфрақұрылымы жоқ, ғаламторы жоқ, өркениеттің игілігінен ада бір айдаладағы жалғыз үй елестейді. Ал дамыған елдерде мал шаруашылығымен айналысатын фермерлердің жанына қажетті дүниенің бәрі қасында бар. Ғаламторы да, айналысып жатқан өнімін сол ауылдан келіп алып кететін өндіріс орындары да, мемлекеттің қамқорлығы да бар. Ыстық суы мен суық суы да қолжетімді, ұялы телефонмен-ақ талай тірлігін бітіріп, шаруашылығын да дөңгелетіп отыр. Франклин Рузвельттің бір сөзі бар: «егер фермер бүгін құритын болса, мемлекет ертең күйрейді» деген. Яғни ел ауылшаруашылығы арқылы дамып, ауылшаруашылығы елді асырайтынына олардың көзі жеткендіктен, олар ұдайы ауылшаруашылығын қолдап отырды. Біз сол Рузвельт айтқандай құрдымға жетіп қалып едік. Коронавирустың арқасында ауылшаруашылығына қайта көңіл бөле бастадық.
  • Бір кездері мал шаруашылығына көңіл бөлеміз, мал басын асылдандырамыз деп, сиырды ұшақпен шетелден тасыған күндеріміз де болды. Осы бір әрекетіміз өзін өзі ақтады ма?
  • Мен қой өсіру шаруашылығымен айналысатын болғандықтан қойдың жайын жақсы білемін. Қазақстанда бір кездері 36 миллон қой болған. 16 миллион халыққа 36 млн қой деген жақсы көрсеткіш. Ал қазір 18 миллион қазаққа 18 млн қой ғана қалды. Тәуелсіздік алған соң мал шаруашылығын дамытып, мал өсімін жолға қоюдың орнына, әлсіретіп алдық. Біздің барымыз, күшіміз мал шаруашылығы екенін түсінетін кез жетті. Сол кездерде бөлінген қаржыны қолы жеткен азғантай шаруа ғана бөліп алған. Сондықтан шетелден бұқа тасу жобасы өзін өзі ақтады деп айта алмаймын. Сол кездерде қолынан іс келетін, желдің өтінде, күннің көзінде жүрген, шаруаның жайын білетін, ауылшаруашылығын дамытамыз деп жүгіріп жүрген шаруалар несиеден құр қалған. Осы орайда айта кетер жайт, Президент бюджеттен шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 70 миллиард теңге бөлінетінін айтты және несиенің өсімі 5%-тен аспауын тапсырды. Осы ақшаның шаруаның қолына шашауы шықпай, дер кезінде жетуінің механизмі жасалуы керек. «ҚазАгро» холдингі арқылы берілетін осы несиенің оңай механизмі жасалса екен. Және ол ашық, айқын болсын. Қазір карантин кезінде онлайн жұмыс істеу форматына көшіп жатырмыз ғой.  Үкімет осы онлайн форматты агроөнеркәсіпке толықтай енгізіп, ауылдағы шаруа мемлекет беріп отырған жеңілдік қаржыны ешқандай делдалсыз, оңай әрі жылдам алатындай механизмі жасалуы тиіс. Сонда ғана ол бөлінген қаржы өзінің көздеген мақсатына жетеді.
  • Шекараны жапсақ аш-жалаңаш қалатындай қорқатынымыз рас. Шетелдің азық-түлігінен толықтай бас тартуға мүмкіндігіміз бар ма?
  • Ауыл шаруашылығына ден қойсақ шетелдік өнімнен бас тартпақ түгілі, шетелге экспортқа өнім шығаратындай шамамыз бар. Халқымызды тоқ қылып, 5-6 айлық қор жинап алып, сыртқа шығару мүмкіндігімізді саралап іске кірісуіміз керек. Сырттан кіретін өнімді салықтан да босатып барынша халқымызды өзгелер тамақтандырғанға иек артып алдық. Нәтижесінде отандық өнім өндірісін қолдан тұншықтырдық. Өз басым өз елімізде өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз ететіндей толық мүмкіндігіміз бар деп айта аламын. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, азық-түлік өндірісі Қазақстанның өз халқын қамтамасыз етуге және сыртқа сатып пайда табуға зор мүмкіндік беретін сала. Бұрынғыдай шикізат сату, мұнайдың ақшасын малдану деген енді болмайтын іс.
  • Жақында оңтүстіктің шаруалары өнімдерін тарату мәселесіне алаңдап үндеу жариялап жатты. Қанша жерден шаруалар мен дихандарға тиімді жағдай жасау туралы айтылып жатқанымен төтенше жағдай қолбайлау болып тұрған істер аз емес секілді.
  • Дұрыс айтасыз, ауылшаруашылығын жүргізу дән себу, тыңайтқыш жеткізу, шыққан өнімін тарату, малдың өнімін игеру, малды адалдап сою, етті жетер жеріне барлық нормаларды сақтай отырып жеткізу секілді кешенді көптеген істерден тұрады. Бұл қазір менің аузыма іліккендері ғана. Яғни блок бекеттен кедергісіз өтуден басқа да шаруалардың қыруар мәселесі бар. Логистикалық компаниялар қазір жүкті ары беру тасымалдай алмай отыр. Мәселен үлкен жүк көліктері Өскеменге барарда пияз алып баратын да, қайтар жолында ағаш тиеп келетін. Ал қазір азық-түлік тасымалдап апарғанымен қайтар жолда тиеп қайтатын жүгі жоқ. Өйткені «жасыл дәліз» арқылы тек азық-түлікке ғана рұқсат. Жолда тоқтайды, тоқтаған соң тамақ ішетін жерлері де жабық. Каратиннің әсері бұл салаға өте ауыр тиіп жатыр. Тек әзірге вирустан құтылсақ болды деп көп нәрсеге көз жұма қарауға тырысып жатырмыз.
  • Әлеуметтік желіде парақшаңыздың басына «әр қазақ бай болсын» деп жазып қойыпсыз. Видеоүндеулеріңізде де әр сөзіңіздің соңын осы тілекпен бітіреді екенсіз. Әр қазақ бай болуы үшін не істеуіміз керек?
  • Мал бағуымыз керек. Ауылшаруашылығымен айналысуымыз керек. Ата бабамызша мал бағу емес. Заманға ыңғайлап, ауыл шаруашылығымен айналысу кезінде заман ағымына ілесіп отыруымыз керек. Мал бағу деген атқа мініп, ат арбамен көшіп қонып жүру емес. Немесе айдалаға барып, өркениет көшінен бас тартып, малдың бейнетіне сүңгіп кету емес. Шаруалар мен дихандарымыз заманауи болуы керек. Қойшының, малшының мәртебесін өсіруіміз керек. Оларға білім беруіміз керек. Еуропаның, Американың, Австралияның малшысы таңертең асықпай тұрып, кофесін ішіп, баласын сабағына апарып келіп, малдың жағдайын бір аңдап қойып, сосын қайтадан өз қалауымен өмір сүре береді. Мал бағу ісі жеңілдетілген. Ал қазақтың қойшысы таңғы 4-тен тұрып, малдың ізінде жүреді. Монша жоқ, ғаламторы жоқ, жарығы жоқ айдалада тұрады. Сондықтан қазақта малшы жоқ, малмен айналысқысы келетін жастар жоқ. Еуропадағы технологияны алып келіп, мал бағудың заманауи әдісін таңдауымыз керек. Электро чип бар, дрон бар, заманауи жетістіктер ғой неге паайдаланбаймыз?! Австралияда тұратын бір әріптесім бар Филип деген. Қазақтың 20 қойшысы жабылып бағатын 10 мың қойды әлгі әріптесімнің бір көмекшісі бір өзі бағып отыр. Малшыларымызды оқытып, малды бағуды жеңілдететін заманауи құрылғыларды алып берсек қойшының өмірі көк бейнеттен тұрмас еді. Дихандарға да білім мен заманауи қондырғыларды алып беруіміз керек. Сонда ауылшаруашылығы қиын деп ешкім қашпайды. Әлемде дихандардың ауылшаруашылығы техникаларын ауыстыру көрсеткіші жылына 15-17 пайыз. Ал бізде 6 пайыз. Мұндай көрсеткішпен қалай біз көп өнім аламыз?! Бізге алып келетін техникаларға қосымша құн салығын ап тастау керек.   Кедендік салықтан да босату керек. Сонда диханның қолындағы техникасын уақытылы жаңартуына мүмкіндік туады. Ауылдағы маңдайалды диханның пайдаланып жүргені, Еуропаның шаруасы бағыда бас тартхан техника. Жүргенінен тұрғаны көп. Дихан балғамен ұрғылап жүріп, әзер жүргізетін техника. Еуропаның тракторы түгілі, Қытайдың заманауи техникасына қол жеткізе алмай отырмыз. Сондықтан ешкім дихан болғысы келмейді. Енді бір шешілуі тиіс мәселе осы деп білемін.

Қалдыбай ДҮЙСЕМБАЕВ

Нашар | ПлохоОнша емес | Так себеБолады | НормальноЖақсы | ХорошоКеремет | Отлично МАТЕРИАЛДЫ БАҒАЛАҢЫЗ | ОЦЕНИТЕ МАТЕРИАЛ

Загрузка...

Комментарий