Құқық | Право

Соттасатын кез емес

Әлем халқының басты міндеті коронавирустың кең таралып кетпеуіне ықпал ету. Бүгінде медицинасы дамыған өркениетті елдердің өзі қатерлі індеттен зардап шегуде.

Соған орай бұл елдер қаржылық дағдарысқа әкелетініне қарамастан төтенше жағдай жариялап, халықтың қауіпсіздігін сақтауға барын салып отыр. Ал мемлекет үшін елдің басты қазынасы – адам, оның құқығы мен бостандығы екені белгілі. Қазақстанда да азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдік берілген. Сонымен бірге, халықтың бейбіт өмірін, жайлы тұрмысын қамтамасыз ету де мемлекеттің міндеті.

Коронавирусқа қарсы тұру шаралары біздің елімізде де жолға қойылған. Ең алдымен індет жұқтырғандар санын азайту мақсатында елімізде төтенше жағдай енгізіліп, карантин жарияланды. Көптеген жұмыс орындары қызметті қашықтан жүргізуге, сот отырыстарын онлайн қарауға кірісті. Қазақстандық сотта электрондық технология жетістіктері бұрыннан қолданылатындықтан, онлайн жұмыс аса қиындық тудырды дей алмаймыз. Бұдан бөлек, әрбір соттың жеке сайты, әлеуметтік желілерде парақшалары болғандықтан сотқа қатысты ақпараттар азаматтарға дер кезінде жетіп отырды. Оқырмандар сот мамандары мен судьялардан бөлек, сот төрағаларының да әлеуметтік желіде белсенді екенін байқаған болар. Карантин кезінде онлайн диалог құрған соттар ортақ мәселелерді шешуге, пікірін айтып, ұсынысын жолдауға, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Әрбір сот бүгінде бейнеконференц байланысты пайдаланып онлайн сот отырыстарын өткізіп жатыр. Дегенмен, соттарда бір мезетте бірнеше істің қаралуы техникалық ақаулардың орын алуына әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан, дәл осындай сындарлы сәтте азаматтар соттасуды емес, татуласуды, айналасына кешіріммен қарауды үйренсе екен дейміз.

Әйгерім Рахымжанова,
Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының бас маманы

Комментарий